Кәсіби мереке қарсаңында жас мемлекеттік қызметшілердің маңызды кездесуі өтті
Бүгін Көкшетау қаласының «Достық үйінде» 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай жас мемлекеттік қызметшілердің басын қосқан ауқымды іс-шара өтті.
«Мемлекеттік қызметтің жаңа тынысы: кәсібилік, ашықтық, әдептілік» деп аталған бұл кездесу өңірдегі жас мамандардың әлеуетін арттыру, мемлекеттік аппаратты жаңғырту, сондай-ақ қызметкерлер арасында әдептілік, адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Диалог алаңына Өңірлік кадр резервінің мүшелері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, сондай-ақ белсенді жас мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жалпы саны 40-қа жуық жас маманнан құралған қатысушылар тобы ел дамуы мен өңірлік басқару ісіндегі жаңа идеяларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрқат Батырқұлов ашып, өз сөзінде жастардың мемлекеттік қызмет жүйесін дамытудағы стратегиялық рөліне ерекше тоқталды. Сондай-ақ жиын барысында қатысушыларға «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының ережелері таныстырылды.
Кездесуде Өңірлік кадр резервінің мүшесі, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Маманов цифрлық әлемдегі мемлекеттік қызметтің болашағына қатысты өз пайымдарын ортаға салды.
Сонымен қатар, басқару ісіндегі заманауи үрдістер мен аймақтық даму тетіктері де назардан тыс қалмады. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, облыстық экология департаментінің бас маманы Аяулым Нұрлан Академияда білім шыңдау жас мамандар үшін алтын көпір болғанын жеткізсе, облыс әкімі аппаратының бас маманы Әйгерім Жақсыгельдинова өңірлік кадр резерві және заманауи қазақстандық жастардың әлеуеті тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Жиынның соңғы бөлігі ашық пікір алмасу түріндегі «Сұрақ-жауап» сессиясына ұласты. Мұнда қатысушылар спикерлерге көкейкесті сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Шара соңында кездесуге қатысқан барлық делегаттар алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ақпараты
[xfvalue_img]
