Заңды білу – маңызды заман талабы
Әрбір азаматтың өз құқығын жақсы білуі, қоғамда болып жатқан әрекеттердің заңға қарама-қайшылығын айыра білуі оның құқықтық сауаттылығымен тікелей байланысты. Қазіргі адамдар өз құқығын жете білмесе де, оны білуге аса қызығушылық танытпауы басты мәселелердің бірі болып табылады.
Заман ағымына сай заңдар жүйесіне де қарқынды өзгерістер енгізіліп тұрады. Адамдар да осы ағымнан қалмай, қатар жүруге үйренуі тиіс. Себебі, біздің өз құқығымыз бен заңды жетік білуімізден жауапкершілігіміз туындайды.
Әрине, барлық адамның заң баптарын жаңылмай айта алуы шарт емес. Десек те, адамның өмірі мен қызметіне қатысты құқықтық-заңдық сауаттылығының тым төмен болуы оны көптеген қиындықтармен бетпе-бет жүздестіруі мүмкін.
Адамның басқалардың құқықтарын бұзбауы, олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысына қол сұқпауы ең негізгі шарт болып табылады. Адамның қоғам мен мемлекет алдындағы міндетіне мемлекетті қорғау, салық төлеу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу жатады.
Кез келген мемлекетте барлық адам бірдей бағынуы тиіс заң болады. Сол мемлекеттің әрбір азаматы, ұлтына, нәсіліне, жынысына, қоғамдағы жағдайына, дініне қарамастан мемлекеттің қабылдаған заңына бағынуы -міндет.
Әрбір азамат өзінің құқықтық сауатсыздығынан заңды білмеуі бұл жауапкершіліктен босататын негіз болып табылмайтындығын естен шығармауы қажет. Сондықтан да, кез келген жағдайда өз-өздеріңізді қорғай алу үшін – барынша заң талаптарын сақтап, құқықтық сауаттылықты жетілдіріп отыру өз болашағыңыз үшін маңызды!
М.К.Жаскайратова
Орал қалалық сотының
бас маман – сот отырысының хатшысы
[xfvalue_img]