Ана тіліміз
Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына». Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл екендігі баршамызға белгілі. Ең бастысы, бүгінгі жаңа қоғам, жаңа дәуірде қазақ тілінің қажеттілігі орныға бастады. Мемлекеттік тілді білу, оны меңгеру уақыт талабына айналды.
Ұрпақ тәрбиесінің маңызына қазақ зер салып, оған ерекше мән берген. Ал, ел мен тіл – егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін қазынамыздың бірі – ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Біздің мәңгілік, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өркениетті құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайтыны рас. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда, тіл жаппай қолданыс тіліне айналар күн де алыс емес.
А.Н.Оразбек
БҚО Бөрлі аудандық соты әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]
2 пікір