«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының  тұжырымдамасы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының тұжырымдамасы

 

  1. Заң жобасының атауы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң жобасы).

 

  1. Заң жобасын дайындау қажеттілігінің негіздемесі

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 желтоқсандағы № 19-01-7.43 тапсырмасы Заң жобасын әзірлеу үшін негіз болып табылады.

Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт. Ресми статистиканың деректері бойынша қазіргі уақытта 14-29 жас аралығындағы республика жастарының саны – 3 765 483 адамды немесе барлық халықтың 20,4% құрайды. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады.

Жастар саясатының басымдықтары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастама жасаған «Қазақстан – 2050» стратегиясының түйінді мақсаттарының бірі болып табылады.

Қазіргі әлемдік жағдайларда аға буынның жасампаз істерін жалғастыруға, ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің деңгейін одан әрі жоғарылатуға, Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемдік танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі.

Жоғарыда көрсетілген тапсырмасында мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі міндет қойылғанын атап өткен жөн, ол заңнамалық деңгейде «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңымен (бұдан әрі – Заң) ұсынылған.

Осылайша, бірінші кезекте аталған Заң жобасы шеңберіндегі өзгерістер мен толықтырулар Заңды жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ, Заң нормаларын жетілдіру барысында мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Жастар саясатының маңызды аспектілерінің бірі демалыс кезінде студент және мектеп жастарының еңбек тәрбиесін, жұмыспен қамтылуын және бос уақытын ұйымдастыру болып табылады.

Осылайша, 2005 жылдан бастап бүкіл ел бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Жасыл ел» жобасы шеңберінде көгалдандыру жөніндегі бастамасы табысты жүзеге асырылуда. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде «Жасыл ел» жобасын іске асыру экология және жастарды жұмыспен қамту саласында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда маңызды орын алады. 2017-2019 жылдары «Жасыл ел» жобасын іске асырудың қолданыстағы тетіктері тиімсіз болды.

Бұдан басқа, іске асыру құралдары демалыс, сапалы демалыс кезеңінде жастарды уақытша жұмыспен қамту жөніндегі міндеттерді толық көлемде шешуге, аумақты абаттандыру, көгалдандыру және объектілерді салу жөніндегі жұмыстардың мақсатты көлемін іске асыруға мүмкіндік бермейді. Жобаның қатысушылары көбінесе өмірлік қиын жағдайларға тап болған, олардың маргиналдануын болдырмау үшін нүктелі идеологиялық жұмыс жүргізуді қажет ететін жастар болып табылады.

Көрсетілген жобаны іске асыру тәртібі мен шарттарының біркелкі болуын қамтамасыз ету мақсатында Заңның 6-бабында жастар еңбек отрядтарын ұйымдастыру ережелерін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретінді Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне  (бұдан әрі – ҚР АҚДМ) беру ұсынылады. Сондай-ақ, аталған жоба өңірлік деңгейде іске асырылатынын ескере отырып, Заңның 19-бабында жергілікті атқарушы органдарға жастар еңбек отрядтарының қызметін, оның мониторингін және нәтижелерін бағалауды қамтамасыз ету жөніндегі құзыретін бекіту ұсынылады.

Бірінші жұмыс орнында бірінші жылы жастарға салық жеңілдіктерін жасау жолымен жастарды қолдау мақсатында, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінентехникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқуды аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыс орнына алғаш рет жұмысқа орналасқан жас мамандардың бірінші жыл үшін бірінші жұмыс орнында табыстары алып тасталатынын көрсету ұсынылады.

Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес, жастар ресурстық орталықтары жастардың бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдауды, жастар арасындағы ахуалдың мониторингін және оны талдауды жүзеге асырады.

Жоғарыда көрсетілген тармақты келесі редакцияда баяндау арқылы жастар ресурстық орталықтары жұмысының форматы мен әдістерін нақтылау қажет: «жастардың ресурстық орталықтары жастардың қажеттіліктері мен мүдделерінің негізінде ақпараттық-консультациялық көмекті, формальды емес білім беруді ұйымдастыруды, жастардың тұлғалық және әлеуметтік дамуына бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды жүзеге асырады».

Осылайша, жастардың ресурстық орталықтарының формальды емес білім беруді ұйымдастыруына заңды түрде назар аударылады, өйткені еңбек нарығындағы тез өзгеретін үрдістер жағдайында жастардың формальды емес білім беру арқылы қосымша білім мен дағды алу мүмкіндігі зор маңызға ие болды. Сонымен бірге «жастар арасындағы ахуалдың мониторингін және оны талдауды» деген тұжырым алып тасталады, себебі жастар саясатының мониторингі және бағалау функциялары жергілікті атқарушы органдарға бекітілген.

Бүгінгі таңда елімізде жастардың ресурстық орталықтарында 3 мыңнан астам адам жастармен жұмыс істейді. Жастармен тікелей жұмыс істейтін адамдар үшін құқықтық анықтау қажеттілігі бар.

Осылайша, Заңның 1-бабын «жастармен жұмыс жөніндегі маман – жастардың тұлғалық және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес қажетті біліктілігі бар маман» ұғыммен толықтыру қажет.

Сондай-ақ, Заңның 6-бабы шеңберінде жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияны ҚР АҚДМ-ға беру ұсынылады.

Қазіргі уақытта «NEET санатындағы жастар» термині қазақстандықтардың күнделікті өміріне тығыз еніп, ел аузында жүр, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының статистикалық және жұмыс деңгейінде бекітілген.

Мұндай жастармен жұмысты заңнамалық түрде күшейту мақсатында, аталған терминді Заңның 1-бабында бекіту қажет.

Сондай-ақ, Заңның 6-бабында ҚР АҚДМ-нің, Заңның 10-бабында еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның және Заңның 15-бабында ішкі істер органдарының құзыреттерін NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу функциясымен толықтыру қажет.

Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі жастардың бос уақытын ұйымдастыру болып табылады. Осылайша, жастардың бос уақытын ұйымдастыруды жақсарту, сондай-ақ жастар үшін бос уақытты ұйымдастыратын ұйымдарды, мысалы аула клубы, заңнамалық бекіту мақсатында, «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңында (бұдан әрі – «Мәдениет туралы» Заңы) 1-бабынды «жастарға арналған демалыс ұйымдары - жастардың күнделікті қарым-қатынас орталықтары (аула клубтары, жай спорт ғимараттары, жасөспірімдер шығармашылығы студиялары, жасөспірімдердің музыкалық, көркем және спорт үйірмелері, қызығушылықтары бойынша клубтар), олардың қызметі жастардың жеке тұлғалық дамуына, денсаулығын нығайтуға, кәсіби өзін-өзі анықтауына, шығармашылық әлеуетін дамытуға, бейімделуге және әлеуметтендіруге, жастардың мазмұнды бос уақытын ұйымдастыруға, жастар арасында азаматтық сана-сезімді, жалпы мәдениет пен салауатты өмір салтын дамытуға бағытталған» деген терминмен толықтыру ұсынылады.

Сондай-ақ, «Мәдениет туралы» Заңының 7-бабында мәдениет саласындағы уәкілетті органның құзыретін «жастарға арналған демалыс ұйымдарын дамыту және қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру» бойынша функциясымен толықтыру ұсынылады.

Қазіргі жастардың жағдайын анықтайтын үрдістердің бірі жас ұрпақ денсаулығының жалпы деңгейінің төмендеуі, атап айтқанда, репродуктивті ұстанымдардың төмендігі, психикалық денсаулығының нашарлауы болып табылады.

Осыған байланысты, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі 10-бабында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының құзыретін «жастар арасында репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша насихаттауды ұйымдастыру» нормасымен толықтыру ұсынылады.

Жастардың денсаулық сапасын арттыру, оның ішінде психикалық, жастар саясаты тиімділігінің маңызды көрсеткіші болып табылады.

Осылайша, балалар мен жастар көп уақытты білім беру ұйымдарында өткізеді, онда күн сайын құрбы-құрдастары немесе оқытушылар және оқу орындарының әкімшілігі тарапынан өзіне қатысты қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне тап болу қаупі бар.

Осыған байланысты, «Білім туралы» Заңының 5-бабында білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыретін «мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында балалар мен жастарға қатысты зорлық-зомбылықтың, қатыгездікпен қараудың және буллингтің алдын алуды жүзеге асыру» нормасымен толықтыру ұсынылады.

Сондай-ақ «Білім туралы» Заңының ұғымдық аппаратын «буллинг - бір адамды басқа адамның немесе адамдар тобының қатыгездік көрінісі болып табылатын агрессивті психологиялық және (немесе) физикалық қудалауы» ұғымымен толықтыру ұсынылады.

Бұл ретте, «Білім туралы» Заңының 6-бабында барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың құзыретін білім беру ұйымдарында балалар мен жастарға қатысты зорлық-зомбылықтың, қатыгездікпен қараудың және буллингтің алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі функциямен толықтыру ұсынылады. Осылайша, буллингтің алдын алу тек білім беру ұйымдарында ғана тұйықтамай, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жаппай қамту қамтамасыз етіледі.

Бұдан басқа, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңының 15-бабы 1-тармағының 10) тармақшасын педагог құқық қорғау органдарына және білім беру ұйымының басшылығына буллинг белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) кәмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу, оның ішінде білім беру ұйымынан тыс жерде кәсіптік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлауға міндетті функциямен толықтыру ұсынылады. Бұл толықтыру білім беру ұйымдарында қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың профилактикасымен қатар буллингтің алдын алуды жүзеге асыруға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар, Заңның ұғымдық аппаратын «Жастардың даму индексі – білім беру, денсаулық және әл-ауқат, жұмысқа орналастыру, саяси қатысу және азаматтық қатысу бағыттары бойынша мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың жұмысы тиімділігінің кешенді көрсеткіш» терминмен толықтыру ұсынылады. Сондай-ақ, Заңның 6-бабында ҚР АҚДМ-ның құзыретін Қазақстан Республикасында Жастардың даму индексін енгізу және қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі функциямен толықтыру қажет. Бұл ретте, жастарды даму индексін іске асыру жөніндегі жұмыстар кешені өңірлік деңгейде жүргізілетінін ескере отырып, Заңның 19-бабында жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде «уәкілетті органмен бекіткен Қазақстан Республикасында Жастардың даму индексін енгізу және қолдану қағидаларына сәйкес Жастардың даму индексін іске асыру бойынша жұмыстар кешенін жүргізу» бойынша норманы бекіту қажет.

Тұтастай алғанда, бұл жастар саясатын іске асыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін рейтингтік бағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл индекс жастарды дамытудың жаһандық индексінің ұлттық ерекшелігіне бейімделген болады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жастар саясаты саласындағы басқару органдары кадрлық құрамының сапасын арттыру мақсатында Заңның 6-бабында ҚР АҚДМ-ның құзыретін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жастар саясатын басқару органдарының бірінші басшыларын қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды келісу жөніндегі функциямен толықтыру ұсынылады.

Мұндай мысалдар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде, сондай-ақ «Мәдениет туралы» ҚР Заңында бар. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жастар саясатын басқару органдарының бірінші басшыларын ғана қызметке тағайындау және қызметтен босату ұсынылады.

Осыған орай, Заңның 19-бабындағы жергілікті атқарушы органдарының құзыретінді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органның құзыретіне, сондай-ақ ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органның құзыретіне бөлу қажет.

Бұл ретте, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органның құзыретінді уәкілетті органмен келісім бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жастар саясатын басқару органының бірінші басшысын қызметке тағайындау және қызметтен босату жөніндегі функциямен толықтыру қажет.

Осылайша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жастар саясатын басқару органдарының басшы құрамын тағайындау кезінде бірлескен, консультативтік шешім мемлекеттік жастар саясатын жүргізу кезінде объективтілікті, тиімділікті, сондай-ақ жоғары үйлесімділікті қамтамасыз етеді.

«Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын (бұдан әрі – Баяндама) егжей-тегжейлі және кешенді әзірлеу мақсатында оны ҚР Президентіне екі жылда бір рет енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, әр түрлі түсіндіруді біріздендіру және болдырмау мақсатында, қазақ және орыс тілдерінде Баяндама үшін «Қазақстан жастары» деген бір атау ұсынылады.

 «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын дайындау бойынша жұмысты ұйымдастыру мен үйлестіруді ҚР АҚДМ жүзеге асырады, содан кейін дайын баяндама Премьер-Министрінің Кеңсесіне (бұдан әрі – ПМК) жолданады, ол жерден Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі. Осылайша, ПМК-ға жүктемені төмендету мақсатында, аталған Баяндаманы ҚР Президентіне енгізуді Министрлік деңгейіне ауыстыру, яғни ҚР АҚДМ құзыретіне жатқызу ұсынылады. Тиісті түзетулерді Заңның 1, 5 және 6-баптарына енгізу қажет.

Заңның 25-бабында жастарға арналған әлеуметтік қызметтердің сипаттамасы келтірілген, бірақ түсінік берілмеген. Осыған байланысты Заңның 1-бабында «жастарға арналған әлеуметтік қызметтер - жастардың тұрғылықты жері бойынша бос уақытын ұйымдастыру, жастардың кәсіпкерлік қызметін қолдау және дамыту, жастардың өзін-өзі басқару және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша қызмет көрсететін, жұмыс істеп тұрған ұйымдар» ұғымын заңнамалық бекіту ұсынылады.

Қазіргі кезеңде өмірдің әр түрлі салаларына жаппай цифрлық технологиялар енгізуден Қазақстанның ешбір саласы сырт қалған жоқ. Бұл ретте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға жүктелген міндеттердің бірі ел халқының цифрлық сауаттылығын арттыру және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, стартап мәдениетті және ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар), сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Ел жастары цифрландыру процестеріне белсенді қатысатын, 14 пен 29 жас аралығындағы, халықтың миллиондаған тобын құрайды.

Осылайша, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында, Заңның 4-бабында мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын «жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру» нормасымен толықтыру ұсынылады. Сонымен бірге Заңды «Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті» 18-1 бабымен толықтыру ұсынылады.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысымен бекітілген.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы № 898 Жарлығына сәйкес, ҚР Үкіметінен жергілікті атқарушы органдардың, министрліктердің қарауына берілетін функциялар тізбесінде «Қағидалар» қабылдау функциясы берілген. Айта кететін жағдай, Заңның 6-бабы 12) тармақшасына сәйкес ҚР АҚДМ аталған сыйлықты тағайындау тәртібін әзірлейді. Ақшалай сыйақының мөлшері жыл сайын республикалық бюджет комиссиясында бекітіледі, номинациялар жағын Қағида шеңберінде көздеу ұсынылады.

Осылайша, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың салалық сипатына байланысты, сондай-ақ Үкіметке жүктемені азайту мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту мәселесін ҚР АҚДМ деңгейіне беру және Заңның 6-бабының 12) тармақшасы шеңберінде көздеу ұсынылады.

Бұл ретте коллизияларды болдырмау үшін Заңның 5-бабында Үкімет құзыретіндегі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру тәртібін, оның ақшалай сыйақы мөлшерін және номинацияларын бекіту туралы норма алып тастау ұсынылады.

«Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетін құру және мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 253 қаулысымен ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды, оған этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту бойынша жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру, жастар арасында этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту мәселелері бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыруды жүзеге асыру функциялары берілді. Осыған сәйкес, Заңды «Этносаралық қатынастар саласындағы уәкілетті органның құзыреті» атаулы 14-1-бабымен толықтыру ұсынылады.

Мемлекеттік жастар саясаты саласында кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру процесін жүйелендіру мақсатында, Заңның 6-бабында ҚР АҚДМ құзыретінде мемлекеттік жастар саясаты саласында кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормасын бекіту ұсынылады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес осындай құзыреттер туристік қызмет, өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, арнайы әлеуметтік көмек беру, мемлекеттік қызмет және т.б. салалардағы уәкілетті органдарда бар екенін атап өткен жөн.

Бұдан басқа, жастардың волонтерлік қызметін реттейтін Заңның 29-бабын онда көрсетілген нормаларды «Волонтерлік қызмет туралы» ҚР Заңының нормаларымен үйлестіру мақсатында жаңа редакцияда баяндау қажет. Сонымен қатар, Заңның 20-бабында жастардың республикалық форумын өткізу тәртібін қайта қарау, оңтайландыру және жетілдіру ұсынылады. Сондай-ақ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы (бұдан әрі – «Жастар» ҒЗО) мемлекеттік жастар саясатын ғылыми-зерттеушілік сүйемелдеумен айналысады, сондай-ақ жастардың ресурстық орталықтарының қызметін әдістемелік қолдау және үйлестіру көрсетеді, осыған байланысты «Жастар» ҒЗО атауын «Жастар» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» деп өзгерту, сондай-ақ оның жұмысын күшейту үшін оның негізгі функцияларын заңды түрде бекіту ұсынылады. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамаға өзектендіру, сондай-ақ «Жастар» ҒЗО жұмысының форматы мен әдістерін нақтылау мақсатында Заңның 24-бабын жаңа редакцияда жазылу ұсынылады.

 

  1. Заң жобасын қабылдау мақсаттары

Заң жобасының мақсаты мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

 

  1. Заң жобасын реттеу мәні

Заң жобасын реттеу мәні мемлекеттік жастар саясаты саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады.

 

  1. Заң жобасының құрылымы мен мазмұны

Заң жобасы екі баптан тұрады:

1-бабымен Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:

1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі;

2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексі;

3) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы;

4) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы;

5) «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңы;

6) «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңы.

2-бапта Заңды қолданысқа енгізу тәртібі айқындалады.

 

  1. Тиісті саладағы заңнамалық актілерге жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижелері

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген, артық бланкеттік пен сілтемелік және тиімсіз іске асырылатын нормалар анықталған жоқ.

 

  1. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар

Заң жобасын қабылдаудың құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдары мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін арттырудан тұрады.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

 

  1. Басқа заңнамалық актілерді әзірленіп отырған Заң жобасымен бір мезгілде (кейін) сәйкестендіру қажеттілігі

Мынадай заңнамалық актілерді әзірленетін заң жобасына бір мезгілде сәйкес келтіру талап етіледі:

1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі;

2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексі;

3) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы;

4) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңы;

5) «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңы;

6) «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңы.

 

  1. Заң жобасы нысанасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен регламенттелуі

Қазіргі уақытта заң жобасын реттеу мәніне кіретін мәселелер  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодекспен; «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодекспен; «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңымен; «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңымен; «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңымен; «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Заңымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттеледі.

 

  1. Қаралып отырған мәселе бойынша халықаралық тәжірибенің болуы

Жастар саясаты кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі атрибуты болып табылады. Алайда, әрбір мемлекет өзінің саяси, тарихи, мәдени дәстүрлеріне және әлеуметтік-экономикалық жағдайларына сүйене отырып, жастармен жұмыс істеудің өзіндік көзқарасын қалыптастырады. Қазіргі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жастар саясатын жүзеге асыруды шартты түрде бірнеше түрге бөлуге болады.

Біріншісі жастар саясатын мемлекеттік органдар толығымен қалыптастырады және іске асырады деп болжайды, жастар саясат қосымшасының пассивті объектісі ретінде әрекет етеді. Жастар саясатының осы түрінің мысалдары ретінде екі мемлекет – Қытай мен Әзірбайжан қарастыруға болады. ҚХР – да жастар саясаты жөніндегі бас мемлекеттік орган – Коммунистік жастар лигасы. Жастармен жұмыс жөніндегі жалпы тұжырымдамалық құжат жоқ, бірақ 200-ден астам мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Олардың негізгі мақсаты – коммунистік идеология мен «Қытай ерекшелігі бар социализм». 5 жылдық мерзімге есептелген үшінші мемлекеттік бағдарлама қабылданды – «2017-2021 жылдардағы Әзірбайжан жастары». Негізгі қағидаттар: мемлекеттілікті және Әзірбайжан бірегейлігін қолдау, әзірбайжан халқының тарихына, оның мәдени мұрасына, мемлекеттік тілге, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға патриотизм негізінде құрмет көрсету.

Жекелеген елдерде жастар саясатын іске асыру үшін өңірлік және жергілікті деңгейлерде бейінді министрлік жанындағы орталықпен мемлекеттік желі құрылады, жастар мемлекеттік қызметтердің «клиенттері» ретінде әрекет етеді. Жастар саясатының осы түрінің мысалдары - Еуропалық Одақ елдері - Германия, Франция. Германияда Отбасы, қарт адамдар, әйелдер мен жастар істері министрлігі жанындағы бөлім, федералдық жерлерде – басқару, және жергілікті коммуналдық деңгейде – басқару жүйесі жұмыс істейді. Францияда республика (Ұлттық жастар кеңесі), департаменттер мен жергілікті муниципалитеттер деңгейінде әрекет ететін жастар кеңестерінің желісі қалыптасты. Бюджет қаражатын бөлу кезінде ең жоғары үлес-60% - жергілікті бөлімшелерге, 30% - өңірлік бөлімшелерге жіберіледі және тек 10% орталық аппаратта қалады.

Сондай-ақ, жастар саясатының жүйесі бар, онда мемлекеттің рөлі барынша азайтылған, яғни жастар саясаты саласында мемлекет пен азаматтық қоғам құрылымдарының теңдігі жұмыс істейді. Жастар саясатының бұл тәсілі АҚШ-та, Ұлыбританияда, Швецияда қолданылады. АҚШ-та жастарды қолдау мен қорғауға бағытталған 300-ден астам бағдарлама жұмыс істейді. Ерекше бағдарламалар әрбір ірі елді мекенде бар. Ең тиімді жобалар жаппай болып, Федералдық үкіметтен қолдау алады. Ұлыбританияда жастарды өзекті мәселелерді шешу үдерісіне тарту жүйесі жұмыс істейді: Біріккен Корольдіктің Жастар парламенті, «жастардың пікірін» білдіру үшін өңірлік жастар кеңестері мен құрылымдары («local youth voice structures»). Мақсаты-жастарды жастар саясатының дербес «дизайнына» ынталандыру. Швецияда жастар саясаты қатаң регламенттеу, бірыңғай ұлттық бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу тәжірибесі жоқ. Жастардың өзін-өзі басқаруы белсенді дамыған: Парламент жанында мемлекеттік жастар кеңесі жұмыс істейді. Мұндай кеңестер муниципалдық деңгейде де құрылады. Олардың мақсаты – жастарды барынша маңызды мәселелер бойынша өз пікірін қалыптастыру, білім беру, мәдениет, шығармашылық, ұлтаралық қатынас саласындағы мәселелерді шешу.

NEET санатындағы жастар (not in employment, education or training) – бұл термин Ұлыбританиядан бастау алады және кейіннен оны көптеген халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ қабылдады.

Халықаралық еңбек ұйымы әдіснамасына сәйкес, NEET жастар – жұмыс істемейтін, білім алу немесе кәсіби даярлықпен айналыспайтын және білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту саласынан тыс жастардың бөлігі. Бұл санатқа кіретін жастар: үй шаруашылығын жүргізумен айналысатын еңбек тәжірибесі жоқтар (жас аналар, жас жалғыз басты аналар), мүгедектігі бар адамдар, тәуелсіз жұмыскерлер (фрилансерлер, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар), жұмыс іздемейтін және оқу оқымайтын, сонымен қатар басқа да міндеттемелер немесе денсаулық жағдайына байланысты шектеулермен ауыртпалық жүктелмеген белсенді емес жастар, білім алуды тоқтатқан жастар, белсенді жұмыс іздеп жүрген немесе оқуға түскісі келетін жастар, бірақ олар өз дағдылары мен мәртебесіне сәйкес келеді деп санайтын бос орындарға немесе мүмкіндіктерге ғана бағдарланған, мектептен кейін оқуды жалғастырғысы келетін, бірақ оған мүмкіндігі жоқ аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, бейәлеуметтік жастар тобы – бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, есірткі мен ішімдікке тәуелді жастар. Бүгінгі күні жастардың аталған санатын ресми, заңды түрде формалды түрде жұмыс жүргізу үшін заңнамалық деңгейде заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі пісіп-жетілді.

Экономика, білім беру және еңбек нарығының қазіргі жаһандану жағдайында жастар арасындағы үрдістерді халықаралық және ұлттық деңгейде талдау ұзақ мерзімді Жастар стратегиясы үшін негіздер әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Жастар дамуының жаһандық индексі (Global Youth Development Index, YDI) маңызды көрсеткіш болып табылады, ол бес басты саланы өлшейді: білім беру, денсаулық сақтау және әл-ауқат, жұмыспен қамту, азаматтық, саяси қатысу. Аталған индекс еліміздегі мемлекеттік жастар саясаты процестеріне жаппай кіруде, оны заңнамалық бекіту қажеттілігі бар.

Швейцарияда жыл сайын 300 мыңға жуық оқушы жарақат, буллинг, қорқыту және қорлау құрбандарына айналады. Швейцарияның қылмыстың алдын алу жөніндегі ұйымы «Жастар арасындағы зорлық – зомбылық» атты брошюрасын шығарды, онда девиантты мінез-құлықтың негізгі себептері – үлкендердің қысымы, тітіркену және скука көрсетіледі. Ата – аналарға арналған ұсынымдарда қақтығыстар-өмірдің ажырамас және қалыпты бөлігі, алайда баланы зорлық-зомбылықтан ажыратуға үйрету қажет деп белгіленді. Мысалы, мектепте улау, буллинг – бұл зорлық-зомбылық, және мұндай көріністерді төзуге немесе алаңдатуға болмайды. Брошюра ата-аналар арасында, кеңселері әр мектепте ашылған әлеуметтік қызмет арқылы таратылады.

Қазіргі жастар саясаты тәсілдердің алуан түрлілігімен сипатталады,алайда жастармен жұмыс істеу тиімділігі жалпы мемлекеттің табыстылығының көрсеткіші болып табылатындығы сөзсіз болып қала береді. Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатының қазақстандық моделі үшін Еуропалық тәсіл неғұрлым жақын. Бұл жүйелі тәсіл мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде қазіргі заманғы жастардың әлеуметтік проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатының жеке моделі қалыптасты және жалпы әлемдік үрдістерге сай келеді.

 

  1. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар

Заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарға әкелмейді.

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.