Еңбекпен келген құрмет
Бәйтерек аудандық сотының әкімшісінде ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандардың бірі – бас маман - сот отырысының хатшысы Гүлжан Ситкалиевна Джумалиева.
Гүлжан Ситкалиевна 1977 жылғы 5 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданының ҚазССР-дің 40 жылдық совхозында дүниеге келген. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 1998 жылғы 22 маусымда бастап, содан бері бір мекемеде табанды қызмет атқарып келеді. Оның көп жылғы еңбегі кәсібилікпен, жауапкершілікпен және өз ісіне деген адалдықпен ерекшеленеді.
Сот отырысының хатшысы қызметі – мұқияттылықты, жоғары жауапкершілікті және заң талаптарын жетік білуді қажет ететін маңызды мамандық. Осы жылдар ішінде Гүлжан Ситкалиевна сот ісін жүргізу саласында мол тәжірибе жинақтап, әріптестерінің құрметіне ие болды. Ол сот отырыстарының ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп қана қоймай, құжаттардың заң талаптарына сәйкес рәсімделуіне де ерекше мән береді.
Көп жылғы мінсіз қызметі мен кәсіби шеберлігі үшін Гүлжан Ситкалиевна Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің және аудан әкімінің түрлі Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды. Бұл марапаттар оның қызметіне деген жауапкершілігі мен еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді. 2016 жылғы ҚР Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығына сәйкес «ҚР-ның Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттаған, ал 2024 жылы мемлекеттік қызмет пен сот жүйесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – оның кәсібіне деген адалдығы мен жоғары біліктілігінің айқын дәлелі.
Қызметте талапшыл әрі жинақы маман ретінде танылған Гүлжан Ситкалиевна отбасында да аяулы ана. Ол жолдасымен бірге бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп, олардың бойына еңбекқорлық, адамгершілік және білімге құштарлық қасиеттерін сіңіріп келеді.
Ұжымда сыйлы, көпшілікке үлгі бола білген Гүлжан Ситкалиевна бүгінгі таңда да өз міндетін жоғары деңгейде атқарып, сот жүйесінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Оның еңбек жолы жас мамандар үшін кәсібіне адалдықтың, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылады.
Адал еңбек әрдайым құрметке лайық. Өз ісіне берілген Гүлжан Ситкалиевнаның көпжылдық қызмет жолы – мемлекеттік қызметшінің жоғары кәсібилігі мен азаматтық жауапкершілігінің жарқын көрінісі.
Бәйтерек аудандық соты әкімшісінің басшысы Ж.Б. Каримов
[xfvalue_img]
