Масаң күйде көлік басқарғандар көбеюде
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында көлікті алкогольдік, есірткілік және өзге де масаң күйде басқаруға жауапкершілікті көздейтін құқық бұзушылықтар бойынша қаралған істерге жүргізілген талдау мен статистикалық деректер ағымдағы жылы аталған санаттағы істер санының өскенін көрсетті.
Атап айтқанда, ӘҚБтК - нің 608-бабы бойынша 2019 жылы-617, ал 2020 жылы-904 іс қаралса, осы жылдың 11 айында 1 176 әкімшілік іс қаралды. Бұл ретте, көлік тізгінің масаң күйде басқаруды ұнататындарға жазаның едәуір қатаңдатылғанына қарамастан қорқыныш ойын ұялата қоймаған сыңайлы.
Мәселен, жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін тағайындалатын жаза егер 2019 жылы 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру болатын болса, өткен жылдан бастап жаза 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыруды, сондай-ақ 15 тәулікке қамаққа алуды көздейді.
Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруына байланысты аталған санаттағы істердің қарау кезінде көптеген проблемалық мәселелердің туындап отырғаны жасырын емес.
Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйінде басқаруына байланысты әкімшілік істерді қарау тәжірибесіне жүргізілген талдау медициналық куәландыру актілері мен іс материалдарын ресімдеу кезінде бірқатар проблемалық мәселелердің бар екенін көрсетті.
Осы және басқа да мәселелер Орал қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы А.Ө.Ізбасаровтың, Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Ә.М.Ахметовтың, мамандандырылған сотының судьяларының, прокуратура, Орал қаласы ПБ әкімшілік полициясы, олардың саптық бөлімшелері басшыларының, алкоголь немесе есірткіні тұтынған деген күдік бойынша жүргізушілерде мас болу фактісін анықтау тұрғысынан куәландыру жүргізетін нарколог-дәрігерлердің қатысуымен өткен «дөңгелек үстелде» талқыланды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар жауапкершіліктен жалтару мәселелерін, себептері мен жағдайларын айтты. Судья Ернар Халыков аталған санаттағы істерді қарау кезінде азаматтардың заңмен кепілдік берілген құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ медициналық куәландыруды жүргізу тәртібі мен рәсімдері жиі бұзылатындығын, нәтижесінде бұл әкімшілік істердің тоқтатылуына әкеп соғатындығын атап өтті. Тиісінше, заңнама талаптарын және азаматтардың құқықтарын бұза отырып жасалған, ұсынылған дәлелдемелер мен құжаттар жол берілмейтін болып танылады, бұл көлікті мас күйінде басқаруға күдік бойынша ұсталған адамдардың әкімшілік жауаптылықтан құтылып кетуіне әкеп соғатындығын назарға жеткізді.
Судьялар азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңнама талаптарының, әсіресе, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығымен бекітілген психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және масаң күйді анықтау үшін медициналық куәландыруды жүргізу тәртібінің негізгі ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндірді.
Сонымен қатар, іс-шарада алғашқы куәландырумен келіспеген азаматтардың құқықтарын міндетті түрде сақтау қажеттілігі, егерде бастапқы қорытындымен келіспеген жағдайда белгіленген мерзімде қайта куәландыру рәсімін жүргізуді қамтамасыз ету міндеттілігі айтылды.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне дәлелдемелерді жинау, куәландыруды жүргізу кезінде біржақтылықты, әуре-сарсаңды жою, сондай-ақ барлық жағдайларда жиналған және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің толықтығын, объективтілігін және сапасын қамтамасыз ету ұсынылды. Полиция қызметкерлері мен нарколог-дәрігерлердің куәландыру кезінде заңдылықты сақтау, осы санаттағы істерді қозғау, сотқа жолдау да, жіберудің де мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу қажеттілігі қаперіне салынды.
Оларға сыбайлас жемқорлық көріністері және масаң күйде көлікті басқарғаны үшін ұсталған адамдарды жазадан жалтартуға тырысқаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді.
Іс-шараға қатысушылар жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беретін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Полиция қызметкерлеріне әрбір іс бойынша мән-жайларды уақтылы, жан-жақты, толық және объективті анықтау, сондай-ақ БҚО ПД басшылығына әрбір полиция қызметкерінің жауапкершілігін арттыру және бақылауды күшейту ұсынылды. Ал, наркодиспансердің басшылығына, нарколог-дәрігерлерге куәландыру кезінде заңдылықты сақтау қажеттілігі ұсынылды.
Мәселен, 2021 жылдың 11айында Орал қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарға байланысты полицияның лауазымды қызметкерлері мен нарколог дәрігерлерге қатысты 11 жеке қаулы шығарды. Аталған тұлғаларға қатысты оларды жұмыстан шығаруға дейін тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды.
Руслан Демеуов
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының кеңсе меңгерушісі
[xfvalue_img]