Мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізу
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізу маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1, 2) тармағына сәйкес, ҚР мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Мемлекетіміздің қалыптасуының бастапқы кезеңінде мемлекеттік тілдің нақты даму стратегиясы мен даму перспективалары белгіленді.
Бүгінгі қазақ қоғамындағы ресми жағдай мемлекеттік тілді қолданудың нормалары мен ережелерін заңға сәйкес сақтауды талап етеді. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл барлық салада қолданылады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына сәйкес қазіргі таңда сотта іс қағаздарын жүргізу кезінде мемлекеттік тілді қолдану бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Соттар, мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы құжат айналымы мен хат алмасу мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бұл ретте соттар мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға үлкен көңіл бөліп, көптеген шараларды қолға алуда.
Сондай-ақ, аталған Заңда мемлекеттiк тiл мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында әрекет ететiн мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс жүргiзу тiлi болып табылады. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті.
Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді толық дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін барлық қажетті ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.
Сот ісін жүргізудегі тіл туралы ережелер азаматтық процестік кодекспен, қылмыстық процестік кодекспен, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерімен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен реттеледі.
Осылайша, тіл туралы ережелер заңмен бекітілген және тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.
ҚР Азаматтық процестік кодексінің 14-бабына сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
Соңғы кездері сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп келеді, тек мемлекеттік органдар ғана емес, жеке тұлғалардың да сотқа мемлекеттік тілде жүгінуі артып келеді. Бұл тұрғыда азаматтарының тілдік қоры дамып, қазақ тілінің ауыз-екі сөйлеу стилімен қатар ресми стилінде дамуына көп ықпалы тиеді.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1045 қаулысымен ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, оның мақсаты мемлекеттік тілді дамытудың басымдылығына негізделген қазақ тілінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады.
Дегенмен мемлекеттік тілдің сот өндірісінде қолданылуы әлі де жоғары деңгейде емес, бұған мемлекеттік органдардың қызметкерлері, адвокаттар мен заң консультанттарының қазақ тілін меңгеру деңгейі де әсер етеді.
Сонымен қатар сот отырысы барысында азаматтар іс материалдары бастапқыда жинақталған орыс тілінде өз ойын жеткізе алмай жатады. Осыған байланысты сотқа мемлекеттік тілде түсетін істер мен оларға қойылатын талаптарға, сөздік қордың ерекшеліктеріне және жеке тұлғалардың арыздары мен өтініштерін мемлекеттік тілде қабылдауға, сонымен қатар іске қатысушы, сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін тұлғаларға сапалы аударманы қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.
Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу, құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу сапасын арттыру – үлкен жауапкершілік.
Сот жүйесінің мамандары қазақ тілін дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, ана тілін сақтап, дамытуға күш салуы маңызды. ҚР әрбір азаматы қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін танытса, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуына жауапты болса, өзі тұратын елдің тілінде сөйлеп, жиі мақала жазып, оның мәртебесін көтеруге өз үлесін қосса, мемлекеттік тілдің болашағы көркейетіні сөзсіз.
Ғалия Тюлебекова
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы
[xfvalue_img]