Заңсыз такси тиылмай тұр
Қазіргі таңда жол апаты елдің қай өңірінде де жиілеп тұр. Оған себеп те көп. Соның бірі заңсыз таксилер мен тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі. Көлік саны көбейген сайын, жүргізушінің де саны артатыны ақиқат. Облыс орталығына барар болсаңыз такси қызметіне жүгінеміз, олардың дені заңсыз қызмет жасап, нәпақасын тауып жүргендер. Жеке кәсіпкер ретінде еш жерде тіркелмеген, арнайы сақтандыру полисі жоқтар да толып жүр. Ешкім еріккеннен жүрмеген шығар, десек те көлік басқарған тұлға өз басын қатерге тігумен бірге, жолаушылардың да өмірі үшін жауапты екенін ұмытпағаны жөн.
Жыл басынан бері Жаңақала аудандық соты есепте кезең ішінде 17 азаматты заңсыз такси қызметімен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 23-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, қандастар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар, мемлекеттік кәсіпорындар кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке тұлға осы Кодексте көзделген тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеледі.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабы және 3-қосымшасына сәйкес, жеке тұлға такси тасымалдаушысы ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны мемлекеттік органға жіберуге міндетті.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігінде тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігінде санкциясында жеке тұлғалар үшін көзделген әкімшілік құқық бұзушылық орын алған кезеңдегі 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза қолданылады.
А.Ізбанова, Жаңақала аудандық сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысы.
[xfvalue_img]