СҚО полицейлері босанғалы жатқан жас ананы патрульдік машинамен перзентханаға жеткізді
Сәуір айының алғашқы күндері сағат 19:00 шамасында «Оңтүстік» бақылау-өткізу пунктінің жанына облыс орталығынан 160 шақырымдай жерде орналасқан Есіл ауданының Ясновка ауылының тұрғындары мінген ВАЗ-2114 автомашинасы тоқтады. Полиция қызметкерлеріне 21 жастағы босанғалы жатқан қыздың әбден қобалжыған анасы келіп көмек сұрады. Әйелдің айтуынша, олар облыстық перинаталдық орталыққа асығып бара жатқан, алайда жүргізуші оған баратын жолды білмеген. «Жезқазған-Петропавл» автожолының учаскесін патрульдеп жүрген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жомарт Тасбаев пен Игорь Семин жас келіншек пен оның анасын қызметтік автокөлікке отырғызып, дереу орталыққа аттанды.
«Ауыл тұрғындары бізге дер кезінде жүгінді, жас ананы толғақ қыса бастады. Біз жарқылдауық маяктар мен арнайы дыбыстық сигналды қосып, қаланың ішімен тезірек жетуге тырыстық. Жанымдағы әріптесім жол бойы осы оқиға жайлы кезекші бөлімге және перинаталдық орталыққа хабарлады. Онда бізді медицина қызметкерлері қарсы алды. Бірнеше минуттан кейін бізге жас келіншектің қуанышты анасы хабарласып, қыз бала дүниеге келгенін айтты», - дейді Игорь Семин.
«Жігіттерге әбден ризамыз. Олар қызым екеуімізге орталыққа жетуге көмектесті. Әп-сәтте жеттік, – дейді 43 жастағы Марина Павловна. – Полицейлер мен олардың басшылығына алғысымызды айтамыз. Оларға тыныш қызмет пен зор денсаулық тілеймін».
Осындай жақсы жаңалықтан кейін полиция қызметкерлері жол үстіндегі қызметтерін жалғастырды.
Айта кету қажет, Игорь Семин өткен жылдың желтоқсан айында да дәл осылай жүкті әйелді уақтылы жеткізуге көмектесті.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]