Сот жүйесіндегі заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасында сот билігі – құқықтық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі. Сот жүйесінің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту.
Соттар өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады. Сот төрелігін іске асыру барысында судьялар тәуелсіз болып табылады және тек заңға ғана бағынады. Бұл қағида сот шешімдерінің әділ әрі объективті қабылдануына кепілдік береді.
Сот әкімшілігі органдары соттардың қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және кадрлық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Олардың негізгі міндеті – сот төрелігін тиімді жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасау, сот отырыстарының уақытылы және кедергісіз өтуін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда сот жүйесінде цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Электрондық сот ісін жүргізу, онлайн сот отырыстары, «Сот кабинеті» сервисі азаматтардың сотқа жүгінуін жеңілдетіп, уақыт пен қаржы шығындарын азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде сот жүйесіне деген халықтың сенімін арттыруға ықпал етеді.
Сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігі – құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру арқылы сот билігі қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуді жалғастыра береді.
Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы А.Каиров
[xfvalue_img]
