«Әдеп кодексі – әдептілік негізі»
Елбасы ұсынған 5 институттық реформа негізінде кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, экономикалық өсім үшін негіз болатын заң үстемдігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, индустрияландыру және әр тараптандыруға негізделген экономикалық өсімге қол жеткізу мен болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет құру қажеттігі қамтылған болатын. Бес реформа мен 100 қадам арқылы Қазақстан бұрын-соңды болмаған жетістікке жетуге талпынады.
Кәсіби мемлекеттік аппараттың құрылуы – бұл алғашқы реформа. 15 қадамнан тұрады. Мемлекеттік қызметке қабылдау барысында төменгі лауазымнан басталуы тиіс, міндетті түрде сынақ мерзімінен өтіп, сондай-ақ кандидаттарды реттеп іскерлік қасиеттер негізінде лауазым баспасымен өсуге мүмкіндік берілуі керек және қызметкердің жалақысы еңбегіне сай болғаны жөн дейді елбасы алғашқы жеті қадамда.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру тармағының 12 қадамына сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің жаңа қызметтік әдеп қағидалары бекітілді. Аталған қағидаларға сәйкес, тәртіптік кеңес, әдеп жөніндегі кеңес болып қайта құрылып, онымен тәртіптік жауапкершілігі қаралатын қызметкерлердің қатары қысқартылды.
Ал мемлекеттік қызметкердің этикасы бұл өте өзекті мәселе.
Этиканы сақтау өмірдің әр саласында әр түрлі. Күнделікті өмірдің өз этикасы, әр қызметтің өз этикасы, белгілі бір ортаның өз этикасы, әр халықтың жеке этикасы және этикет принциптері болады. Этикетті сақтау қызмет бабында өте маңызды мәнге ие болып табылады.
Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы оның этикеті басты назарды аудартады. Мемлекеттік қызметкер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен, аса үлкен дайындықпен қызмет атқаруы тиіс. Сонымен қатар адамгершілік құндылықтар, адамға деген мейірімділік, оның жанын түсіну, көмек беруге ұмтылу, әр жұмысына адал болу және т.б. адамгершілік қасиеттері – оның басты этикалық құндылықтары болып табылады. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесін мен киімінің тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу, анық әрі түсінікті, жүйелі түрде сөйлей білу – осылардың барлығы қызмет-кердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этикет жүйелеріне жатады.
Осы аталған заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерінiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылай бастады. Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталған бес бөлімнен тұрады.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Оның ішінде қызметкер сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болу тапсырылған. Сондай-ақ, еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, біреуді сын айтқаны үшін қудаламай және мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалану нақтыланған. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісіне қатысты, тіпті, есімінің аталуына жол бермеуі, қол астындағыларды кемсітпеуі және қызметкерлердің барлығына құрметпен қарауы тиіс.
Ал, ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің жеке өміріне байланысты талаптар тіпті күшейген. Сондай-ақ, оларға көрінген жерде қызметтік куәлігін алға тартып, лауазымын пайдалануға шектеу қойылып отыр.
Мемлекеттік қызметші үшін өзіне шектен тыс сенімді болу, қызмет-тестеріне, бағыныштылары мен келушілерге шыдамсыздық көрсету – үлкен қателік. Мемлекеттік қызметшінің ақиқат шыншыл болуы – оның маңызды моральдық қасиеті болып табылады. Ол екіжүзділікке, өтірік айтуға, ырғақтарды жеке мақсаты, мансабы үшін өзгеше сипатта қарауға, түсінуге қарсы. Мемлекеттік қызметшіге, өзге мамандық иелеріне қарағанда тәкаппарлық тіпті де жараспайды. Ол адамдарға қатынасындағы менмендікпен, олардың білімі мен тәжірибесін менсінбеушіліктен, өз орнын аса биік бағалаудан, қолы жеткен табысқа мастанудан, өз мүмкіндігін асыра бағалаудан көрінеді.
Мемлекеттік қызметші үнемі дүйім жұрттың назарында жүретін адам. Оның имиджі – ол мемлекет имиджінің ажырамас бөлігі. Қалалар мен аудандар әкімдерінің, ауылдық округ әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының атқарып отырған жұмыстары негізінде азаматтардың әділдік туралы пікірлері қалыптасады, олардың қарапайым адамдардың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына көңіл бөлулері бойынша мемлекеттік биліктің қауқарына баға береді. Осыдан барып, барлық жауапкершілік шаралары туындайды. Сондықтан да, мемлекеттік қызметшілер өздерінің қарапайым мінез-құлқымен, жауапкершілігімен, кәсібилігімен қоғамның мемлекеттік қызметке, жалпы мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтап, нығайтуы қажет. Кез-келген лауазым заңға қарсы әрекеттермен, менмендікпен, тәкаппарлықпен, парақорлықпен, өкілеттіктерін теріс пайдаланумен сиыспайды, мысалы қызметтік көліктерін өз мақсаттарына пайдалану. Өкінішке орай, өмірде біз осы аталған жат жайттармен жиі кездесеміз, сондықтан әр мемлекеттік қызметшінің парызы оларға сыни принциптілік көзбен қарау, ал басшылар ондайларға жол бермеу үшін жолын кесу шараларын қабылдауы қажет, бұл сөзсіз мемлекеттік қызметтің имиджін көтерері анық.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік орган басшыларының өздерінің және бағыныстыларының мемлекеттік қызмет этикасы нормаларын сақтауы үшін жауапкершілігін арттыратынын атап өту қажет.
Мемлекеттік қызметкерге жалпы қабылданған этикет сақтау өте маңызды, себебі ол тікелей адаммен жұмыс жасайды және әр түрлі адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы қызмет атқарады. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл-әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы да адамға нұқсан келтірмейтіндей қызмет ету керек. осы аталғандардың барлығын сақтау үшін этикеттің принциптерін ұстану керек.
Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!»- деп, Елбасы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың «ақ туын» абыроймен ұстауымыз қажет.
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық соты
әкімшісінің басшысы Ж.Б.Каримов
[xfvalue_img]