Тілмен өмір сүру мәдениеті қалыптасуы керек
Қазақ тілінің бүгінгі мәртебесі оңайлықпен келген жоқ. Кеңестік кезеңде тіл қоғамдық кеңістіктен ығыстырылып, көбіне тұрмыстық деңгейде ғана қолданылды. Соның салдарынан бірнеше буын өкілдері ана тілінде толыққанды білім алудан, кәсіби салада еркін қолданудан шет қалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде жаңа серпін берілді. Мемлекеттік тілдің дамуы ең алдымен қоғамдық сұранысқа байланысты. Егер тіл тек «міндет» ретінде қабылданса, ол шынайы өмірде өз орынын толық ала алмайды. Қазақ тілі заманауи, бәсекеге қабілетті, ғылым мен тенологияның, бизнес пен мәдениеттің тіліне айналғанда ғана оның мәртебесі нақты мазмұнмен толығады. Бұл ретте жастардың рөлі ерекше. Қазіргі жас буын қазақ тілін жаңа форматта – әлеуметтік желілерде, сандық платфомаларда, креативті индустрияда қолданып жүр. Бұл үрдіс мемлекеттік тілдің табиғи жолмен дамуына, заман талабына бейімделуіне жол ашады. Тілді үйрену емес, тілмен өмір сүру мәдениеті мәдениеті қалыптаса бастағаны байқалады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамыту тек қазақ тілді азаматтардың ғана міндеті емес. Қазақстан – көпэтносты мемлекет, ал мемлекеттік тіл – барша азаматты біріктіретін ортақ коммуникация құралы. Қазақ тілін меңгеру өзге этнос өкілдері үшін азаматтық интеграцияның, қоғамдық өмірге белсенді араласудың маңызды факторы болып отыр. Мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің қолданысы – қоғам назарындағы өзекті тақырыптың бірі. Халықпен тікелей жұмыс істейтін әрбір мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді жетік білуі – заң талабы ғана емес, этикалық норма. Азаматтың ана тілінде ақпарат алу, өтініш білдіру, жауап алу құқығы толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл бағытта талап күшейіп, тілдік біліктілікке қойылатын өлшемдер нақтыланып келеді. Алайда тек тексеру мен бақылауға сүйену жеткіліксіз. Мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуына қолайлы тілдік орта, әдістемелік қолдау және мотивация қажет. Мемлекеттік тілдің болашағы – оның күнделікті өмірдегі нақты қызметіне байланысты. Қазақ тілі ғылымының, жоғары технологияның, халықаралық қатынастың тіліне айналғанда ғана өзінің толық әлеуетін ашады. Бұл үшін сапалы аударма институтын дамыту, терминологияны жүйелеу, қазақ тіліндегі контенттің көлемі мен сапасын артыру маңызды.
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық соты әкімшісінің бас маманы Г.Б.Тулегенова
[xfvalue_img]
