Су — жаңалықтардың бастауы: Астанада ғылым мен өнер тоғысындағы жобалар таныстырылды
Жақында Астанадағы «Таным» көпфункционалды кешенінде Art&Science зерттеу жобаларының showcase-көрсетілімі өтті. Ғылым мен өнер тоғысындағы бір күндік бұл іс-шара биыл көктемде бес жылдығын атап өткен PRO.NRG FEST халықаралық фестивалінің экожүйесіне кіреді.
Showcase су тақырыбын ғылыми зерттеулер мен визуалды өнер арқылы ашатын бірнеше маңызды оқиғаны біріктірді: мектеп оқушылары арасындағы Impact Challenge 2026 ұлттық ғылыми жобалар байқауы, Art&Science ашық гранттық бағдарламасына қатысушылардың жұмыстарын таныстыру, сондай-ақ National Geographic Qazaqstan фотокөрмесі.
Іс-шараны Caravan of Knowledge корпоративтік қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте ұйымдастырды.
Impact Challenge 2026: су мәселелерін шешуге бағытталған оқушылар зерттеулері
Impact Challenge 2026 ұлттық ғылыми жобалар байқауының алғашқы кезеңіне ұйымдастырушылар елдің 17 өңірінен 430 өтінім қабылдады. Ең жоғары белсенділік Алматы қаласы мен Алматы облысының оқушыларынан байқалды. Жұмыстардың 69%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, ал қалғаны екі тілде ұсынылды.
Финалға Қазақстанның сегіз өңірінен он команда өтті. Олар — мемлекеттік мектептердің 8–11-сынып оқушылары — өздерінің ғылыми-зерттеу жобаларын қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынды.
Қазылар алқасының құрамына ғылыми қызметкер, химия пәнінің оқытушысы, жаратылыстану ғылымдары, инженерия және технологиялар саласының PhD докторы Жаннат Ашикбаева; National Geographic Qazaqstan бас редакторы Айбын Шағалақ; физика пәнінің мұғалімі, физика ғылымдарының PhD докторы Танат Кисиков; ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы Роза Садвокасова; «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Серікжан Дамысхан және Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығының тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Эльвира Ибраева кірді.
Бірінші орынды Қызылордадан келген AQUA-HEX KZ командасы иеленді. Оқушылар жайылымдардағы мал суаратын орындарда судың булануын азайтуға арналған модульдік қалқымалы жабын әзірледі. Екінші орын алматылық AquaLink командасына бұйырды: олар су айдындарындағы қалқып жүрген қоқысты жинауға арналған автономды экологиялық дрон ұсынды. Үшінші орынды Алматы облысының Қарасай ауданынан келген AquaGuard командасы алды. Қатысушылар су айдындарын тазарту мен бақылауға, сондай-ақ құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған роботтандырылған кешен әзірлеген.
PRO.NRG FEST іс-шаралар менеджері Хасен Жакенов ұсынылған жобалардың артында оқушылар мен олардың жетекшілерінің орасан еңбегі тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, үздік ондыққа енуінің өзі — үлкен жетістік.
«Жұмыстардан мұғалімдердің балалармен бірге қаншама еңбек еткені көрініп тұрды! Барлық қатысушыларға және олардың жетекшілеріне зор құрмет білдіргім келеді. Қазақстанда су тақырыбындағы мектеп зерттеулері одан әрі дами береді деп үміттенеміз», — деді Хасен Жакенов.
Оқушылар әзірлемелерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берген Хасен Жакенов көптеген жобаның әлеуеті зор екенін атап өтті. Дегенмен жобаларды одан әрі дамыту үшін, әдетте, қаржыландыру мәселесін шешу қажет.
«Жобалардың әлеуеті шынымен де үлкен. Ең маңыздысы — бұлар мектеп жобалары: бала өз идеясын студенттік жылдарына, одан кейін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кезеңіне дейін жалғастыра алады. Қазір Қазақстанда 16+ және 18+ жастағы командаларға арналған акселераторлар мен бағдарламалар көп. Оқушылар командалары оларға өз бетінше немесе ментормен бірге өтінім бере алады. Бұл балалардың бәсекелі ортадан өтіп үлгергенін ескерсек, олардың бәрі ойдағыдай болады деп сенемін», — деді Хасен Жакенов.
Art & Science of Water: ғылыми деректер өнерге айналғанда
Оқушылар жобаларын қорғаудан бөлек, showcase қонақтары PRO.NRG FEST аясында әр жастағы авторларға арналған ашық гранттық байқау арқылы ұйымдастырылған Art & Science of Water қатысушыларының жұмыстарымен таныса алды. Авторлар экологиялық зерттеулердің нәтижелерін су тақырыбын жаңаша көруге және түсінуге мүмкіндік беретін көркем әрі ғылыми нысандарға айналдырды. 50-ден астам өтінімнің ішінен қазылар алқасы 12 жобаны іріктеп алды. Әр жобаға іске асыру үшін 400 мың теңге көлемінде грант берілді.
Жобаның сарапшылар кеңесіне білім беру, өнер және экология саласының мамандары кірді: білім беру саласының сарапшысы, өнертанушы, 15-тен астам оқулық пен академиялық оқу құралының авторы Бақытжан Дүйсенова; эколог әрі экоэтнодизайнер Ботакөз Садыбекова; Caravan of Knowledge қорының жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі, физика және математика мұғалімі Дарын Сайынов; биолог, PhD докторы және Zertte Studio жетекшісі Марғұлан Ықласов. Іріктеуге Caravan of Knowledge корпоративтік қорының өкілдері мен арт-қоғамдастық мүшелері де қатысты.
PRO.NRG FEST іс-шаралар менеджерінің айтуынша, өтінімдерді іріктеу кезінде сарапшылар жұмыстардың ғылыми негізділігі мен көркемдік ерекшелігін ғана емес, осы екі құрамдастың бірін-бірі қаншалықты үйлесімді толықтыратынын да бағалаған.
Ұсынылған жұмыстардың қатарында Дария Жылқыбаеваның «Осы жерде өзен болған / Здесь была река» жобасы бар. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысында жоғалып кеткен немесе арнасын өзгерткен өзендерге арналған. Көркем нысанның негізіне ескі және заманауи карталар, спутниктік суреттер, мұрағат фотосуреттері мен тұрғындардың естеліктері алынған.
Дария Жылқыбаева жұмысының Балқаш көлі алабына жататын, соңғы жылдары суы тартылған немесе мүлде жоғалып кеткен өзендерге арналғанын айтты. Жобада олардың әрқайсысындағы судың орташа жылдық деңгейінің өзгерісі көрсетілген.
«Жобам дәстүрлі қазақтың “ши тоқу” техникасымен орындалды. Далада жинап, кептіріп, тазалап, өңдеген ши сабақтарын жүнмен өрдім. Бұрын мұндай ши төсеніштермен киіз үйлерді безендіріп, қабырғаларын бекіткен. Бүгінде халқымызға тән бұл дәстүрлі материал диаграмма пішінімен үйлесіп тұр. Жұмыстан өзеннің бұрын қандай болғанын (қою көк сызық) және қазір қандай күйге түскенін (көгілдір сызық) бірден көруге болады. Жұмыстың екінші бөлігі өзен құрғаған кезде даланың қандай күйге түсетінін көрсетеді», — дейді Дария Жылқыбаева.
Шолпан Қасымова мен Сания Аринованың «Мұздың жады: мұздықтан суға» жобасы Орталық Азия мұздықтарының су ресурстарын қалыптастырудағы рөліне арналған. Авторлар тақырыпты көлемді тоқыма арт-нысаны арқылы ашады.
Aibibi Alibek «Water Code» жұмысында жетекшісі Аяулым Қуанышпен бірге судың химиялық талдау нәтижелерін цифрлық «портреттерге» айналдырып, визуалды бейнелердің нақты ғылыми деректермен байланысын сақтап қалды.
Ал Бақытжан Ыбрашевтің «Су үні / Water Voice» жобасы судың үнін тура мағынасында естуге мүмкіндік береді. Датчиктер судың физикалық-химиялық көрсеткіштерін өлшейді, содан кейін олар дыбысқа, жарыққа және цифрлық визуализацияға айналады.
«Авторлардың су тақырыбына бейжай қарамайтынын және мәселенің тереңдігін түсінетінін көрдік, — деді Хасен Жакенов. — Қазақстанның географиялық жағдайы суға, әсіресе тұщы суға қатты тәуелді, ал бұл мәселе қазірдің өзінде өзекті. Жоба авторлары үшін “су жоғалып барады” деп айту ғана емес, оның қай жерде және неліктен болып жатқанын көрсету маңызды болды. Өнер — кең аудиторияның назарын аударудың ең пәрменді арналарының бірі. Су тақырыбын өнер арқылы ешбір есеп жеткізе алмайтындай деңгейде көтеруге болады».
Ұсынылған көптеген жоба гранттық бағдарлама аяқталғаннан кейін де дами береді: олар білім беру құралдарына, зерттеу тәжірибелеріне және дербес көркем жұмыстарға айналуда. Мәселен, Water Voice — мектепке арналған көшпелі зертхана, «Тамшының құпия өмірі» — су туралы балалар кітабы. «Су айдындарының тірі картасы» мен Arna жаңа зерттеулер мен сабақтарға негіз болады, ал Gorozhanym әдістемесі қалалық су айдындарының жай-күйін бақылауға көмектеседі. Кейбір жұмыстар жаңа көрмелерге қатысуға дайын.
Қазақстанның су ресурстары National Geographic Qazaqstan фотографтарының көзімен
Showcase бағдарламасының тағы бір жарқын бөлігі National Geographic Qazaqstan фотокөрмесі болды. Экспозиция ғылыми зерттеулер мен көркем интерпретацияларды Қазақстанның су ресурстарының жай-күйін көрсететін визуалды айғақтармен толықтырды. Көрмеге қойылған кадрлар National Geographic экспедициясы кезінде түсірілген.
«Мен өзім Қарағандының тумасымын, сондықтан облысымыздың су ресурстары онша мол емес екенін айта аламын. Өңірдің сумен қамтылуы Ертіс өзені мен Қаныш Сәтбаев атындағы каналға (Ертіс–Қарағанды) байланысты, — дейді экспедиция қатысушысы, қарағандылық фотограф, видеограф, өлкетанушы әрі Қазақстан географиялық қоғамының мүшесі Дмитрий Ругис. — Экологиялық мәселелер мен су тапшылығы облысымыздың, қаламыздың және жақын өңірлер тұрғындарының сумен қамтылуына, тұрмыс жайлылығы мен өмір сапасына бірден әсер етуі мүмкін. Экспедиция барысында мені әсіресе Бұқтырма су қоймасы қызықтырды. Бұл — еліміздің маңызды су қоры ғана емес, бірегей табиғи нысан. Мұнда таңғажайып әсем пейзаждар, бай жануарлар дүниесі мен балық әлемі бар».
Showcase аясындағы ғылыми-білім беру бағдарламасына түрлі шеберлік сабақтары да кірді. Іс-шараның техникалық серіктесі болған Aqua Lab зертханасында сабақтар нақты жабдықтарды пайдалана отырып, 20 адамға дейінгі шағын топтарға арналған практикалық сабақтар форматында өтті. «Таным» кешенінің гидропоника және аквапоника кабинеттерінде қонақтар өсімдіктерді өсіруге арналған тұйық жүйелерде судың қалай айналып, пайдаланылатынын білді. Келушілерге арналған демонстрациялық станциялар жұмыс істеп, көрме экспозициясы бойынша экскурсиялар өткізілді. Бағдарламаға оқушылар мен педагогтер шақырылды. Жалпы, бағдарламаға 800-ден астам адам тіркелді.
«Су — өңірдің болашағы тәуелді ресурс. Оны сақтаудың шешімдерін табуға ең алдымен жас зерттеушілер көмектеседі. Мектеп ғылымы, өнер және деректі фотография су туралы бірлесе баяндайтын Showcase Art&Science жобасын қолдауға қуаныштымыз», — деді «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің корпоративтік байланыстар жөніндегі бас менеджері Еркін Зікибаев.
PRO.NRG FEST: бес жылдықтан кейін фестивальді не күтіп тұр?
Биыл PRO.NRG FEST халықаралық ғылым фестивалі бес жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде ол көптеген қазақстандық үшін дәстүрлі отбасылық іс-шараға айналды. Оқушылар, педагогтер және тұтас отбасылар жаңа білім алу, қызықты спикерлермен танысу және ғылымның түрлі бағыттарын ашу үшін фестивальге жыл сайын қайта оралады.
«Алтыншы PRO.NRG FEST өтеді және Астана тұрғындары мен қонақтарын, еліміздің түрлі өңірлерінен, жақын және алыс шетелдерден келген қонақтарды тағы да қуантады деп үміттенеміз. PRO.NRG FEST жыл сайын тақырыбын өзгертеді. 2024 жылы табиғат пен ғылымға, 2025 жылы жасанды интеллектке назар аударылды, ал биылғы негізгі тақырып су болды. Фестиваль ұсынатын білім салалары өзгергенімен, оның негізгі мақсаты өзгермейді: ғылымды кеңінен насихаттау, STEM-білім беру және пәнаралық жобалық қызмет», — деп түйіндеді PRO.NRG FEST іс-шаралар менеджері Хасен Жакенов.
[xfvalue_img]
