Қазақстандық алғашқы қажылар қажылыққа келді
Үстіміздегі жылғы 30 шілдеде Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы Корольдігі) Консулдығының қызметкерлері Жидда халықаралық әуежайында «Шымкент-Жидда» және «Ақтау-Жидда» бағыттарымен ұшып келген 198 адамнан тұратын қазақстандық қажылардың алғашқы екі тобын күтіп алды. Жалпы алғанда, САК Үкіметі бөлген квота бойынша биылғы жылы 3,2 мың отандасымыз Корольдік территориясындағы қасиетті жерлерге зиярат жасау мүмкіндігіне ие.
Үлкен қажылық мерзімі 9-13 тамыз аралығына сәйкес келеді.
Биылғы жылы, әдеттегідей, қазақстандық қажыларды Корольдіктегі Жидда мен Медина қалаларына Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, Шымкенттен және Ақтаудан отандық және саудтық «SCAT» және «FlyNas» әуекомпаниялары, сәйкесінше, бірлесіп тасымалдайды. Атап айтқанда, САК авиациялық билік орындарымен алдын ала келісілген кестеге сәйкес, азаматтарымыздың Сауд Арабиясына келу мерзімі ү.ж. 30 шілдеге, қайту мерзімі - ү.ж. 17 тамызға белгіленген.
Қазіргі уақытта қажылық маусымы кезінде арнайы режимде жұмыс істейтін Консулдық еліміздің Эр-Рияд қаласындағы Елшілігінің жалпы үйлестіруімен қазақстандық қажыларды қабылдау, оларға қажылық рәсімдерін өту кездерінде қолайлы жағдай жасау, Корольдікте болу кезеңдерінде қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды елге уақтылы жеткізу мәселелерімен тікелей айналысуда. Осы мақсатта Сауд Арабиясының «Қажылық-2019» маусымына жауапты үкіметтік және авиациялық билік орындарымен тікелей байланыстар орнатқан.
Жалпы, Жидда мен Медина қалаларында қажыларды күтіп алу мен шығарып салу Консулдық тарапынан дипломаттардың кезекшілік кестесі негізінде қатаң түрде жүзеге асырылады. Корольдіктің жоғарғы оқу орындарында білім алудағы қазақстандық студенттер де бұл жұмысқа жиі жұмылдырылып отырады.
Консулдық тарапынан қажылар арасында тұрғылықты елдің заңдылықтарын сақтау, түрлі жұқпалы аурулардың (тұмау, менингит) алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық ережелердің сақталуына мән беру, жергілікті салт-дәстүрлерге құрметпен қарау және т.б. мәселелер бойынша тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Мекка мен Медина қалаларының орталық штабтарында қазақстандық «Қажылық-миссиясы» ұйымдастырған стационарлық бөлімшелер тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Оларда қазақстандық дәрігерлер тарапынан қажыларымызға алғашқы медициналық көмек беріледі.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
18 пікір