Елордалық Департаментте мемлекеттік тілдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға
Мемлекеттік тіл – ұлттың айнасы, елдіктің белгісі. Осы тіліміздің дамуына бар ғұмырын арнаған жанның бірі – Гүлжан Шәмшиденқызы Мұхамедина. Ол 1970 жылдың қыркүйегінде Ақмола облысы, Ерейментау ауданына қарасты қазіргі Бестоғай ауылында дүниеге келіп, бала кезінен тіл мен әдебиетке ерекше қызығушылық танытты. Мектепті бітірген соң қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, осы салада абыройлы еңбек етті.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Гүлжан Шәмшиденқызы ішкі істер органдарындағы қызметін Астана қалалық Полиция Департаментінде мемлекеттік тілді дамыту бағытында бастады. Осы салада 23 жылдан астам уақыт бойы табысты еңбек етіп, мемлекеттік тілді жетілдіру, оның қолданыс аясын кеңейту ісіне өлшеусіз үлес қосты.
Ол қызмет барысында құжат айналымын қазақ тіліне көшіру, сала мамандарының тілдік біліктілігін арттыру, әдістемелік құралдар әзірлеу және оқыту курстарын ұйымдастыру секілді маңызды жұмыстарды жүзеге асырды. Оның бастамасымен көптеген семинарлар, конференциялар өткізіліп, мемлекеттік тілдің дамуына айтарлықтай серпін берілді. Астана қаласы Әкімдігімен ұйымдастырылған түрлі сайыстарға, соның ішінде Мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Үздік аудармашы» сайысына қатысып, 2-орынды иемденіп алды, бағалы сыйлықпен марапатталды.
Көп жылдар бойы Астана қалалық Полиция департаментінің жанында құрылған «Жігер» фольклорлық ансамблінде домбыра аспабында ойнады.
Қазіргі таңда ІІМ-нің зейнеткері отставкадағы полиция майоры Гүлжан Шәмшиденқызы қалалық Департаменттің Ақпараттық саясат бөлімінде мемлекеттік тілді дамыту бағытында жетекші маман қызметінде жұмысын жалғастыруда.
Көп жылдық тәжірибесі мен тілге деген жанашырлығы оның әріптестері мен кейінгі буын үшін үлкен үлгі. Ол өз қызметінде тек білім мен тәжірибені ғана емес, ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілігін көрсете білді.
Ол – өз ісінің нағыз маманы, әріптестері арасында зор беделге ие тұлға. Ол еңбек жолында жоғары кәсібилік танытып, мемлекеттік тілді дамыту ісінде үлкен жетістіктерге жетті. Оның еңбегі тиісті марапаттармен аталып өтіп, көптеген алғыс хаттар мен мадақтамаларға ие болды.
Қызметтегі табыстарымен қатар, Гүлжан Шәмшиденқызы – үлгілі отбасының тірегі, ардақты ана. Жұбайы да Ішкі істер органдарының зейнеткері. Бүгінде ардақты ана 2 ұл тәрбиелеп, немере сүйіп, ұрпағының қызығына бөленіп отырған жан. Ол отбасы құндылықтарын жоғары қойып, немерелеріне ұлттық тәрбие беріп, оларға мемлекеттік тілдің маңыздылығын насихаттап келеді.
Астана қаласы ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
