Ата Заң – тәуелсіздік тірегі
Ата Заң – кез келген мемлекеттің ең басты құқықтық құжаты. Қазақстан Республикасы үшін Конституция – тәуелсіздіктің берік негізі, елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция еліміздің жаңа даму кезеңінің бастауы болды.
Конституция мемлекеттің құрылымын, басқару жүйесін, билік тармақтарының бөлінісін нақтылай отырып, Қазақстанды құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде бекітті. Ата Заң – елдің барлық заңдары мен нормативтік актілерінің негізі. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Ата Заңда адам мен азаматтың өмір сүру, ар-ождан, сөз, еңбек ету, білім алу, жеке өмірге қол сұғылмау сияқты құқықтары мен бостандықтары белгіленген. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Конституцияда әрбір азаматтың заң алдында тең екені және мемлекет тарапынан қорғалатыны көрсетілген.
Ата Заң – тек қана құқықтық құжат емес, ол – ел бірлігінің, тұрақтылықтың және қоғамдық келісімнің негізі. Қазақстан – көпұлтты мемлекет, сондықтан Конституцияда барлық ұлттар мен ұлыстардың теңдігі, діни сенім бостандығы бекітілген. Бұл қоғамда татулық пен бейбітшілікті сақтауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Конституция Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын заң жүзінде бекітті. Онда мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының негіздері көрсетілген. Бұл нормалар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен ішкі тұрақтылығын нығайтады.
Қорытындылай келе, Ата Заң – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізі ғана емес, ел болашағының кепілі. Ол – халықтың еркімен қабылданған, ел бірлігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған қасиетті құжат.
Конституцияны құрметтеу – әрбір азаматтың борышы, ал оны сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының төрағасы
А.К.Мамбетказиева
[xfvalue_img]
