Солтүстік Қазақстан облысы жолдарының сапасы сын көтермейді
Петропавлда облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің төрағалығымен «Сапалы жол» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде кеңес өтті. Жөндеу және сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдардың басшыларына жауапкершілік туралы ескертілді.
Отырыста басты назар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және автомобиль жолдары саласындағы мердігерлер тарапынан салғырттыққа жол бермеуге аударылды.
«Бүгінгі таңда облыс инфрақұрылымында жалпы пайдаланудағы 9 мың шақырым автожол бар, оның 2 мыңы – республикалық маңызы бар, 7 мың шақырымы – жергілікті автожолдар. 2020 жылы облыстың автомобиль жолдарына 39,1 млрд.теңге сомасында қаражат жоспарланды. 1000 шақырымнан астам автожолдар мен елді мекендердің көшелерін түрлі жөндеу жоспарлануда. Облыстың барлық аудандары ауқымды жөндеу жұмыстарымен қамтылған», - деді Антон Федяев.
Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына, сондай-ақ кепілдік мерзімдегі объектілердің жай-күйіне қатысты шағымдар білдірілді.
«Мониторинг тобының өкілдері Жол активтерінің сапа орталығымен бірлесе отырып, 2020 жылы жол-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге үш сапар жасады. Нәтижесінде ондаған бұзушылықтар анықталды. Олардың ішінде асфальттың ені мен қалыңдығы бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, оның тығыздалуы және негізінің отыруы, жабындыда сызаттардың пайда болуы және су қанығудың төмен көрсеткіші байқалады», - деп хабарлады СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Баянғазин.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы соңғы уақытта техникалық қадағалаудың өкілін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бір ғана фактісі бар екендігін алға тартты, оның өзі лицензиясынан айырусыз.
Бұл ретте, жосықсыз мердігерлер тізілімі де жыл басынан бері толықпаған. «Заградовка ауылына кіреберіс» аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу бойынша «Крэдо СК» ЖШС-не қатысты 250 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан басқа, кеңеске Ұлттық жол активтері орталығы облыстық филиалының басшысы сөз сөйледі, ол орталықтың функциялары мен мүмкіндіктерін қатысушыларға жеткізді.
[xfvalue_img]