Қораптағы қауіп: зиянды бағдарламалар алдын ала орнатылған Android құрылғыларының саны екі еседен астам өсті
«Касперский зертханасы» зиянды бағдарламалар орнатылған күйде сатылымға шығатын Android құрылғыларының саны артып келе жатқанын ескертті
«Касперский зертханасының» Қауіптерді зерттеу орталығының (Kaspersky Threat Research) сарапшылары зиянды бағдарламалар алдын ала орнатылған Android құрылғыларының саны күрт өскенін тіркеп отыр. 2025 жылғы қарашадан 2026 жылғы қазанға дейін компанияның қорғаныс шешімдері осындай қауіптерді анықтаған құрылғылардың ай сайынғы саны екі еседен астам өсті. 2026 жылдың алғашқы он айында анықталған жұқтыру жағдайларының басым бөлігі (88%) трояндық бағдарламалардың екі тобына – Triada* және Keenadu** бағдарламаларына тиесілі болды. Осы кезеңде Keenadu бағдарламасының өзі 220 мыңнан астам құрылғыдан анықталды.
Құрылғыға зиянды бағдарлама қалай енеді. Зиянды бағдарламалар құрылғыларға сатылымға шықпай тұрып, жабдықты өндіру мен бағдарламалық жасақтаманы құрастырудың әртүрлі кезеңдерінде енуі мүмкін. Сарапшылар негізгі үш сценарийді атап отыр. Біріншісі – өндірушілер арзан немесе контрафактілік құрылғыларға жасырын қол жеткізу құралдарын (бэкдорларды) әдейі енгізеді. Екіншісі – өндірушілер сенімсіз мердігерлерден қауіпсіздігі бұзылған микробағдарлама нұсқаларын алады. Үшіншісі – адал өндірушілер микробағдарламаларды құрастыру кезінде ашық бастапқы коды бар зақымдалған компоненттерді немесе басқа әзірлеушілердің кодын пайдаланып, олардың қауіпсіздігі бұзылғанын білмей қалады.
Кіріктірілген зиянды бағдарламалардың мүмкіндіктері. Triada және Keenadu модульдік құрылымға ие. Бұл қосымша зиянды компоненттерді жүктеу арқылы олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Triada жүйелік деңгейдегі арнайы құқықтарға ие. Ол операциялық жүйенің негізгі процестеріне еніп, жүйелік және пайдаланушы орнатқан қолданбалардың жедел жадына зиянды модульдерді тікелей енгізе алады. Бұл қаскөйлерге SMS-хабарламалар мен қоңырауларды ұстап қалуға, сондай-ақ тіркелгі деректерін ұрлауға мүмкіндік береді.
Keenadu да құрылғыда түрлі әрекеттерді орындай алады: басу санын жасанды түрде көбейтуден бастап деректерді алуға дейін. Сонымен қатар зиянды бағдарлама кейінірек іске қосылу механизмін қолдана алады. Зиянды әрекеттер қаскөйлердің басқару серверіне алғаш рет жүгінгеннен кейін шамамен 2,5 ай өткен соң басталуы мүмкін. Осылайша қауіп құрылғыны пайдалана бастағаннан бірнеше ай өткен соң ғана байқалуы ықтимал. Микробағдарламаға енгізілген зиянды бағдарламаны стандартты құралдармен жою мүмкін емес.
Қауіп тек смартфондарға қатысты емес. Алдын ала орнатылған зиянды бағдарламалар Android жүйесімен жұмыс істейтін басқа құрылғылардан да анықталады. Мұндай қауіптерге Dwphon, Vo1d және BADBOX жатады. Мысалы, сарапшылар Dwphon бағдарламасын балалардың ақылды сағаттарынан, ал Vo1d бағдарламасын теледидар приставкаларынан анықтаған. Мұндай құрылғыларда алдын ала орнатылған зиянды бағдарламалардың болуы деректердің сақталуына, пайдаланушылардың жеке өмірінің құпиялылығына және корпоративтік инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
«Зиянды бағдарлама құрылғының микробағдарламасына енгізілсе, жабдық өндірушілері мен компаниялардың IT-қызметтері арасындағы сенім жүйесі бұзылады. Қауіпсіздігі бұзылған микробағдарлама қаскөйлерге ішкі корпоративтік желілерге қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл құпия деректердің таралуына, құрылғылардың DDoS-шабуылдарға қатысуына, жұмыс процестерінің бұзылуына және компания беделіне елеулі нұқсан келуіне әкелуі ықтимал. Ұйымдар жаңадан сатып алынған құрылғыларды енді бірден қауіпсіз деп есептей алмайды. Қаскөйлер жеткізу тізбектеріне барған сайын жиі шабуыл жасап жатқандықтан, мобильді қауіпсіздік стратегияларын өзгерту қажет. Зиянды бағдарлама жұққаннан кейін әрекет етудің орнына микробағдарламаларды алдын ала тексеруге және мобильді құрылғыларды нөлдік сенім қағидаты негізінде басқаруға көшу керек», – дейді «Касперский зертханасының» қауіптерді мониторингтеу және эвристикалық анықтау бөлімінің басшысы Денис Паринов.
Зерттеу нәтижелері туралы толығырақ Securelist.com сайтынан білуге болады.
Алдын ала орнатылған зиянды бағдарламаларға байланысты қауіптерді азайту үшін «Касперский зертханасы» мынадай кеңес береді:
- Құрылғыларды тек ресми дистрибьюторлардан және уәкілетті сатушылардан сатып алыңыз. Бұл қауіпсіздігі бұзылған микробағдарламасы бар құрылғыны сатып алу ықтималдығын едәуір азайтады.
- Құрылғыны сатып алғаннан кейін бірден тиімділігі тәуелсіз сынақтармен расталған қорғаныс шешімін, мысалы, Kaspersky Premium бағдарламасын орнатыңыз.
- Қолданбаларды бейресми дереккөздерден орнатпаңыз. Операциялық жүйе мен қолданбаларды соңғы нұсқаларына дейін үнемі жаңартып отырыңыз.
- Корпоративтік құрылғыларды қорғау үшін Kaspersky EDR Expert шешімін пайдаланыңыз. Ол мобильді құрылғыларды басқару (MDM) функцияларын нақты уақыт режимінде антивирустық тексерумен біріктіреді.
- Жабдық өндірушілері мен микробағдарлама әзірлеушілері арнайы құралдардың, мысалы, Kaspersky Scan Engine серверлік шешімінің көмегімен микробағдарламаларға аудит жүргізуі қажет.
* Triada – Android жүйесіне арналған модульдік трояндық бағдарламалар тобы. Оны «Касперский зертханасы» алғаш рет 2016 жылы анықтаған.
** Keenadu – Android жүйесіне арналған зиянды бағдарлама. Оны «Касперский зертханасы» 2025 жылы анықтаған.
[xfvalue_img]
