Қазақстан Республикасындағы сот саласының рөлі мен даму бағыттары
Сот саласы – құқықтық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі болып табылады. Сот билігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, заңның үстемдігін орнатуда шешуші рөл атқарады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сот билігі тәуелсіз және ол азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және өзге де істерді әділ әрі заңды қарауға бағытталған.
Қазіргі таңда сот жүйесінің тиімділігі мен әділдігі қоғамның мемлекетке деген сенімін қалыптастыратын басты факторлардың бірі болып саналады. Осыған байланысты, сот саласын жетілдіру, судьялар корпусының кәсібилігін арттыру және сот төрелігінің сапасын жақсарту мемлекеттің басым бағыттарының қатарында.
Сот жүйесінің негізгі міндеттері
Сот жүйесінің басты міндеті – заңдылықты сақтау мен әділ сот төрелігін жүзеге асыру. Соттар азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Соттардың негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
- Конституция мен заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету;
- азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
- заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету;
- дауларды әділ, бейтарап және уақтылы шешу;
- құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу.
Сот жүйесі арқылы қабылданатын әрбір шешім заң талаптарына сәйкес болуы және әділдік қағидатына негізделуі тиіс. Бұл қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Судьялардың мәртебесі мен жауапкершілігі
Судья – сот билігінің негізгі өкілі. Судьялардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңдармен кепілдендірілген. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде қандай да бір ықпалға немесе қысымға жол бермеуі тиіс.
Судьялардың кәсіби қызметі жоғары жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Судьяның бойында:
- жоғары құқықтық білім;
- кәсіби тәжірибе;
- адалдық пен әділдік;
- қызметтік әдепті сақтау;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты ұстаным
болуы міндетті.
Сонымен қатар, судьялардың қызметтік тәртібі мен этикалық мінез-құлқы қоғам тарапынан ерекше бақылауда болады. Судьялардың әрбір әрекеті мен қабылдаған шешімі сот билігінің беделіне тікелей әсер етеді.
Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы: А.А.Граф
[xfvalue_img]
