Омбудсмен ЛА 155/12 түзеу мекемесін ведомствоаралық тексеруге бастама жасады
Соңғы ай ішінде азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) атына Алматы облысындағы ЛА 155/12 мекемесі қызметкерлері тарапынан қатыгез және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттері бойынша сотталғандардың шағымдары келіп түсті.
Орын алған жағдайды анықтау үшін 2018 жылғы 28 тамызда аталған мекемеге арнайы алдын ала бару жүзеге асырылды, оның қорытындысы бойынша Алматы облысы бойынша ҰАТ тобы қатыгез қарым-қатынасты қолдану қаупінің жоғары факторларын анықтады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде ҰАТ қызметін үйлестіретін адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі Бас прокуратураға заңдылықтың бұзылуын жою және өз өкілеттіктерін асыра пайдалануға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында прокурорлық ден қою шараларын қабылдау туралы өтініш жолдады.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Бас прокурор қажетті тексеру жүргізу және тиісті шаралар қабылдау мақсатында аталған мекемеге арнайы топ жіберді, оған Бас прокуратураның және Омбудсмен мекемесінің өкілдері кірді.
Мониторинг нысанына бару барысында топ келіп түскен өтініштер аясында мекемеде қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеп, сондай-ақ шағым түсірушілерімен және колония әкімшілігімен жеке кездесулер өткізді.
Атқарылған жұмыстың қорытындысы қажетті шаралар қабылдау үшін Бас прокурорға баяндалатын болады.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі
[xfvalue_img]