Өнегелі әулеттің өшпейтін мұрасы: ерлік пен ұстаздықтың өрнекті жолы
Тарих - өткеннің ізі ғана емес, ұлттың рухани өзегі мен болашаққа бастар бағдары. Әр дәуір өз заманына сай ел тағдырына ықпал еткен тұлғаларды дүниеге әкелген. Елі үшін аянбай еңбек еткен, адамгершілік болмысымен ерекшеленген жандар халық жүрегінде мәңгілік орын алады. Осындай тағылымы мол, қайсар тұлғалардың бірі - Сансызбай Иісұлы.
Сансызбай Иісұлы қазіргі Абай облысы Семей өңірінде дүниеге келіп, өмір жолын Шығыс Түркістан аймағымен байланыстырған тарихи тұлға. Өзі өмір сүрген кезең ел тағдыры талқыға түскен, қоғамдық-саяси өзгерістер жиілеген алмағайып уақыт еді. Осындай күрделі шақта ол халықпен бірге болып, ел мүддесі жолында өз ғұмырын арнаған.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістан өңіріндегі жағдай күрделене түсті. 1930 жылдары орын алған саяси өзгерістер мен тұрақсыздық халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етті. Осы кезеңде Сансызбай Иісұлы түрлі жауапты қызметтер атқарып, ел ішіндегі тәртіп пен тыныштықты сақтауға атсалысты.
Батыр атамыз қиын-қыстау заманда тек бұйрықты орындаушы емес, жүрегі елім деп соққан азамат болған. Қызметтің қатаң шеңберінде жүрсе де, жазықсыз жандарға араша түсіп, талай тағдырды ажалдан арашалап қалғаны оның адамдық болмысының биігін айқындайды. Мұндай әрекеттер сол дәуірде үлкен батылдықты талап ететін. Бұл нағыз ерлік пен парасаттылықтың мызғымас белгісі.
1932-1933 жылдары ол Шыңжаң қазақтарына қатысты арнайы құрылымдар құрамында жұмыс жасап, шекаралық өңірлердегі ахуалды реттеуге қатысқан. Байтікен, Майлыбай, Қызылқайың маңындағы ел ішіндегі шиеленісті жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз тер төккен. Ол кезеңде Қытайдағы саяси жағдай күрделене түскен. Қазақ ауылдары түрлі қысымға ұшырап, көшіп-қонуға мәжбүр болып, барар жер, басар тауы қалмай тұрақты пана іздеген. Осындай қиын да күрделі уақытта Сансызбай атамыз өзі көш бастап, халықты ұйымдастырып, қауіпсіз жерге көшуге көмектескен. Аумалы-төкпелі кезеңнен аман қалған жазықсыз жандар: «Сәкеңнің арқасында тірі қалып едік, татар талқанымыз бар болғандықтан, аман қалдық, содан ұрпақ өрбіттік, ұрпақтарымыз Сәкеңнің игі істеріне қарыздар, Сәкең елім деп, жұртым деп туған ардагер азамат» деп айтып кеткен екен.
Оның өмір жолы тек күрес пен қайсарлықтың ғана емес, адамгершілік пен ұлтқа деген адалдықтың айқын көрінісі. Ер ерлігі дабырамен айтылмайды, бірақ халық жүрегінде өмір бақи сақталады.
Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс жылдары Сансызбай Иісұлы тарихи үдерістердің бел ортасында жүрген. Іле, Тарбағатай өңірлеріндегі қоғамдық жұмыстарға қатысып, ел ішіндегі ықпалды тұлғалармен байланыс орнатқан. Оспан батыр бастаған қозғалыс кезеңінде де халықтың амандығын бірінші орынға қойып, қақтығыстарды ушықтырмай, мүмкіндігінше бейбіт шешім табуға ұмтылған.
Замандастарының естеліктерінде ол Құлжа қаласы маңында қызмет атқарып, қазақтар шоғырланған елді мекендердің жағдайымен жақын танысып отырған. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерге көңіл бөліп, қоныстану, тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында нақты істердің шешімін тапқан.
1940 жылдардың ортасынан кейінгі кезеңде өңірдегі саяси жүйе өзгергенімен, Сансызбай Иісұлы елмен етене байланысын үзбей, тар жол тайғақ кешуге қарамастан, әркез халқының қамын ойлаған. 1945 жылдан кейін Тарбағатай аймағына оралып, ішкі істер саласында қызметін жалғастырып, қай кезде де халықпен бірге болған.
1962 жыл - қазақ тарихындағы ең ауыр әрі тағдырлы кезеңдердің бірі болды. Бұл жыл ел жадында «соңғы көш» деген атаумен сақталған. Сол уақытта көршілес Қытай жеріндегі қазақтардың жаппай Қазақстанға қоныс аударуы басталып, миллионнан астам қандастарымыз тарихи Отанына бет алды.
Бұл көш - жай ғана қоныс аудару емес, тағдырлы шешім, ұлт тарихындағы үлкен бетбұрыстың негізін қалады. Осы тарихи үдерістің куәгері, шынайы кейіпкері болған Сансызбай Иісұлы да елмен бірге атамекенге оралуға ниет білдірген. Осы әрекеті оның туған жерге деген терең құрметін, ұлттық болмысының беріктігін көрсетеді.
Өз естеліктерінде Сансызбай Иісұлы сол кезеңнің қиындықтарын былай деп сипаттайды:
«Бірер солдаттармен шығып, олардан 3-4 метр алға жылжып, Жайтөбені көруге асығамын. Алыстан бұлдырап көзіме оттай ыстық басылған Жайтөбені көргенде көзімнен ыстық жас төгіліп кетеді. Шеріктерге көрсетпей, көз жасымды сығып-сығып алушы едім. Жайтөбеден көз алмай тұрып, бір Алладан тілеген тілегім: «Өзің жаратқан Сансызбай болсам, дұшпанның найзасына іліндірмей, Жайтөбенің топырағынан бұйырта гөр», деп жалбарынады екен. Бұл айтылған сөздер сол кезеңдегі жағдайдың қаншалықты ауыр болғанының дәлелі.
Сансызбай Иісұлы өз заманында ұлы тұлғалар - Дінмұхаммед Қонаев, Мао Цзедун, Оспан батырдың баласы Шертиман Оспанұлымен кездесіп, ел тағдырының келешегіне үн қосқан.
Кейін Қазақстанға оралған соң, Сансызбай Иісұлы туған жері Мақаншыда еңбек етіп, суы шипа, қара балшығы ем болған қасиетті Алакөл маңындағы жаңа Көктал ауылының іргетасының қалануына негіз болып, елдің қарқынды түрде дамуына үлес қосқан.
Сансызбай Иісұлының өмір жолы - түрлі тарихи өзгерістермен қатар өрбіген, күрделі кезеңдерден өткен, бірақ адамдық қасиетін жоғалтпаған мың жылда бір туатын халқына пана болған нағыз батырдың тағдыры. Ол үлкен атаққа ұмтылмағанымен, халық арасында адал еңбегімен, әділдігімен, қайсарлығымен есте қалатын тұлға.
Осындай өнегелі әкенің тәлімін көріп өскен қызы - Фариха Сансызбайқызы бейбіт өмірде елге қызмет етудің өзгеше әрі жауапкершілігі мол жолын таңдаған. Фариха Сансызбайқызы - ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, өмірлік мұрат еткен, бар ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған ұлағатты жан. Ұстаз болу жай ғана мамандық емес, бұл - әке аманатына адалдықтың бір көрінісі. Ол осы жолды саналы түрде таңдап, мектеп қабырғасында талай буын саналы ұрпақты тәрбиелеп шығарып, олардың жүрегінде ерекше құрметпен сақталған.
Фариха Сансызбайқызы - әке өсиетіне берік болып, туған жері Көктал ауылында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты ұстаз.
Фариха апай ұстаздық жолында қажырлы еңбек етіп, әр шәкірттің бойынан тұлға қалыптастыруға қажырлы күш салды.
Аяулы ұстазымыз тек білім берумен ғана қоюмен шектелмей, әр оқушының бойына адамгершілік, отансүйгіштік, елге қамқорлық, жауапкершілік, туған жерге тағзым сияқты қасиеттерді сіңіре білді.
Оның әр сабағы - өмір сабағы, әр айтқан сөзі - тәрбиенің терең өзегіне айналған.
Көктал ауылында тәрбиеленген сан мыңдаған шәкірт Фариха апайдың тәлімін көріп, үлкен өмірден жарқын тұлға ретінде өз орындарын тапты. Бүгінде олар қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүргені - ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.
Мектебіміз үшін Фариха Сансызбайқызының орны әркез ерекше болып қала береді. Ол - ұжымның тірегі, шәкірттердің жүрегінде жылулық орнатқан ардақты ұстаз, кейінгі буынға үлгі болар тұлға, білім ордасының жарық шамшырағы.
Қайсар әке мен ұлағатты қыздың өмір жолдары әр кезеңде, әр салада өрбігенімен, олардың мақсат-мүддесі бір арнада тоғысады. Бірі - ел басына күн туған шақта халқына қорған болды, екіншісі - бейбіт заманда сол елдің жарқын болашағын тәрбиеледі.
Осы жандардың өмір жолынан біз елге қызмет етудің ең басты қағидасы адалдық пен жауапкершілік қасиеттері екенін ұғына аламыз.
Сансызбай Иісұлы мен Фариха Сансызбайқызының тағылымы мол тағдыры - ерлік пен еңбектің, тарих пен тәрбиенің өзара сабақтасқан үлгісі.
Өнегелі әулеттің тағылымы ешқашан ұмытылмауы тиіс, себебі бұл тек бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың рухани қазынасы.
Нұргүл Айткәрімқызы Жазыбаева
Абай облысы, Мақаншы ауданы, «Көктал орта мектеп-бақша» КММ директоры
[xfvalue_img]
