ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ
Атадан балаға мирас болып, ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан киелі Ана тіліміздің өмір сүру, даму үдерісінде түрлі белестер мен қырқалардан асуы, қалтарыс-бұлтарыстары мен биікке өрлеу және шыңнан төмен құлдырауы аз болмады. Әр дәуірде шапқыншылыққа ұшырап, басқыншы елдердің рухани қысымының салдарынан тіліміз шұбарланып, шапқыншы елдің тілдік бірліктерінің енуі арқылы тілдік қордағы кірме сөздердің көбеюі орын алса да, тіліміз шалажансар күй кешсе де, қайта тіріліп, қайта жанданып, өзге тілден енген сөздерді жұтып, өзіміздің тілдік құрамға жымын білдірмей қосып алып жатты. Елімізбен бірге тіліміз де ғасырлар тоғысында сан тауқыметті тартса да, дәл бүгінгідей тынысы тарылып, тығырыққа тірелмеген шығар, сірә! Олай дейтін себебіміз, өткен ғасырларда алып империяның құрамында болып, орыс халқын аға тұтып, орыс тілін дараладық. Ал, ана тіліміз жетім баланың күйін кешіп, өз елінде өгей ұлдай босағадан сығалап, от басы, ошақ қасынан аса қойған жоқ. Десек те, ұлтым деген даналарымыз тіл мәртебесін көтеріп, «Қазақ тілі ғылым тілі болса» деп төккен тері аз болмады. Қылышынан қан тамған кер заманда да Ахметтер «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп, тілімізді сақтау үшін жанын салып еңбек етті. Ахмет салған сара жол кейінгі ұлт қайраткерлері мен қаламгерлерінің ұстанатын дара бағыты болып, тіліміздің көсегесі көгеріп, ұлтымыздың еңсесі биік болса деп, әдебиет пен өнерде, ғылымда, басқа да салаларда кеңінен қолданыс тапты емес пе? Тәуелсіздік алмай тұрып, 1989 жылы өліара кезеңде-ақ тілімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы мемлекет тарапынан қамқорлық танытып, қолдау көрсету екенін түсініп, Тіл туралы Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Сол кезеңде Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының жетекшілігімен «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, мәдени өмірімізде бұрын-соңды болмаған саяси-әлеуметтік мәні зор оқиғалар орын алып, ана тіліміздің беделін көтеріп, қастерлеуге бағытталған үлкен бетбұрыс болды.
А.Н.Оразбек
БҚО Бөрлі аудандық соты әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]