«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ қолдауымен Ақмола облысында заманауи SAVORY құрама жем зауыты ашылды
Ақмола облысында SAVORY брендімен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстары үшін жоғары сапалы құрама жем мен жемдік қоспалар өндіретін жаңа зауыттың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жоба «Unicorn Feed Limited» ЖК тарапынан «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ-ның (QIC, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ еншілес ұйымы) қолдауымен «Tulpar Management» ЖШС басқаруындағы тікелей инвестициялар қоры арқылы жүзеге асырылды.
Кәсіпорынның өндірістік желісі мал шаруашылығы, шошқа шаруашылығы кешендеріне, құс фабрикаларына және балық шаруашылығы кәсіпорындарына арналған мамандандырылған құрама жемдерді қамтиды. Бұл отандық өндірушілердің сапалы әрі теңгерімді, халықаралық стандарттарға сай жемге деген өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
SAVORY жобасы «Бәйтерек» холдингінің Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінде қосылған құнның толық тізбегін қалыптастыру жөніндегі ауқымды стратегиясының бір бөлігі болып табылады. QIC еншілес ұйымы арқылы Холдинг ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруден бастап құрама жем өндіруге, ет өнімдерін шығаруға және оларды терең өңдеуге дейінгі өндірістік циклдің барлық негізгі кезеңдеріндегі жобаларды қаржыландыруға қатысады.
Кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені үшін маңызды оқиға болып табылады. Отандық құрама жем өндірісін дамыту етті мал шаруашылығының тұрақтылығына тікелей әсер етеді, импортқа тәуелділікті төмендетуге, жемшөп базасының сапасын арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Жобаның өзектілігі нарықтағы оң динамикамен де расталады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларына арналған шамамен 3,7 млн тонна дайын жем өндірілді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 54%-ға жоғары. Өндіріс көлемінің артуы мал және құс шаруашылығы кәсіпорындары тарапынан жоғары сұранысты және заманауи өндірістік қуаттарды одан әрі кеңейту қажеттілігін көрсетеді. Осы тұрғыда SAVORY зауытының іске қосылуы сала үшін ерекше маңызға ие.
«Бүгінгі іске қосу біздің жұмысымыздың басты қағидатын тағы бір мәрте дәлелдейді: инвестициялар нақты өндірістерге, жаңа жұмыс орындарына және заманауи технологияларға айналуы тиіс. Дәл осындай жобалар жеке инвестицияларды тартуға жағдай жасап, бәсекеге қабілетті өндірістердің дамуына ықпал етеді және Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктелерін қалыптастырады», – деп атап өтті QIC Басқарма төрағасының инвестициялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғаббас Ержанов.
Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 120 мың тоннаға дейін құрама жем өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен және өндірісті басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Бұл шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық технологиялық кезеңдерде сапаны бақылауды қамтамасыз етеді.
Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде шамамен 4 млрд теңге қолданыстағы қаржыландыру тетіктері аясында тікелей инвестициялар қоры арқылы ұсынылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 70-ке дейін жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізеді.
Жобаны іске асыруға грузиндік GIG Holding компаниялар тобы елеулі үлес қосты. Компания техникалық, технологиялық және қаржылық қолдау көрсетіп, халықаралық тәжірибені тарту арқылы отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған сапалы өнім шығаратын заманауи өндірістік кешеннің құрылуына ықпал етті.
Ашылу салтанаты аясында «Tulpar Management» ЖШС, GIG Holding және «Unicorn Feed Limited» ЖК арасында жобаны одан әрі дамытуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
SAVORY зауытының іске қосылуы «Бәйтерек» холдингі жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту моделінің нақты іске асырылуын көрсетеді. QIC өзінің кэптивтік қорлары мен басқарушы компаниялары арқылы агроөнеркәсіптік өндірістің әрбір кезеңінде қосылған құн тізбегін қалыптастырады.
Бірінші кезең – өсімдік шаруашылығы. QIC дәнді, майлы, бұршақты, жемшөптік және басқа да дақылдарды өндіретін ірі агрохолдингті қаржыландырып, бүкіл өндірістік тізбек үшін шикізаттық базаны қалыптастырады.
Екінші кезең – жемшөп базасы. Өсімдік шаруашылығы өнімдері мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шошқа шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларына арналған теңгерімді құрама жемдерге өңделеді («Unicorn Feed Limited» ЖК).
Үшінші кезең – мал және құс шаруашылығы. QIC етті мал шаруашылығы («ҚазМясо» компаниялар тобы, «EMC Agro» ЖШС) және құс шаруашылығы («Aitas KZ» АҚ) салаларындағы жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл ел ішінде сапалы жемшөп базасына тұрақты сұраныс қалыптастырады.
Төртінші кезең – терең өңдеу. Құс шаруашылығы өнімдері Қазақстан мен Орталық Азиядағы құс етінен 100% дайын жартылай фабрикаттар өндіретін алғашқы әрі жалғыз жоғары технологиялық зауыт – «IL-TOV» ЖШС-не жеткізіледі.
Осылайша, өсімдік шаруашылығы өнімінен бастап дүкен сөресіне қойылатын дайын өнімге дейінгі қосылған құн тізбегінің әрбір кезеңі QIC капиталымен қолдау тапқан. Мұндай тәсіл қосылған құнның ел ішінде сақталуын қамтамасыз етіп, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Анықтама:
«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ – негізгі миссиясы тікелей инвестицияларды тарту және негізгі салаларды жаңғыртуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін жобаларды қолдау арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуіне жәрдемдесу болып табылатын, 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорларының қоры. «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ – еншілес ұйымы. Қосымша ақпаратты https://qic.kz/ сайтынан алуға болады.
«Tulpar Management» ЖШС – «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ-ның еншілес ұйымы, Қазақстан экономикасының басым секторларында жобаларды іске асыратын қарқынды дамып келе жатқан және инновациялық компанияларға инвестиция салуға маманданған басқарушы компания.
«Unicorn Feed Limited» ЧК – SAVORY брендімен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстары үшін жоғары сапалы құрама жемдер мен жемдік қоспалар өндіруге маманданған қазақстандық өндірістік компания.
[xfvalue_img]
