СОТ ПРИСТАВЫ ТУРАЛЫ
Мемлекеттің демократиялық даму жолында негізін құрайтын маңызды тармағының бірі — сот жүйесі. Сот төрелігінің сапалы жүзеге асырылуы —азаматтардың мемлекеттік құқықтық саясатқа, билікке сенім арттыруының кепілі. Өз құқықтарын қорғау мақсатымен сотқа жүгініп барған азаматты сот ғимаратында алғаш болып қарсы алатын сот приставтары. Өйткені сотқа келушілер тарапынан, сот мамандары мен басқа да тұлғаларға келуі мүмкін қауіп бетін қайтару сот приставына жүктеледі. Сотқа келген адамдарды алғаш қарсы алатын, тізімге тіркеп кіргізетін – сот приставы. Сот приставының қызметі – өте жауапты жұмыс.
Сот приставы – мемлекеттiк қызметте тұратын және соттар қызметінің белгіленген тәртібін қамтамасыз ету бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды тұлға.
Сот приставының қызметі – өте жауапты жұмыс. Сот приставы туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 шiлдедегi «Сот приставтары туралы» Заңының 7-бабында Сот приставы өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында азаматтардан сот қызметiнiң белгiленген тәртiбiн сақтауды, сондай-ақ соттың үй-жайында және сот отырысы залында құқыққа қайшы iс-әрекеттер жасауды тоқтатуды талап етеді. Өзiне берiлген құқықтарды қатаң заңға сәйкес пайдалануға және өз қызметiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге жол бермейді. Судьяларды және сот процесiне қатысатын өзге де тұлғаларды, сотқа келуден жалтарған адамдарды сот орындаушысына немесе атқарушылық iс-әрекеттер жасалатын жерге күштеп алып келудi жүзеге асырады деп көрсетілген.
Сот приставына кемінде жиырма бір жасқа толған, заңгерлік орта білімі бар, сондай-ақ денсаулық жағдайы жақсы, арнаулы тексерістен өткен Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адам тағайындала алады.
Елімізде қазіргі таңда, сот приставтары Ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің құрамына енеді және оған тікелей бағынышты. Сыбайлас-жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен олардың алдын алу бағытында іс-қимыл жасау, сот приставтарының негізгі міндеттерінің бірі.
Жергілікті және аудандық соттарының ғимаратында ішкі қауіпсіздікті нығайту мақсатында, судьялар мен сот қызметкерлерінің қызметтік бөлмелерінде, сот отырысына қатысушы тараптардың (азаматтардың) процессуалдық емес қарым-қатынаста болдырмау және сот приставтары мамандандырылған арнайы күзет қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, сот ғимаратына азаматтардың кіріп-шығу жұмыстарының ұйымдастырылуы күнделікті қатаң бақылауға алынып, жолға қойылған. Мысалы, сотқа келген тұлға сотқа кіру үшін сот қызметкерімен немесе сот приставымен ілесіп жүруі арқылы кіре алады.
Сот ғимаратында азаматтар тарапынан соттың шешімдеріне, үкіміне келіспей дөрекілік танытып, қоғамдық əдепке сай емес əрекет жасап, айқай-шу шығаратын азаматтар, сотқа құрметтемеушілік танытады. Осы азаматтарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 653 бабында жауапқа тарту көзделген. Аталған бапта көрсетілгендей, сот приставы құқық бұзушы азаматқа қатысты хаттама толтыруға құқылы.
Сотта әділдік жүзеге асып, тәртіп пен адамгершілік нормаларын аттамай, құқықтық жүйенің қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі. Ал сот приставы белгіленген құқықтар мен міндеттеріне осы игі істе сай өз септігін тигізеді.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
сот приставы М.Е.Қадыров
[xfvalue_img]