Сот жүйесі
Сот жүйесі — түрлі деңгейдегі соттардың жиынтығы. Бұл материалдық және процессуалдық заңнамада белгіленген қатаң тәртіппен жұмыс істейтін жүйе болып табылады.
Сот билігі – кез келген демократиялық, құқықтық мемлекеттің маңызды тармағы. Ол заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Қазақстан Республикасының Конституциясында сот билігіне айрықша мән беріліп, оның дербестігі мен тәуелсіздігі нақты бекітілген. Бұл – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде даму жолында қабылдаған негізгі қағидаттарының бірі.
Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі үш буыннан тұрады: бірінші сатыдағы соттар (аудандық, қалалық және оларға теңестірілген соттар), екінші саты – апелляциялық соттар (облыстық, қалалық және өңірлік соттар), үшінші саты – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты.
Сот жүйесінің негізгі қызметтері:
- Конституция мен заңдар шеңберінде құқық қорғау;
- Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және өзге де істер бойынша әділ шешім шығару;
- Азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау;
- Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету.
Сот процесінде тараптардың теңдігі, жариялылық, айғақтардың заңды жолмен жиналуы, заңды күшіне енген шешімдердің орындалуы – әділетті сот төрелігінің негізгі қағидаттары болып табылады.
Цифрландыру да сот саласындағы басты өзгерістердің бірі. Электрондық сот жүйесі (Төрелік), бейнебайланыс арқылы тыңдалымдар өткізу, онлайн құжат қабылдау сот процесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырды. Бұл азаматтардың уақыты мен ресурсын үнемдеуге, сонымен қатар бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік берді.
Қоғамның сот жүйесіне деген сенімі – құқықтық мемлекеттің тірегі. Соттың әділ шешім шығарып, тараптарға тең көзқарас танытуы, азаматтардың құқығын тиімді қорғауы бұл сенімді қалыптастырады. Қазіргі кезде қоғамда "Сот – соңғы инстанция, әділдік пен шындықтың орны" деген түсінік орнығып келеді.
Сот жүйесі – мемлекеттің заң алдындағы жауапкершілігі мен азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Сондықтан Қазақстанда сот реформаларын жалғастыру, сот төрелігін жетілдіру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттері болып қала береді.
Қорытындылай келе, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен әділеттілігі – әр азаматтың құқығын қорғаудың басты шарты. Біздің міндетіміз – осы жүйеге қолдау көрсету, заңды құрметтеу және құқықтық мәдениетті дамыту.
Қасымхан Ж. А.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты әкімшісінің сот приставы
[xfvalue_img]