АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ЕСЕПШІ ЖАЛҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ЗАҢСЫЗ ЖАЛАҚЫ АУДАРҒАН
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының және Зеренді ауданы әкімінің, сондай-ақ аудандық әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен бейнеконференцбайланыс режимінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы тәртібінде енгізілген сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсынуды қарау бойынша кездесу өтті.
Онлайн-кездесу барысында бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның есепшісіне қатысты қылмыстық іс шеңберіндегі ақпарат кездесу қатысушыларының мәліметіне жеткізілді.
Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеу барысында мекеменің бас бухгалтері кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға ірі мөлшерде жалақыны негізсіз аударғаны анықталды.
Осыған ұқсас құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында облыс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің еңбек және қызметтік тәртібіне бақылауды күшейтуді, қызметкерлермен қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуді, сондай-ақ ведомствоішілік нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша, атап айтқанда, басшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбаны беру жауапкершілігіне қатысты тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.
Айта кету керек, жыл басынан бері өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство 67 ұсыну енгізді, оның 45%-ы әкімдіктер мен олардың бөлімшелеріне енгізілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу шараларына қарамастан, Зеренді ауданында лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілерін анықтау жалғастырылуда. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар соңғы бірнеше жыл ішінде көп. Сондықтан, бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны және тиісті алдын алу шараларын қабылдамағаны үшін басшылардың дербес жауапкершілігіне тағы да назар аударамын. Сонымен қатар, заңдылықты бұлжытпай сақтауға және мемлекеттік қызметті адал атқаруға шақырамын», - деп атап өтті кездесу барысында аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі
[xfvalue_img]