Пандемия және карантин: ғалымдар мен жоғарғы оқу орындары студенттерді оқытудың жаңа тәсілдерін іздестіріп жатыр
ТМД, Еуропа, Азия және АҚШ-тағы ғалымдар мен университеттердің басшылары халықаралық онлайн-конференция барысында коронавирус пандемиясы жағдайында университеттердің академиялық саясатын жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін талқылады
Оқу-әдістемелік бірлестік – Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті жанындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кадрлар даярлау салалары бойынша жобаларды басқару тобы «ЖОО-ның академиялық саясатын іске асырудағы инновациялық тәсілдер» атты халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырды. Конференция жұмысына ТМД-ның 18 жетекші ауылшаруашылық университеттерінің басшылары, АҚШ, Еуропа, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы университеттер мен ғылыми орталықтардың ғалымдары, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері, Қазақстандағы үш жетекші аграрлық университеттің және 20 аймақтық университеттің аграрлық мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын өкілдері қатысты.
Сарапшылар коронавирус пандемиясы жағдайында жаңа оқу жылын ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. ЖОО өкілдерін студенттерді қашықтықтан оқытуды жетілдіру және университеттің академиялық саясатын жүзеге асырудың инновациялық тәсілдерін әзірлеу бойынша әріптестерінің тәжірибесі қызықтырады.
Сонымен қатар, олар виртуалды академиялық мобильділікті жүзеге асыру және АӨК үшін кадрлар даярлауда жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мүмкіндіктерін талқылады. Жеке блокта қазақстандық және шетелдік аграрлық жоғары оқу орындарының бірлескен білім беру бағдарламаларының, сондай-ақ қос диплом беру бағдарламаларының болашағы мен одан әрі дамуы туралы пікірлер ортаға салынды.
Конференцияға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің атынан вице-министр Гүлмира Исаева қатысты. Ол жоғары оқу орындары мен ғылыми қоғамдастықтың тығыз ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және жаңа жағдайда мамандарды оқыту технологияларын жетілдіруге деген ұмтылысын құптады.
Вице-министр ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық жоғары оқу орындарының АӨК-дегі ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін кадрлар даярлауға көмектесуіне мүдделі екенін атап өтті.
«Аграрлық сектор алдына ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын және ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру бойынша ауқымды міндет қойылды. Біздің фермерлердің, сондай-ақ аграрлық жобаларда жұмыс істейтін университет түлектерінің білімі мен біліктілігін арттырмайынша, мұндай өсу деңгейіне жету мүмкін емес», - деді Гүлмира Исаева.
Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі шаруалардың білімін жетілдіру мәселесінен тоқталды.
«Мал шаруашылығын дамытудың тұрақты бағдарламасы аясында Дүниежүзілік банк қомақты қаржы бөлуде, мұнда оқыту негізгі көрсеткіштердің бірі болады. Бізге жүз мыңнан астам фермерлерді оқыту керек, олар етті мал өсіру саласындағы басқа елдердің тәжірибесін үйреніп, өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді қолдана алады. Сондықтан, біз республикадағы ауылшаруашылық университеттері мен ғылыми зерттеу ұйымдарына барлық қолдау шараларын ұсынуға дайынбыз», - деп толықтырды вице-министр.
Конференция модераторы - Басқарма төрағасы - ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов өз сөзінде аграрлық университеттер студенттерінің қашықтықтан білім алуының жағымсыз және жағымды жақтарын анықтағанын атап өтті.
Дистанциялық форматқа жаппай көшу үшін сандық технологиялармен жұмыс істейтін оқытушылардың инфрақұрылымы мен тәжірибесі жеткіліксіз болғанын атап өтті. Жеке мұғалімдер онлайн-сыныпты сауатты құра алмады, үйде отырып әлеуметтік және психологиялық қиындықтарды бастан өткерді.
Онлайн оқыту жағдайында мұғалімдер мен студенттерге айтарлықтай ауыртпалық түсті. Сондықтан білім берудің барлық субъектілері үшін ұйымдастырушылық, әдістемелік және психологиялық қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу қажет болды.
Тағы бір мәселе - кейбір ауылдық округтерде интернеттің жоқтығы. Кейбір студенттерге оқу материалын «Қазпошта» арқылы қағаз түрінде жіберуге тура келді.
Сондай-ақ, зертханалық немесе арнайы жабдықты қажет ететін пәндер бойынша қашықтық форматта сабақ өткізуде қиындықтар туындады.
Сонымен қатар, оқытудың жаңа форматы оқытушылар мен студенттердің көпшілігі осындай режимде жұмыс істей алатындығын көрсетті. Оқытушылар қосымша құралдарды, оқыту тәжірибелерін игерді, цифрлық технологияларды меңгеру бойынша қажетті ақпараттар алды.
Қалыптасқан жағдайға қарамастан, ҚазҰАУ академиялық саясатты жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Қос диплом бағдарламалары, әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленіп, іске асырылуда, жаппай ашық онлайн-курстар қолданылып жатыр. Сондай-ақ, біз пандемия академиялық білім алуға кедергі болмайды деп санаймыз және оны қашықтықтан дамытуды ұсынамыз.
«Қазіргі уақытта ЖОО-лар қашықтықтан оқыту форматының сапасын арттыруға алаңдаулы. ҚазҰАУ білім беру процесін ұйымдастыруды толығымен қайта қарады. Академиялық саясатты іске асыруда инновациялық тәсілдер қолданылды, үздік тәжірибелермен алмасу үшін ахуалдық орталықтың жұмысы күшейтілді, тұрақты вебинарлар, сондай-ақ Қазақстанның ауыл кәсіпкерлері үшін онлайн-консалтинг өткізіледі. ЖОО-ның зерттеу және ғылыми-практикалық қызметіне ерекше назар аудару қажет, ол екінші орынға шықпауы тиіс», - деді Тілектес Есполов.
[xfvalue_img]
28 пікір