Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғам дамуының кепілі
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақтылығына, халықтың әл-ауқатына, құқықтық тәртіпке тікелей қауіп төндіретін әлеуметтік кесел. Ол – мемлекеттік басқару сапасын төмендетіп, азаматтардың билікке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан да Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.
Мемлекетіміз осы бағытта ауқымды шаралар қабылдап келеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, арнайы агенттік жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі, декларация тапсыру жүйесі және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру сияқты бастамалар – жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған маңызды қадамдар.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, бұл – әр азаматтың жауапкершілігі. Әрбір адам адал еңбек етіп, әділдік пен заңдылық қағидаларын ұстанса, қоғамда жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Қорытындылай келе, жемқорлықпен күрес – ұлт болашағы үшін күрес. Бұл жолда мемлекет те, қоғам да бірігіп әрекет етуі қажет. Тек сонда ғана біз әділетті, дамыған және өркениетті ел құра аламыз.
Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотының
жетекші маманы Утегенова А.Т.
[xfvalue_img]

1 пікір