Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі тиіс.
Қазіргі әлеуметтік дерттердің алдын алудың бірден-бір қуатты амалы ретінде рухани-адамгершілік тәрбиені жолға қою мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Бұл орайда нәтижелі қадам ұрпақтар сабақтастығы жоғалмаған, дәстүрлі құндылықтары құнсызданбаған қоғамдарға ғана тиесілі екені анық.
Зерттеулер бойынша, құндылықтардың құлдырауының басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайттар жатады. Зайырлы қоғамда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызбен, әйелдерге қатысты әлімжеттіктер толық жойылып кеткен жоқ. Бір өкініштісі сол, нәзікжандыларға қиянат, зорлық көбінесе өзінің отбасында жасалады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен солар болып табылады.
Әрбір әйел-ана – отбасының ұйтқысы. Отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін, отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны көрсетілген.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, нәзік жандарға қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған айғақ – сыйламаушылық, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған, т.б., яғни әйелдердің тыныштығын бұзатын әрекеттерге қатысты істер санының азаймауы.
2020 жылы пандемияға байланысты елімізде енгізілген төтенше жағдай режимі кезеңінде Ақжайық ауданының №2 аудандық сотымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 19 әкімшілік іс қаралып, 5 тұлғаға әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған. Ал 14 тұлғаға қатысты іс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты қысқартылды.
Жаратылысынан жүрегі кең қазақ әйелінің төзімділігімен ерекшеленетінін жоғарыдағы статистикадан байқауға болады. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де, кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайларда қазақ әйеліне тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға жол бермейді. Балаларының ертеңін, дос-құрбыларының алдында қызармауын ойлайды. Сөйтіп, «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады. Өкінішке қарай, кешірімнің қадірін білмейтін, зайыптарының жанұядағы жағдайды сыртқа шығармауға деген шыдамдылығын пайдаланған кейбір пасықтар отбасындағы теріс іс-әрекеттеріне қайта барып жатады. Ондайларға сот қаулысымен Қазақстан Республикасының 2009 жылдың 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заңын басшылыққа алып құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында №2 сот құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып, мемлекетіміздің гендерлік саясатын насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан азаматтарымыз ар-ождан бостандығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір іс-әрекетке қарсы тұратын уақыт жетті. Бұл түптеп келгенде, баршамыздың, ауыл-елдің тыныштығының, берекелі тұрмысымыздың кепілі екені анық.
Тамара Гумарова,
Ақжайық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы.
[xfvalue_img]