«Тұрмыстық зорлық – зомбылық мәселесі жайында»
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ол отбасы мүшесіне, сонымен қатар, үй, пәтерде бірге тұрып жатқан адамға немесе бөлек тұрып жатқан күйеуі не әйеліне көрсетілетін зорлық-зомбылық болып табылады. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша халықаралық-құқықтық нормалардың даму тарихына жүгінетін болсақ, зорлық-зомбылық және әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық халықтың жекелеген топтарына, мекендеу аймағы мен жергілікті жерге ғана тән емес, ол жаҺандық сипатқа ие. Таралу көлемдерінің ұлғаюына байланысты әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесінің бүгінгі күні халықаралық деңгейде маңыздылығы артып отыр.
Әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылық әрбір құрлықта әрбір мемлекет пен мәдени ортаның шешімі болып табылмаған проблемасы болып қала береді.
Зорлық-зомбылық бүкіл әлемде жалғасып келеді. Отбасындағы зорлық-зомбылық ерте және мәжбүрлі некелер, жыныстық зорлық-зомбылық және әйелдердің жыныс мүшелерін зақымдау сияқты зиянды дәстүрлерді қамти отырып, әр түрлі нысандарда көрініс табуы мүмкін. Бұл зорлық-зомбылық әлеуметтік және экономикалық санаттарына, этникалық және нәсілдік қатыстылығына, діни көзқарасына және білім деңгейіне қарамастан адамдардың барлық санаттарын қамтиды.
«Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығында «Отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны көрсетілген».
Өкінішке орай, қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған айғақ отбасы - тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеп, қорлап тиісу, кемсіту және тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты істер санының азаймай отырғандығын айтқымыз келеді.
Н.Е.Кендирбаева
Мұғалжар аудандық сотының судьясы
[xfvalue_img]
12 пікір