КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖЕДЕЛ ЖӘНЕ ОДАН ӘРІ КЕҢ ДАМЫТУ ҮШІН БАРША ЖАҒДАЙДЫ ЖАРАТУ — ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖЕДЕЛ ЖӘНЕ ОДАН ӘРІ КЕҢ ДАМЫТУ ҮШІН БАРША ЖАҒДАЙДЫ ЖАРАТУ — ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтың  кәсіпкерлермен ашық әңгімелесу түрінде өткен кездесудегі сөйлеген сөзі

Құрметті кәсіпкерлер және кездесуімізге қатысушылар!

Алдымен, бүгін баршаңызды сау-саламат және көтереңкі көңіл күйде көріп тұрғаныма қуаныштымын.

Соңғы жылдарда сіздер экономикамыз бен реформаларымыздың тірегі мен локомотивіне айналдыңыздар, деп айтуға барша негіз бар.

Сіздер сияқты істің көзін білетін, іскер жерлестеріміздің мысалында шын мәніндегі Жаңа Өзбекстанның жасампаздарын көреміз.

Бұл жайлы сөз өрбігенде, елімізде әр жылы жаратылып жатқан жұмыс орындарының 90 пайызы жеке сектордың үлесіне тура келетінін айту керек. Қазіргі күнде осы тармақта 5 миллионнан астам адам, әсіресе, жастар еңбек етіп жатқаны оның тек экономикамыздағы ғана емес, әлеуметтік өміріміздегі орны да артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан да егер біз экономикамызды, әлеуметтік саланы одан әрі өркендетеміз десек, кәсіпкерлікті дамыту үшін барша мүмкіндік пен жағдай жаратып беруіміз қажет.

Әрине, соңғы 3-4 жылда кәсіпкер үшін несие және субсидия алу, лицензия, жылжымайтын меншік және ресурстарға ие болу, экспорт сияқты мәселелерде көптеген жаңа мүмкіндік және жағдай жараттық. Артықша тексерулерге, нақты ақша, валюта және шикізат бойынша шектеулерге, тосқауылдар мен кедергілердің көпшілігіне тойтарыс берілді.

Ең бастысы, ел-жұртымыздың арасында және мемлекеттік кеңселерде кәсіпкерлерге деген көзқарас өзгерді, қоғамда олардың беделі мен мәртебесі күн сайын артып келеді. Сөйтіп ішкі және сыртқы базарда өзінің берік орнына, беделі мен брендіне ие нағыз кәсіпкерлер буыны қалыптаса бастады.

Мысалы, бір ғана Наманган облысында “Chust Тextile” (ағалы-інілі Исматуллаевтар), “Art Soft Holding” (ағалы-інілі Бобохоновтар), Ташкент қаласында — “Techno export” (Шерзод Қосимов), Ташкент облысында “New Way Industries” (Сардор Аббосхонов), Самарқантта — “Oxalik Oltin Bog`i Mevasi” (Олим Солиев) сияқты кәсіпорындар өзінің жұмысын “нөлден” бастап, қазіргі күнде     10-15 миллион долларлық өнімді экспорттауда. Дәл бүгінде олардың әрқайсысы мыңдаған жұмыс орындарын жаратып, беделді ірі компанияларға айналғаны мақтауға ла­йықты.

Мұндай жоғары нәтижемен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар әрбір аумақта көптеп табылатынын айту керек. Мысалы, Әндіжанда “Dinar textil” (Хадиятилло Тиллобоев), Қашқадарияда — “Bunyodkor” (Ғолиб Эрқулов), Сырдарияда — “Sirdaryo mega lyuks” (Мухиддин Норматов), Ферғанада “Fergana global textile” (Муминжон Разақов), Хорезмде — “Xorazm tex” (Алишер Собиров), Жызақта — “Sangzor tekstil” (Отабек Хужаметов), Бұхарада — “Parvoz xumo ravnaq trans” (Шермухаммад Очилов), Сұрхандарияда “Indenim klaster” (Шерзод Шоймардонов), Науаида — “Baht-Textile” (Бахриддин Муминов) сияқты кәсіпорындар, қысқа мерзімде өнідіріс, экспорт және жұмыс орындарын 10-15 есеге арттырғанын ерекше айтып өтпекшімін.

Камол Абдуллаев, Қутлимурод Панаев, Муртазо Рахматов, Улуғбек Сотиболдиев, Улуғбек Тухтабоев, Мурод Якубов, Зафар Хошимов, Шавкат Жамолов, Мурод Назаров, ағалы-інілі Мамасаидовтар, Фаррух Фузаилов, Бахтияр Азизхужаев, Фарход Мамажанов, Бекзод Маматқулов, Бахтияр Умаров сынды беделді кәсіпкерлеріміз өз бизнесін бүкіл еліміз көлемінде кеңейтіп отыр.

Құрметті шара қатысушылары!

Мен бүгін осы залда және жер-жерлердегі студияларда қатысып жатқан жүздеген кәсіпкер жастар мен әпке-қарындастарымызды көріп тұрғаныма өте қуаныштымын.

Біз соңғы 2 жылдың өзінде тек қыз-келіншектер мен жастардың кәсіпкерлігін дамытуға 500 миллион доллар қаржы бағыттадық. Олардың өз бизнесін бастауы, атап айтқанда, кәсіп пен кәсіпкерлікті мұқият үйренуі үшін барша жағдай жасалды.

Наманганнан — Анна Добрих, марғыландық — Наргиза Аминова, хорезмдік — Шахло Юлдошева, Ташкент қаласынан — Мунира Қориева, Мадина Аюпова, Ташкент облысынан — Наргиза Бекмуродова, сұрхандариялық — Мухаббат Қаюмова сияқты жүздеген қыз-келіншектеріміз бүгінде ел-жұртымызға танылған кәсіпкерлерге айналды.

Соңғы 5 жылда елімізде жас кәсіпкерлер 5 есе көбейіп, олардың саны 500 мыңнан асты.

Кәсіпкер әйелдер мен жастардың қатарын одан да кеңейту, оларды жан-жақты қолдап-қуаттау бұдан кейін де экономикалық саясатымыздың ең үстем бағыттарының бірі болып қалады.

Қадірлі кәсіпкер достарым!

Біз әрдайым ізденіп, жаңалыққа жаны құмар болып жасайтын кәсіпкерлерімізді, өз ісінің жанкүйері, отансүйгіш адам деп білеміз және оларды қадірлейміз.

Әсіресе күрделі пандемия кезіндегі сынақ және қиыншылықтар уақытында халқымыз­ға медет болып, өз бизнесін сақтап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын жаратып, мұқтаждарға көмек беріп жатқан, сондай-ақ өндіріс пен экспортты арттырған кәсіпкер достарыма бүгін шын жүректен рақмет айтамын.

Осындай белсенді де жанкүйер 100 кәсіпкерге, алғыс ретінде бірінші рет Өзбекстан Республикасы Президенті атынан алғысхат­қа қол қойдым.

Сол кәсіпкерлердің 50-ы осы залда, қалған 50-ы аумақтық студияларда отыр.

Мүмкіндікті пайдаланып, осындай құрметке ие болған жанкүйер, отансүйгіш, жомарт, күш-қайратты кәсіпкерлер мен іскерлерге тағы да бір рет терең алғысымды білдіремін және сіздердің қатарларыңыз бүкіл еліміз бойлап күн сайын кеңейе беретініне сенімдімін.

Ғазиз отандастар!

Бүгін алғаш рет мүлдем жаңаша форматта — ашық әңгімелесу түрінде сіздермен бетпе-бет кездесіп, бизнес саласындағы проблема және мәселелер жайлы егжей-тегжейлі сөйлесіп алуға шешім қабылдадық.

Хабарларыңыз бар, кембағалдықты қысқарту, “махаллабай” жұмыс істеу, жер-жерлердегі өсу нүктелерін анықтау, жұмыссыздықты кемейту, тұрғындардың табысын арт­тыру бойынша үлкен мәрелерді белгілеп алдық. Бұл ретте мемлекеттік кеңселер және қызмет көрсетуші барлық ұйым кәсіпкерлермен әр күні жақыннан ынтымақтастық жасап, оларға іс жүзінде көмек көрсетуі шарт.

Бүгінгі әңгімелесуге дайындық үдерісінде көптеген сұрақ және ұсыныстар түскендіктен, өтініштердің қабылдау мерзімін 1 августан 10 августқа дейін, яғни 10 күнге ұзартуға мәжбүр болдық. Кәсіпкерлерден 15 мыңнан астам сұрақ, ұсыныс пен бастама келіп түсті және осы күнге дейін жер-жерлерде олардың көпшілігі шешілді.

Әсіресе Әндіжан, Наманган және Сұрхандария облыстарында істер жүйелі ұйымдас­тырылып, кәсіпкерлеріміздің 90 пайыз проб­лемасы қысқа мерзімде шешілгені қуантарлық жайт.

Қай жерде орта жақсы болса, аумақ пен сала басшылары Президенттің талабын дұрыс түсінген болса, сол жерде жұмыс тәсілі, кәсіпкерлерге көзқарас өзгерген. Керісінше кәсіпкердің дертін түсінбеген, олардың көтерген проблемасының ішіне кірмеген, көмек бермеген басшылардың қызметіне халқымыздың өзі баға береді және мұндай басшыларға біздің қатарымызда орын жоқ және болашақта да солай болады.

Бір нәрсені баршамыз анықтап түсініп алуымыз керек. Кәсіпкерлеріміздің осы өтініштері — іс жүзіндегі реформаларымыздың айнасы. Сондықтан әрбір ми­нистрлік және кеңсе басшысы, облыс, аудан және қала әкімдері келіп түскен өтініштерді өзінің қызметіне берілген баға деп білуі, одан дұрыс қорытынды шығарып, осы бағытта шұғыл өзгерістер жасауы қажет және шарт.

Бастама көтере алмайтын, жаңа идеяларды көтеруге, өзгеріс жасауға ұмтылысы жоқ басшыларға қатысты талап және шаралар өте қатаң болады.

Құрметті бизнес өкілдері!

Мен сіздер көтерген мәселелермен жан-жақты танысып шықтым. Сондықтан сіздерді қинап жатқан барша проблема және сұрақтардан толық хабардармын.

Бүгінге дейін ең өзекті проблемаларды жүйелестіріп, оларды шешуге қаратылған 7 маңызды бағыт бойынша іс-шаралар бағдарламасын жасадық. Бүгін сіздермен бірге оларды толық талдап алмақшымыз.

Бірінші бағыт. Сіздерден келіп түскен өтініштердің 40 пайызы бизнесті қаржыландыру және қаржы-несие мәселелерімен байланысты екен. Осы өтініштердің негізгі бөлігінде несие ставкаларының жоғарылығы мен көптеген несиелердің қысқа мерзімге, кәсіпкер үшін қолайсыз шарттармен беріліп жатқаны айтылған.

Мысалы, Үргітте электр техникасы өнімдерін шығаратын “Sam Elektro Servis” кәсіп­орны екі жарым миллиард сум несиені 3 жыл мерзімге алғаны, кәсіпорын пайдамен жұмыс істеу үшін оған кемінде 5 жыл керектігі айтылған.

Шындығында да кәсіпкерлерге бүгінде беріліп жатқан көпшілік несиелердің мерзімі 3 жылдан аспайтынын мойындауымыз керек.

Сондай-ақ, банктерден 18 мыңға жуық кәсіпкерге жылдық 8-10 пайыз шетелдік валютада берілген несие, валюта бағамының тұрақты өсуі есебінен, қосымша қаражаттарды туындатуда. Бұл жайлы мыңнан астам өтініш келіп түскені де осы мәселелер кәсіпкерлікті дамыту жолында ауыр жүк, тосқауыл болып тұрғанын көрсетуде. Сондықтан коммерциялық банктердің ұзақ мерзімді ресурс базасы мен несиелердің баламалы пайыз ставкаларын қалыптастыру бойынша кешіктіруге болмайтын шараларды қарастыруымыз талап етіледі.

Біріншіден, банктердің капиталын арттыру бойынша қосымша мүмкіндіктер іске қосылады. Ол үшін келесі жылы банктерге Тіктелу және даму қорынан базар қағидаттары бойынша қосымша 600 миллион доллар бөлінеді. Бұл қаржы байқау негізінде әрі мемлекеттік, әрі жекеменшік банктерге орналастырылады.

Қайсы банк ең жақсы бизнес жоспар, қайтымы жоғары және ең көп жұмыс орнын жарататын жобаларды ұсынса, осы қаржы сол банктерге беріледі.

Екіншіден, жоғарыда айтылған қаржыны жұмылдырмақшы болған банктің өзі де сыртқы және ішкі қаржы базарынан кемінде 30 пайыз қосымша ресурс табады. Атап айтқанда, банкттер тарапынан келесі жылы халықаралық қаржы базарларына ұлттық валютада 5 триллион сумдық еуробондтар шығарылады.

Сонымен қатар Өзбекстан базарында жұмыс істеуге дайын, заманалық технологияларға ие ірі шетелдік банктердің елімізге кіріп келу үшін кең мүмкіндік жаратамыз. Бұл да өз кезегінде кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай береді және банк жүйесінде біз үшін керек салауатты бәсеке пайда болады.

Бүгінгі мәжіліске қатысып жатқан әрбір банк басшысы өзіне “шұғыл күшейіп бара жатқан бәсекеге лайықты болу, сондай-ақ кәсіпкерлерді риза ету үшін нені өзгертуім керек” деген сұрақты беріп, одан дұрыс қорытынды жасауы қажет.

Үшіншіден, банктер шеттен ресурсты қай валютада жұмылдыруына қарамастан, кәсіпкерге несиені ұлттық валюта — “сумда” және бизнес өкілдеріне қолайлы па­йызда беру жүйесі жолға қойылады.

Шетелдік валютада несие алған және бүгін қиын жағдайға түсіп қалған жүздеген кәсіпкер осы мәселені өз өтінішінде көтерген. Сондықтан Қаржы министрлігі жанында Валюталық тәуекелдерді басқару компаниясы және аумақтарда оның филиалдары ұйымдастырылады. Осы компания банк­тер тарапынан шетел валютасында жұмылдырылған қаржыларды сумға өткізіп, несие­ні ішкі базарда тек ұлттық валютада беру үшін қажетті жағдай жаратады.

Қысқасын айтқанда, бұдан былай доллар немесе евро бағамының өсуі кәсіпкер үшін қосымша проблема немесе артықша қаражатты туындатпайды. Бұл компания барша аумақ және тармақтармен жақыннан ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Төртіншіден, бұдан былай Үкімет тарапынан халықаралық қаржы ұйымдарынан жұмылдырылып жатқан жеңілдетілген қаржылар есебінен банктерге берілетін несиелердің мерзімін шектеу практикасы жо­йылады.

Осы мәселінің шешіміне Премьер-министрдің орынбасары, экономикалық даму және кембағалдықты қысқарту министрі Ж.Қучқоров, қаржы министрі Т.Ишметов, Орталық банк төрағасы М.Нурмуродов жеке жауапкер болады.

Бесіншіден, үстіміздегі жылдың 1 октябрінен бастап бұрын 1 миллион долларға дейін шетелдік валютада алынған 6 мыңға жуық кәсіпкердің жалпы 1 миллиард долларға жуық несиесі, кәсіпкер мен коммерциялық банк арасындағы келісім негізінде ұлттық валютаға өткізіліп беріледі.

Жалпы айтқанда, жоғарыда тілге тиек етілген механизмдердің есебінен коммерциялық банктерде әр жылы орташа 30-40 триллион сумдық ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді қосымша ресурстар қалыптасады. Соның есебіне кәсіпкерлер ұлттық валютадағы несиелерді ұзақ мерзімде және қазіргі ставкалардан кемінде 5 пайыз арзан алу мүмкіндігіне ие болады.

Мұндай жаңа мүмкіндіктер елімізде кәсіпкерліктің дамуына күшті түрткі береді деп ойлаймын.

Құрметті кәсіпкерлер!

Барлығы да арзан несие алуды қалайтынын мен жақсы түсінемін. Бірақ несие бо­йынша пайыз ставкаларын жасанды түрде төмендетсек, ақша-несие базарындағы тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан экономикаға арзан несие береміз деп, макроэкономикалық тұрақтылықты ұмытып кетпеуіміз керек. Тұрақтылық болмаса, экономикалық өсу бойынша көзделген мақсатымызға жете алмаймыз.

Бұл ретте пайыз ставкаларына тікелей әсер ететін инфляцияны, тағы да қайталап айтамын, инфляцияны төмендету мен банк арқылы несие алу үдерісін толық базар механизмдеріне өткізуге қаратылған істерді дәйекті жалғастырамыз.

Заманалық базар қағидаттарында жұмыс істеу үшін аумақтарда банктер жоба фабрикалары және кәсіпкерлікке оқыту орталықтарын ұйымдастырып, шетелдік мамандарды жұмылдыруда. Осы орталықтар кәсіпкерлерге, әсіресе жастарға өз идеяларын практикаға енгізуде, бизнес жоспар жасау мен қаржы жұмылдыруда көмектеседі, сондай-ақ оларға бизнес үдерісінің барлық тізбегінде көмекші болады.

Жалпы инфляция дәрежесін үстіміздегі жылы 10 пайызға, келесі екі жылда 5 пайыз­ға түсіруді жоспарлағамыз. Бұл табиғи түрде несие ставкаларын қолайлы дәрежеге дейін түсіру және мерзімін ұзарту мүмкіндігін береді.

Алтыншыдан, реформаларымыз үшін өте маңызды болған жанұялық кәсіпкерлік бағытында да 2 мыңға жуық өтініш түскен. Енді бұл жаңа жүйеде адамдарымыз кәсіпкерлік үшін несие аламын деп әкімдікке, банкке немесе басқа кеңсеге барып отырмайды, аспап-қондырғыларды сатып алу үшін қамтамасыз етушілерді қайдан табамын, деп бас қатырып отыруға қажеттілік жоқ.

Несиені ресімдеуден бастап, өнімді алу мен сатуға дейінгі барша үдеріс электронды түрде, онлайн формасында шешіледі. Өз кезегінде осы платформа қамтамасыз етуші кәсіпорындар үшін де кемінде 10 триллион сумдық база жаратады. Яғни, қамтамасыз етушілер үшін өздері шығар­ған аспап-қондырғыларды, шикізат және дайын өнімдерді тікелей сату мүмкіндігін жаратады.

Экономикалық кешен басшылары — Премьер-министрдің орынбасары Ж.Қучқоров, Орталық банк төрағасы М.Нурмуродов, коммерциялық банктер үш ай мерзімде жер-жерлерде кәсіпкер мен тұрғындарға осы қолайлылықтарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, оны тиімді пайдалануды жолға қоюды ұйымдастыруы керек. Бұл ретте жұмысты махаллабай ұйымдастыру бойынша Әндіжан тәжірибесін бүкіл елімізде кеңінен қолдану қажет.

Жетіншіден, көптеген өтініштерде бизнесті қаржыландыру көздерін одан да көбейту мақсатында банктен сыртқы несие ұйымдарын ашу мен жүргізуге деген қолданыстағы талаптарды кеңейтуде және жеңілдетуді сұраған. Бұл мәселені Әндіжаннан “Almaz Finans” кәсіпорнының басшысы Олимжон Охунов пен Жызақтан “Diamond-N Trade Capital” кәсіпорнының басшысы Шерзод Соатов көтерген.

Мұндай ұсыныстар бізге өте мақұл болды. Сондықтан үстіміздегі жылдың 1 октябрінен бастап микроқаржы ұйымдарын лицензиялау тәртібі толық жойылады. Енді олар өз қызметін бастау үшін тек Орталық банк реестріне кірсе жеткілікті.

Сонымен қатар бұдан былай оларға касса үшін бөлмелер ұйымдастыру, аумақтарда филиал ашуда Орталық банктің разылығын алу шарт емес. Олардан кәсіпкерлерге берілетін микронесие (300 миллион сум) және микролизинг (600 миллион сум) үшін қолданыстағы шектеулер де алып тасталады.

Сонымен қатар микроқаржы ұйымдарына басқа ұйымдардан қаржы жұмылдыру, облигациялар шығару құқығы да беріледі. Сондай-ақ, осы ұйымдар дәл банктер сияқты төлемдерді қабылдау өкілетіне де ие болады.

Жалпы айтқанда, жаңа мүмкіндіктердің есебінен де несие базарында кәсіпкерлерімізге жылына қосымша 10 триллион сум қаржы қалыптасады.

Екінші бағыт — салық жүйесін жетілдіру, бизнеске салық жүгін мүмкіндігінше кемейту.

Соңғы үш жылда салықтар түрі 16-дан 9-ға қысқарғаны белгілі.

Көпшіліктің есінен де шығып кеткен болуы мүмкін, жуыққа дейін Зейнетақы, Мектеп және Жол қорларына бизнес үшін ауыр жүк болған 3,2 пайызды алымдар төленетін еді. Осы алымдар кәсіпорындардың пайдасына қарамастан, айналымнан алынып, олардың көлемі кәсіпорындардың кемінде 20-25 пайыз пайдасына тең болған.

Бюджеттен тыс қорларға осы алымдарды жоюдың есебінен 7 мыңға жуық кәсіпорын жыл сайын орта есеппен 6 триллион сум салық төлеуден азат етілді. Мысалы, бір ғана “Andijankabel” кәсіпорнының иелігінде 11 миллиард сум, “Lactalis Agro” біріккен кәсіпорнында 3 миллиард сум қаржы қалатын болды.

Мал-мүлік, табыс салығы және әлеуметтік салықтар ставкалары екі есе кемейтілді.

Нақты мысалдармен айтатын болсақ, транспорт саласында салық жүгі — 3 есе, азық-түлік өнеркәсібінде — 2 есе, тоқымашылық және электр техникасы өнеркәсібінде 20 пайызға дейін кемейді.

Әсіресе пандемия кезеңінде қаражаттарымыз шұғыл артқанына қарамастан, қосыл­ған құн салығы 20 пайыздан 15 па­йызға дейін түсірілді, көп зиян көрген тармақтар­ға әлеуметтік салық 12 пайыздан 1 пайыз­ға кемейтіліп, мал-мүлік және жер салығын төлеуден түгелдей босатылды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер иелігінде қалған 2 триллион сум қаржыны бизнес қызметіне жұмсау мүмкіндігін берді. Дегенмен салық ставкалары және салық әкімшілігі бойынша кәсіпкерлер көтерген сұрақтар әлі де өте көп.

Біріншіден, өткен жылы жаңа Салық кодексі қолданысқа кіргізілгеннен кейін 23 арнаулы экономикалық аймақ қатысушылары алдыңғы жеңілдіктеріміз сақталып қала ма немесе жоқ па деп алаңдауда. Осы мәселеде арнаулы экономикалық аймақтар қатысушысы саналған Сырдариядан “AWP” біріккен кәсіпорны (Комил Мирзаев), Ташкент облысындағы “Steel Pipe Company” (Азизхон Хафизхонов) сияқты 70-тен астам кәсіп­орын өкілдері өтініш айтқан.

Бұл ретте бір пікірді нақты айтпақшымын: 2020 жылғы февраль айында “Арнаулы экономикалық аймақтар туралы” заң қабылдан­ғанға дейін экономикалық аймақтардан тіркеуден өткен кәсіпкерлерге берілген жеңілдіктер сақталып қалады. Оған заңмен кепілдік берілген. Атап айтқанда, осы кәсіпкерлер инвестиция көлемі ескеріліп, мал-мүлік, жер және су салықтарынан 10 жылға дейін босатылған еді.

Енді осы жеңілдіктерге табыс салығы да қосылады және кәсіпорындардың иелігінде жылына дерлік 300 миллиард сум қаржы қалады. Мысалы, “Сырдария” еркін экономикалық аймағындағы “Temur Med Farm” кәсіпорны өткен 6 айда 4 миллиард сум пайда салығын төлеген болса, екінші жарты жылдықта кемінде осынша қаржы өзінде қалады.

Сонымен қатар ішкі базарда тең бәсеке болуы үшін экспорт өнімдері өндіріске әкелінген шикізат импорты баж салығынан босатылады. Мысалы, “Жызақ” еркін экономикалық аймағындағы “Jizzax Toshtepa Textile” кәсіпорны өнімді толық экспортқа сатады. Осы жеңілдіктің есебінен кәсіпорын әкелген 1 миллион долларлық шикізат пен жартылай дайын өнімге 2,2 миллиард сумдық кеден жеңілдігі беріледі.

Қазіргі кезде бір нәрсені анық түсініп алу керек. Біз қосылған құн салығының үздіксіз тізбегін жарату бойынша үлкен реформалар жүргізудеміз. Сондықтан арнаулы экономикалық аймақтар қатысушыларына қосылған құн салығының артықша бөлігін 7 күн ішінде қайтарып беру тәртібі енгізіледі. Мұндай тәртіп кәсіпкерлерге бір жылда орташа 350 миллиард сум қосылған құн салығын қысқа мерзімде қайтарып алу және айналым қаржыларын көбейту мүмкіндігін береді.

Бұдан тыс, шеттен әкелінген тауарлар үшін қосылған құн салығын 120 күн барысында бөліп-бөліп төлеуде кәсіпкерлерге пайыз есептелмейді және кепіл талап етілмейді.

Екіншіден, елімізде құрылыс саласында да үлкен өзгерістер жүзеге асырылуда.

Өнімнің өзіндік құнын кемейту бойынша Ташкент қаласындағы “Shah-Polan M”, Фер­ғанадағы “Farg`ona Yasin Qurilish Mollari” сияқты құрылыс материалдарын шығаратын 50-ден астам кәсіпорыннан ұсыныс келіп түскен. Мысалы, жер қойнауын пайдаланғаны үшін салық цементтің өзіндік құнында 14 пайызды, асфальтта — 10 па­йызды, құм-шағал қоспасында — 7 пайызды құрайды.

Сондықтан руда емес қазбаларда (құм-шағал, әктас, гипс, доломит сияқты) жер қойнауын пайдаланғаны үшін салық ставкасы 2 есе кемейтіледі. Соның есебінен 1,5 мыңға жуық кәсіпорынның иелігінде жылына 500 миллиард сум қаржы қалады. Мысалы, “Huaxin Cement Jizzakh” біріккен кәсіп­орны өз иелігінде қалған 27 миллиард сум қаржыны өзінің қызметін одан да кеңейтуге жұмсауы мүмкін.

Үшіншіден, біз қызметтер саласын дамытуға да баса назар аударудамыз. Қысқа мерзімде жаңа жұмыс орындарын жарататын салалардың бірі де сервис саласы саналады.

Міне, пандемия әлі де жалғасуда және бұл қызметтер саласын, әсіресе, барлығы тамақтану мен туризм кәсіпорындары үшін ауыр болғанын баршамыз көріп отырмыз.

Бұл ретте жалпы тамақтану және туризм кәсіпорындарына өткен жылы берілген жеңілдіктерді ұзарту бойынша 300-ден астам өтініш түскен. Сондықтан барлығы 13 мың жалпы тамақтану кәсіпорнын жыл соңына дейін жер және мүлік салығынан босатамыз. Бұл мүмкіндік оларға 30 миллиард сум қосымша көмек дегені. Олардың басқа салықтардан бүгінде бар 35 миллиард сум қарызы бойынша төлем мерзімдері үстіміздегі жылдың соңына дейін ұзартылады, несиелерді қайтару да кешіктіріледі.

Сонымен қатар туризм компаниялары және қонақүйлерді туристік алымдардан 2 жыл мерзімге босатсақ, не дейсіздер? Бұл — қазіргі қиын жағдайда түсімі кемейіп кеткен 2 мың кәсіпкердің иелігінде 150 миллиард сум қалады, дегені.

Төртіншіден, бүгінде 5 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы сауда операциялары бойынша дебиторлық қарызы бар.

Пандемияның себебімен осы кәсіпкерлерге айыппұл салу және қазіргі күнге дейін қолданған 6 триллион сумдық айыппұлдарды өндіру үстіміздегі жылдың соңына дейін тоқтатылады.

Бесіншіден, салық әкімшілігін оңтайландыру, салық кеңселерінің бақылау функцияларын жетілдіру бойынша қатаң шараларды жүзеге асыруымыз қажет.

Келесі жылдың 1 январынан бастап салық кеңселері өзінің электронды бағдарламалары арқылы бизнес субъектілеріне есептерді қалыптастыру қызметін жолға қояды.

Қазіргі уақытта 228 мың шағын кәсіпкерде бухгалтер жоқ. Соның нәтижесінде салық есептерін кемшілікпен тапсырған 32 мыңға жуық кәсіпкерге қаржылай айыппұл салынған.

Есептерді кешіктіріп тапсыруымен байланысты қаржылай санкцияларды қолдану тәртібі толық жойылады.

Сонымен қатар салық кеңселері қолданып жатқан кейбір айыппұлдар саны мен көлемінің артқаны мені алаңдатып отыр. Өткен жылы камералды бақылау нәтижесінде 336 кәсіпорынға 51 миллиард сум қаржылай айыппұл қолданылған болса, үстіміздегі жылдың 6 айында 3 мыңнан астам кәсіпкерге 900 миллиард сумнан астам айыппұл белгіленген.

Сондықтан Премьер-министрдің орынбасары Ж.Қучқоров, қаржы министрі Т.Ишметов, Мемлекеттік салық комитетінің төрағасы Ш.Қудбиев, әділет министрі Р.Давлетов, Бизнес-омбудсман Д.Қосимов бір ай мерзімде салық кеңселерінің камералды бақылаудың нәтижесі бойынша қаржылай айыппұл қолдану практикасын жою туралы ұсыныс кіргізсін.

Алтыншыдан, қолданыстағы ережеге сәйкес кәсіпкерлер қосылған құн салығы бойынша есеп тапсырумен бірге ондағы айырмашылықты қайтару үшін салық кеңселеріне жеке өтініш айтуға мәжбүр. Бұл — 14 мың кәсіпкердің қызметіне тікелей байланысты болып, олар үшін қосымша уақыт, артықша әурегершілік дегені.

Қаржы министрі Т.Ишметов, Мемлекеттік салық комитетінің төрағасы Ш.Қудбиев осы мәселені терең үйреніп, келесі жылдан бастап қосылған құн салығын қосымша құжаттарсыз қайтару тәртібін практикаға енгізсін.

Жетіншіден, “SAG Agro” кәсіпорнының басшысы Камол Абдуллаев, тағы басқа 200-ден астам кәсіпкер салық және кеден кеңселеріне төленген қосылған құн салығын “зачетқа” алу, яғни өзара есеп-қисап жасау мүмкіндігін сұраған.

 “SAG Agro” кәсіпорнының салық базасында 700 миллион сум артықша төлем бола тұрып, кеденде 1,4 миллиард сум төлеуге мәжбүр болған. Сол үшін келесі жылдан бастап қосылған құн салығын есепке алу және кеден кеңселерінің электронды базалары өзара байланыстырылады. Яғни салық кеңселерінде қосылған құн салығы бойынша барша артықша төлемдер кеден төлемдерін жүзеге асырып жатқанда да есепке алынады. Осы жеңілдікті 10 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануы мүмкін.

Үшінші бағыт. Кәсіпкерлерді ең көп қинаған проблемалардың бірі — жер бөлу мәселесі бойынша 4 мыңнан астам өтініш түскен.

Үстіміздегі жылы осы бағытта үлкен реформаларды бастадық. Бұл бағытта Олий Мажлис палаталары тарапынан мақұлдан­ған заңға күні кеше қол қойдым. Бұл құжаттың қабылдануы еліміздің жаңа тарихында реформалар жолындағы ең үлкен қадамдардың бірі болды, деп айта аламыз. Осы реформалардың мән-мазмұнын сала және аумақ басшылары да, кәсіпкерлер де, халқымыз да жақсы түсініп алуы қажет.

Біріншіден, жерлерді экономикалық айналымға кіргізу, оларды алып-сату және кепіл нысанына айналдыру үшін берік құқықтық негіз жаратылды.

Екіншіден, біз барлық жерді екі категорияға, яғни ауыл шаруашылығы жерлеріне және ауыл шаруашылығына кірмейтін жерлерге бөлдік.

Ауыл шаруашылық жерлері — біздің үлкен ұлттық байлығымыз, бұл азық-түлік қауіпсіздігінің негізі, қарапайым ауыл тұрғындарының күнделікті өмірі, дегені. Сондықтан бұл жерлер ашық байқау негізінде тек жалға беріледі. Байқау — әрбір жер учаскесі бо­йынша “бұл жерді алуға ең көп құқылы кім?” деген сұраққа әділетті жауап табу үшін өткізіледі.

Бұл байқауға барша — диқан да, фермер де, агрофирмалар мен кластерлер де теңдей шарттарда қатысады.

Үшіншіден, ауыл шаруашылығына кірмейтін жер алаңдары тек аукцион арқылы сатылады.

Біз соңғы бір жарым жыл барысында жерлерді аукцион арқылы ашықтық-жариялылықпен сату бойынша жеткілікті тәжірибе арттырдық. Бірақ талдаулардың көрсетуіне қарағанда, кейбір жағдайларда аукционға қойылған жер алаңдары кәсіпкерге қолайлы жерлерден емес, алыс, шалғай аумақтардан, инфрақұрылымы жоқ жерлерден берілген.

Ал жақсы жер алаңдары түрлі жолдармен әкімдердің қаулысы бойынша тікелей беріп келінгені де ешкімге сыр емес.

Бұдан былай жер алаңдары тек қана ашық-жариялы аукцион арқылы жеке меншік ретінде сатылады немесе жалға беріледі.

Көпшілікте “жер жекеменшік болды не, жекеменшік болмады не”, деген пікірдің болатыны табиғи әрине. Өйткені бізде жерге қатысты жеке меншік жойылғаннан бері 3-4 ұрпақ алмасты.

Бір нәрсені анық білу қажет: жекешеленгенімен жер алаңдары азайып немесе көбейіп қалмайды, бірақ оның нарықтық құны пайда болады. Жері бар адам нағыз меншік иесіне, капитал иесіне айналады.

Төртіншіден, көптеген кәсіпкерді өз кәсіп­орны орналасқан жер алаңының тағдыры ертең не болады, деген сұрақтың қинайтыны сыр емес. Бұл кәсіпорындардың қазір иелік ету, пайдалану немесе жалға алу құқығы негізінде иелеп тұрған жер алаңдары оларға меншік етіп ресімдеп беріледі. Яғни бұл жерді басқа адам сатып ала алмайды. Оны жекешелендіруге тек жер иесінің өзі құқылы болады. Мұнда жердің түріне қарап, оның орналасқан аумағы ескеріліп, жерлер жеңілдетілген шарттар негізінде осы кәсіпорындарға жекешелендіріп беріледі.

Бұдан кейін кәсіпкерлер жерді жоғары ликвидті актив және кепіл нысаны ретінде пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Мұндай жаңалықтар кәсіпкерлеріміз жылдар бойы күткен тарихи әділетті жүзеге шығарады деп ойлаймын.

Бесіншіден, бұдан былай мемлекеттік меншік нысандарын олар орналасқан жермен бірге, бірыңғай меншіктік кешен ретінде ауцион арқылы сатамыз.

Ғимаратты сатып алған кәсіпкерлер оған біріктірілген жерге де жекеменшік мүлік құқығы негізінде иелік етеді.

Бекітілген бағдарламаға қосымша түрде жыл соңына дейін тағы 500 мемлекеттік актив ашық саудаға шығарылады.

Сәтті пайдаланып, құрметті кәсіпкерлерімізді осы саудаларға белсенді қатысуға шақырамын.

Алтыншыдан, бұдан кейін жаңа жер алаңдарын аукционға шығарардан алдын әрбір аумақты дамыту бойынша нақты жоспарды жасап алуымыз қажет.

Көптеген өркендеген мемлекеттердің тәжірибесін үйренгенімізде, бірде-бір елде жер алаңдарын жоспарсыз беріп жіберу мүмкін еместігіне куә болдық. Алдын нақты аумақ таңдап алынып, оның “мастер-жоспары” жасалады.

Қай жерде — үй, қай жерде — мектеп, қай жерде — өндіріс болатыны анық белгіленіп, инфрақұрылымдар жарату жоспары жасалады. Содан кейін ғана жер учаскелері нақты жобамен саудаға шығарылады.

Сондықтан облыс әкімдері кадастр және сәулеткерлік кеңселерімен бірге істерді осы тәжірибе негізінде ұйымдастыруы, анық аумақты белгілеп, жоспарды бекітіп, содан соң жерлерді аукционға қоюы керек.

Сондай-ақ, әрбір облыста арнаулы қорлар құрылады да, жер алаңдарын сатудан түскен қаржы толық аудандар мен қалалардың иелігінде қалдырылып, кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жарату мен дамытуға бағытталады.

Премьер-министр орынбасары Ж.Қучқоров, облыс әкімдерімен және экономикалық кешенмен бірге үстіміздегі жылғы 1 ноябрьге дейін әрбір аумақта кемінде мыңға жуық жер алаңын сатуға шығарсын. Сонымен қатар магистралды жолдардың жағасында жоба негізінде әрбір аумақтан кемінде 200-ден жер алаңы аукционға қо­йылады.

Төртінші бағыт. 3 мыңға жуық кәсіпкер бизнес үшін қажетті инфрақұрылым проблемаларын көтерген.

Мысалы, Сырдарияда “Gulistan Gold Yarn” кәсіпорны (Шерзод Тошпулатов) көп уақыттан бері электр тармағына қосыла алмаған. Ол өндіріс аспап-қондырғыларын және өз есебінен трансформаторға дейін әкелген. Оған аздап көмек берілсе, кәсіп­орын 600 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашуға дайын.

Мұндай мазмұндағы өтініштер Қарақалпақстан Республикасынан, Қашқадария, Жызақ, Ферғана облыстарынан көптеп келіп түскен. Сондықтан біріншіден, келесі жылдың 1 январынан бастап, құны 200 миллиард сумға тең жобалар бойынша электр, табиғи газ, су тармақтары және жол ин­фрақұрылымымен байланысты мәселелерді шешу толық мемлекеттің міндетінде болады. Мұндай жеңілдік осы күнге дейін тек 50 миллион доллардан асатын шетелдік инвес­торлардың жобаларына ғана қолданылуда.

Екіншіден, келесі 2 жылда еліміз бо­йынша қосымша 200 өнеркәсіп аймағы құрылады. Олардың әрқайсысына кемінде 15 кәсіпорынды орналастыру көзделіп, электр, табиғи газ, су тармақтарына жал­ғану және жол инфрақұрылымын жарату толық мемлекеттің міндетінде болады. Осы мақсаттар үшін келесі жылы мемлекеттік бюджеттен 2 триллион сум қаржы бөлінеді.

Премьер-министрдің орынбасарлары Ж.Қучқоров пен С.Умурзоқов облыс әкімдерімен бірге осы жылдың 1 ноябріне де­йін өнеркәсіп аймақтарының орналасуын және нақты жобалар бойынша ұсыныстарын дайындасын.

Мұндай іс-шаралар Сұрхандария, Бұхара, Хорезм, Сырдария, Қашқадария, Самар­қант және Ташкент облыстарындағы аумақтық өнеркәсіптегі үлесі едәуір төмен кейбір аудандарға өте үлкен мүмкіндік жаратады.

Үшіншіден, электр энергиясындағы үзілістер көптеген кәсіпкерлерімізді қынжылтып отырғаны да шындық.

Осы мәселе бойынша әрбір аудан, қала және махалла кесімінде арнаулы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, үстіміздегі жылдың 1 ноябріне дейін 4 мың трансформаторды алмастыру, 35 шағын станция, 15 мың километрлік электр тармағын жаңалау істері соңына жеткізіледі. Бұл істерді жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылдың өзінде бірінші рет 3 триллион сум қаржы бөлгенбіз. Ал бұрын бұл істердің 10 пайызы да болмаған.

Егер талдайтын болсақ, соңғы 5 жылда электр қуатының тұтынушысы болған кәсіпкерлердің саны 25 пайызға, олардың тұтыну көлемі 30 пайызға артқан. Сондықтан электр қуатын өндіру көлемін күрт арттыру мақсатында тарихымызда бірінші рет осы салаға тікелей шетел инвестициялары мен жекеменшік бизнес кіріп келді. Нәтижеде осы жылдың соңына дейін толық жекеменшік инвестициялардың есебінен жалпы қуаты 1 мың 800 мегаватт болған 8 жылу және күн электр станциялары іске түсіріледі.

Энергетика министрлігі келесі жылдарда осы сынды жобаларды шұғыл көбейтіп, 2023 жылға дейін электр қуаты бойынша қосымша өндіріс қуаттарын 4 мың 400 мегаватқа арттыруы шарт.

Төртіншіден, электр тармақтарына қосуда үдерістердің күрделілігі, мерзімдердің ұзақтығы мен қаражаттардың жоғарылығы кәсіпкерлердің шын наразылығына себеп болуда. Мысалы, тұтынушылардың 75 па­йызы 20 киловатқа дейін қуатты электрді жұмсайтын шағын цехтар, сауда және жалпы тамақтану кәсіпорындары саналады. Бірақ оларға да дәл ірі кәсіпорындармен бірдей талаптар қойылған.

Мысалы, кәдімгі сауда дүкенін электр тармағына қосу үшін 4 басқыштан өту, 7 миллион сум қаражат және бұған кемінде бір ай уқақыт талап етіледі.

Энергетика министрлігі келесі жылдың басынан осы мәселеде жаңа қолайлы жүйе енгізеді. Мұнда электр тармағына қосылу толық электронды платформаға өткізіледі де барлық үдеріс бір басқышқа түсіріледі.

Кәсіпкерлерді электр тармағына қосу мерзімі 20 киловатқа дейінгі қуаттар үшін — 10 күн, ал 50 киловатты қуаттар үшін 20 күн етіп белгіленеді.

Егер электрмен қамту кәсіпорны істерді мерзімінде аяқтамаса, олар кәсіпкерлерге өтемақы төлейді. Бұл істер Мемлекеттік қызметтер орталықтары арқылы ұйымдастырылып, тұрақты бақылау жүргізіледі.

Жалпы алғанда, кәсіпкерлерді қажетті көлемде энергия ресурстарымен қамтамасыз ету жауапкершілігі Энергетика ми­нистрлігінің міндетіне жүктелетінін заңмен нығайтып қоямыз.

Бесінші бағыт. Экспортшы кәсіпорындарды қолдау, шағын бизнесті экспорт қызметіне кеңінен тарту барысында да бастаған реформаларымыз қатаң жалғастырылады.

Біріншіден, өткен жылы пандемия кезінде тоқымашылық кәсіпорындарына экс­порт­тан валюта түсімін күтпестен, қосыл­ған құн салығын қайтарып беру тәртібі іс жүзінде өз нәтижесін берді.

Өткен жылы 482 кәсіпорынға дерлік 2 триллион сум қайтарылған. Бұл жаңалық та жаңа тарихымызда бірінші рет болуда. Үстіміздегі жылдың 1 октябрінен бұл тәртіп барша саланың адал істейтін және ұқыпты бас­қа экспортшыларына да қатысты қолданылады.

Екіншіден, көптеген экспортшы кәсіпорындардың басты проблемасы — бұл айналым қаржының жетіспейтіні.

Бұл мәселені 300-ден астам кәсіпкерден келіп түскен өтініштерден де көруге болады. Сондықтан өткен жылы Экспортты қолдап-қуаттау қоры құрылып, экспорт үшін        1 миллион долларға дейін қаржыландыру механизмдері жолға қойылды. Бұл жүйені 200 кәсіпорын тиімді пайдаланып, қосымша 210 миллион долларлық өнімді шетке экспорттады. Енді бұл мүмкіндіктер тағы да кеңейтіліп, жылына 20 миллион доллардан астам экспорт­шы жасайтын кәсіпорындар­ға 5 миллион долларға дейін жеңілдетілген несие бөлінеді.

Үшіншіден, көптеген кәсіпкерлер жоғары сапа мен бақылау жүйесіне ие болған мемлекеттерден (Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды) сертификатталған аспап-қондырғы және шикізаттарды әкелгенінде, ұлттық сертификат алу талабы бар екеніне наразылық білдірген. Мысалы, аспап-қондырғылар мен шикізатқа сертификат алуда 2-3 миллион сум қаражат, 5-10 күн мерзім талап етіледі.

Сондықтан Премьер-министр орынбасары С.Умурзоқовтың басшылығындағы комиссия бір ай мерзімде осындай мемлекеттердің тізімін қалыптастырып, оларға сертификат берілген аспап-қондырғы және шикізаттарға ұлттық сертификат алу практикасын жою бойынша қаулы жобасын кіргізсін.

Төртіншіден, өндіріліп жатқан өнеркәсіп өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен өзіндік құнын азайту мақсатында кеден алымдары 2 есе азайтылғанынан баршаңыз хабардарсыздар.

Сонымен қатар “Milk Euro Food” (Ташкент облысы),“SDK Group And” (Әндіжан), “Wooll Teks Inter”(Ташкент қаласы) сынды кәсіпорындар қазіргі күнде әкеліп жатқан шикізат импорты үшін алым ставкалары дайын өнім­ге қарағанда жоғары екені белгілі болған. Яғни кейбір түрдегі өнімдерді өндіруге қарағанда, сырттан әкелу кәсіпкерге арзандау болуда.

Сондықтан Премьер-министр орынбасары С.Умурзоқовтың басшылығындағы Үкімет комиссиясы бір ай мерзімде шикізат және жартылай дайын өнімдер үшін импорт алымы ставкаларын азайту бойынша қаулы жобасын кіргізсін.

Алтыншы бағыт. Өнімдеріміздің бәсекеге қабілетті болуы, жаңа базарларға шығуы, жалпы алғанда, аумақаралық сауда және кооперациялық қатынастарды байланыстыруда транспорт-логистика мәселелерінің маңыздылығын сіздер бәрінен де жақсы түсінесіздер.

Осы орында транспорт дәліздерін дамыту, жүктерді кеден арқылы өткізуді оңтайландыру және цифрландыру, транспорт шығынының бір бөлігін қаптау жүйесін жол­ға қойдық. Осы жүйе арқылы, жыл басынан бері 3 мыңнан астам экспортшыға 200 миллиард сумдық қаржылай көмек көрсетілгенінің нәтижесінде дерлік 800 миллион долларлық экспорт жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін бұл кәсіпорындар тарапынан экспорт көлемін 2 миллиард долларға жеткізу бойынша жүйелі істерді дәйекті жалғас­тырамыз.

Ол үшін, біріншіден, жүк автомобильдерін алып кіруге 2 жыл бұрын кеден жеңілдіктерін бергеніміз есебінен автотранспорт­та тасымалдау қызметтері 2 есе арзандады, ал жүк көлемі 1,5 есе артты. Бірақ бұл жеңілдік 4 айдан кейін таусылады. Сондықтан 40-тан астам кәсіпкер осы кеден жеңілдіктерін ұзарту бойынша өз ұсыныстарын білдірген. Осыны ескеріп, жеңілдіктерді тағы 3 жылға ұзарту бойынша күні кеше жаңа қаулыға қол қойдым.

Екіншіден, “Polvontosh” (Сұрхандария), “Afrosiyob Parranda” (Самарқант) кәсіпорындарының басшылары ішкі және сыртқы теміржол тарифтері арасында үлкен айырмашылық бар екенін, яғни халықаралық тасымалдаулардың бағасы едәуір жоғары екенін білдірген.

Сондықтан Транспорт министрлігі, Қаржы министрлігімен және Монополияға қарсы күрес комитетімен бірге екі ай мерзімде теміржол тарифтерін қайта қарасын. Мұнда кәсіпкерлерге өзімізде өндірілмейтін шикізат импорты үшін қолданыстағы тарифтер кемінде 25 пайыз арзан болуы керек.

Транспорт министрлігі келесі жылдың 1 январынан бастап әрбір қызметтің өзіндік құнын және оның құрамын кең жұртшылыққа жариялап отырады.

Үшіншіден, теміржол саласында келесі 5 жыл үшін 7 мыңнан астам жүк вагондарына сұраныс бар. Бұл проблеманы мемлекет тарапынан емес, электр қуатын немесе цемент өндірудегідей, тек жеке секторды жұмылдыру арқылы ғана оңды шешу мүмкін.

Сол үшін келесі жылы өз вагоны мен контейнеріне ие жекеменшік логистика операторларының қызметі жолға қойылады және тарифтер екіге бөлінеді. Мұнда мемлекет тарапынан тек теміржол инфрақұрылымы мен локомотив қызметтері ғана реттеледі, ал жүк вагондарының қызметі базар қағидаттары негізінде ұйымдастырылады. Сондықтан жеке кәсіпкерлерге теміржол вагондарын әкелуге берілген жеңілдіктер 2025 жылдың 1 январына дейін ұзартылады.

Жетінші бағыт. Кәсіпкерлік қызметіне араласуларды қысқарту, саладағы тәртіп-ережелерді оңтайландыру, жеке меншік тә­уелсіздігі барысындағы саясатты қатаң жал­ғастырамыз.

Алдымен, бүгінде кәсіпкерлер үшін көзделген субсидиялар алу үдерісі күрделілігінше қалуда.

Кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау мақсатында 80-нен астам субсидия енгізілді. Өткен кезеңде оларға 2,3 триллион сум бөлінді. Бірақ мектепке дейінгі тәлім-тәрбие, халыққа білім беру, баламалы энергетика, балықшылық, құс өсіру, қаракөл шаруашылықтары сынды 10-нан астам салада субсидиялар істемей жатыр.

Аталмыш мәселені Ферғанадағы “Yulduzchalar ziyosi” жекеменшік балабақшаның басшысы Зияда Қосимова да көтерген. Оған себеп — осы субсидияларды төлеу тәртібі күрделі әрі цифрланбаған. Кәсіпкер субсидияны алу үшін орташа 5 құжатты ұсынуы, 10 министрліктен және кеңседен қорытынды алуы керек. Бұған кемінде бір ай кетеді.

Бұдан тыс, 60 пайыз мал өсірушілер субсидия алу үдерісін қиын деп санайды. Сондықтан келесі жылдың 1 январынан бастап субсидияларды бөлу бойынша өтініштер “бір терезе” қағидаты негізінде қабылданады. Бұл үдеріске қатысатын мемлекеттік кеңселердің саны 2-3 есе қысқартылады.

Екіншіден, өткен бір жылда кәсіпкерлерден талап етілетін 400-ден астам лицензия немесе 114 рұқсаттаманы жойдық. Сондай-ақ, лицензия мен рұқсат қағаз талап етілетін 33 қызмет түрі хабардар ету тәртібіне өткізілді. Қазір 30 түрдегі лицензия және рұқсаттама “онлайн” берілуде.

Келесі жылдан бастап кәсіпкерлік қызметін бастау үшін барлық рұқсат беретін құжаттар “онлайн” ресімделеді. Үстіміздегі жылдың соңына дейін лицензия немесе рұқсаттама саны тағы кемінде 30 пайызға қысқартылады.

Үшіншіден, Сырдария облысындағы “Wang Da Group” біріккен кәсіпорнының басшысы Гузал Тожимирзаева және металлургия саласындағы 30-дан астам басқа кәсіпкеріміз индукциялық пештерді пайдалануға рұқсат берілуін сұраған. Бұл өтініштерді ескеріп, осы жылдың 1 ноябрінен барлық техникалық талаптарға толық жауап беретін, заманалық индукциялық пештерді пайдалану бойынша қойылған шектеулер жойылады. Мұнда өнім сапасын қамтамасыз ету, өндірістің бірыңғай стандарттық және қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретіні сынды мәселелерге ерекше назар аударылады.

Төртіншіден, кәсіпкерлердің қызметінде өткізілетін кез-келген тексеру мониторингі және бақылау шараларында әділет нормалары мен заң үстемдігі қамтамасыз етілуі шарт. Ол үшін Сауда-өнеркәсіп палатасына кәсіпкердің разылығымен барлық тексеруге қатысу және әсерлі қоғамдық бақылауды орнату өкілеті беріледі.

Бесіншіден, бүгінде жергілікті биліктер ғимараттар мен құрылыстардың бұзылуы бойынша 349 кәсіпкерден 123 миллиард сум қарыз.

Барлық облыс әкімдерін ескертемін: осы жылдың 1 сентябріне дейін кәсіпкерлермен барлық есеп-қисаптардың соңына жеткізілуі, бір сум да қарыздарлық қалмауы шарт.

Құрметті шара қатысушылары!

Сіздер айтқан проблемалар мен ұсыныс­тар туралы жоғарыдағы бастамалар мен шешімдер бойынша қысқа мерзімде тиісті қаулылар қабылданады.

Бүгін мен сіздердің міне осы мәселелерге қатысты тағы қандай пікір-ойларыңыз, қосымша ұсыныс және сұрақтарыңыз болса, тыңдауға, талқылауға дайынмын.

Қадірлі кәсіпкерлер және іскерлер!

Біз таяу жылдарда еліміздің экономикасын одан әрі жоғарылату бойынша алдымызға үлкен міндеттерді қойып отырмыз. Оларды шешуде көпұлтты халқымыз қатары еш шүбәсіз, табанды да жанқияр кәсіпкерлерімізге сүйенеміз.

Әрине, Жаңа Өзбекстанды құрудай ұлы тарихи үдеріске сіздер, құрметті кәсіпкерлердің міндетінде де жауапкершілік пен реформаларымызға қатыстылық барған са­йын арта түсуде, десек нағыз шындықты айт­қан боламыз.

Осы ретте төмендегі мәселелерді ерекше айтып өтпекпін.

Біріншіден, біз қазіргі кескін бәсекелес­тік кезеңінде, шағын бизнеске жан-жақты жағдай жаратумен бірге орта және ірі бизнесті одан әрі дамытудың жақтасымыз.

Сол мақсатта кәсіпкерлерімізге бизнесті басқарудағы өз білімі мен дағдыларын арт­тыруы, қызметіне инновациялар мен озық технологияларды кеңінен енгізуі үшін барлық мүмкіндікті жаратуға дайынбыз.

Екіншіден, өндіріске заманалық технологияларды жұмылдыру, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өнім түрін көбейту және сапасын жақсарту, бар қуаттарды тағы да тиімді пайдалануымыз қажет.

Әсіресе, мыс және газ-химия өнеркәсіптері сынды ауыл шаруашылығының азық-түлік, жеміс-көкөніс, балықшылық, мал шаруашылығы салаларында кластер және кооперация жүйесін дамыту бойынша үлкен мүмкіндік пен ресурстарымызды іске қосуымыз керек.

Үшіншіден, өндірістің барлық бағыты бойынша белсенділікті күшейту, ол үшін импорттың орнын басатын және экспортқа сай өнімдерді көбейту арқылы, экспорт көлемін арттыру мен географиясын кеңейтуіміз қажет.

Төртіншіден, заманалық қызмет түрлерін көбейту, “ІТ”, денсаулық сақтау, білім беру, тағы басқа да бағыттарда мемлекеттік қызметтерді аутсорсинг негізінде ұйымдастыруда да жеке сектор белсенді қатысушы әрі жетекші болуы шарт.

Бесіншіден, бизнес өкілдері де өз кадрларының заманалық білімін арттыруы үшін барлық мүмкіндікті іске қосуы қажет.

Жоғары оқу орындарында оқытылып жат­қан кәсіпкерлікті және бизнесті басқару бойынша білім беру бағыттарын, оқу бағдарламалары мен әдістемелігін, практикамен үйлесімді заманалық жанасулар негізінде терең қайта қарау талап етіледі.

 Елімізге танылған, тәжірибелі кәсіпкерлеріміз мектептерде, кәсіп орталықтарында, жоғары оқу орындарында мотивация және шеберлік сабақтарын өткізсе, өздерінің мектептерін, оқу орталықтары мен базаларын ұйымдастырса, мақсатқа сай болады. Мысалы, ағалы-інілі Хасан, Хусан Мамасаидовтар осы бағытта оңды тәжірибеге ие. Ол үшін мемлекет тарапынан әрине, субсидия, тағы басқа да жеңілдіктер беріледі. Сонда өнер өкілдері, ғалымдар, спортшылар мен дәрігерлер арасындағыдай кәсіпкерлеріміздің арасында да жаңа ұрпақтар қалыптасады.

Мен Жаңа Өзбекстанда осындай көптеген кәсіпкерлер ұрпақтарының пайда болуына әрине, сенемін және оларды жан-жақты қолдап-қуаттауға дайынмын.

Алтыншыдан, адал кәсіпкерлер, ұқыпты салық төлеушілер қатарын кеңейту үстем міндет болып, бұл — жасырын экономикаға қарсы күрестің ең дұрыс жолы.

Осы жылдан бастап, жұмыс орнын жаратуда, инновацияларды енгізуде, салықтарды өз уақытында төлеуде, экспорт жасауда, жетік мамандар дайындауда баршамыз­ға үлгі болатын бизнес өкілдері туралы әр жылы “Жылдың озық кәсіпкерлері” кітабы басылады. Мұндай кәсіпкерлерімізді лайықты марапаттау және ынталандыру үшін арнаулы мемлекеттік сыйлықтарды да құрамыз. Бұдан былай кәсіпкерлердің өз ордендері мен медальдары да болады.

Ғазиз отандастар, бизнес қауымдастығы өкілдері!

Бүгінгі ашық әңгімелесуіміз баршамыз үшін өте пайдалы болды, деп ойлаймын.

Көптеген мәселелер мен проблемаларды нәтижелі шешу бойынша сіздермен іс жүзіндік шешімдерді таптық. Ең маңыздысы, арамыздағы өзара сенім мен құрмет тағы да нығайтылды. Сіздер көтерген өзекті мәселелерден, оларды шешу бойынша берілген нақты ұсыныстардан көрініп тұрғандай, кәсіпкерлеріміздің білімі мен ой-санасы өскен, көзқарасы өзгерген, жұмыс әдісі мен инновациялық жанасулары бүгін мүлдем басқаша.

Мен бұған өте риза болдым.

Бүгінгі тәжірибемізге сүйеніп, осы кездесулерді әр жылы ұйымдастырсақ, мұны жақсы бір дәстүрге айналдырсақ, сіздер қолдайсыздар ма?

Осыған байланысты бүгінгі күнді, яғни 20 августы елімізде “Кәсіпкерлер күні” деп жариялап, оны әр жылы елімізде кеңінен атап өтсек, бұл бастамаға не дейсіздер?

Осы ұсынысты қолдап-қуаттағандарыңыз үшін сіздерге үлкен рақмет!

Енді әр жылы дәл осы күні Президенттің бизнес және іскер шеңберлер өкілдерімен ашық сұхбаты өткізіледі. Бір жылдық істеріміздің нәтижелеріне қорытынды жасалып, ең озат бизнес өкілдері дәл осы күні мемлекеттік сыйлықтармен марапатталады.

Құрметті кәсіпкерлер!

Бүгін бастаған жаңа дәстүріміз кәсіпкерлік саласында жыл бойы істейтін нәтижелі жүйеге айналатынына сенімім мол. Бұған Халықты қабылдау бөлмелері және Премьер-министрдің қабылдау бөлмелері, Сау­да-өнеркәсіп палатасы, Бизнес-омбудсман мен жер-жерлердегі әкімдер жауапты болады. Сондай-ақ, жаңа құрылған Стратегия­лық даму агенттігі кәсіпкерлер мен инвесторларды қинап отырған проблемаларды, жоғарыда аттары аталған кеңселермен бірге жүйелендіреді, оларды шешу үшін нақты ұсыныстар жасап, Үкімет пен Президентке кіргізеді.

Премьер-министрдің орынбасарлары, министрліктер мен кеңселердің басшылары, әкімдер әр апта өздері жауапты болған аумақтарға барып, алдын ала жарияланған графиктер негізінде кәсіпкерлермен бетпе-бет кездесіп, олардың проблемалары мен мәселелерін шешуге көмектеседі.

Қайталап айтамын, істің көзін білетін, адамдарға еңбек ету, табыс табу үшін жағдай жарататын, отансүйгіш әрі жанкүйер кәсіпкерлерді біз әрқашан көкке көтереміз.

Президенттің талабы мен бастаған реформаларымыздың түпкі мән-мазмұны да осы.

Баршамыз міне осы талап негізінде істесек, еңбек етсек, әрине, елімізде кәсіпкерліктің дамуы мүлдем жаңа басқышқа көтеріледі.

Мен бұған сенемін, баршаңызды осы жолда өзара бірлесуге және ұйымшылдықпен әрекет етуге шақырамын.

Ғазиз отандастарым!

Осы сәтті пайдаланып, Отанымыз тәуелсіздігінің 30 жылдық құтты мерекесімен сіздерді шын жүректен құттықтап, баршаңызға денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін.

Еліміздің өркендеуі, халқымыздың жасампаздығы жолындағы ізгі де сауапты істеріңізде, сіздерге әрқашан табыс және жетістік тілеймін!

Баршаңызға үлкен рақмет!

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.