«ANTIKOR.LIVE": жолдарды салу, жөндеу кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Жол активтері Ұлттық орталығы" РМК филиалымен бірлесіп мердігерлік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ZOOM платформасы арқылы "Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын енгізу арқылы автомобиль жолдарының сапасын арттыру" тақырыбында онлайн семинар өткізді.
Кездесу барысында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында жолдарды салу және жөндеу кезіндегі кемшіліктерді жою және оған жол бермеу, өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
ШҚО бойынша «Жол активтері Ұлттық орталығы» РМК филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің инженері Айдос Қабылбаев Департаментпен бірлесіп өткізілген автомобиль жолдары құрылысының және жөндеу сапасын мониторингілеу қорытындыларымен таныстырды. "Сіздерден құрылыс нысандарында тұрақты бақылау жүргізіп, инженерлік-техникалық персоналға тиісінше нұсқау берулеріңізді, парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын сақтай отырып, автожолдардың сапасын арттырып, жұмысқа деген жауапты көзқарасты қалыптастыруларыңызды сұраймыз", - деді мердігерлерге А.Қабылбаев.
Департаменттің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ренат Нәбиев мердігерлерді мемлекеттік органдар мен мекемелердің лауазымды тұлғалары тарапынан бопсалау фактілері орын алған жағдайда Агенттіктің 1424 Call-орталығына хабарлауға шақырды. "Сіздердің жұмыстарыңыздың сапасынан жолдағы адамдардың өмірінің қауіпсіздігі тікелей байланысты. Сондықтан, сіз азаматтар алдындағы барлық жауапкершілікті сезініп, өз жұмыстарыңызды адал орындауларыңыз қажет", - деп атап өтті Р.Нәбиев.
Семинарға қатысушылар автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі аясында ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріп, аталған шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жалпы «Сапалы жол» жобасы – жол төсемін жөндеу және салу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әрекеттерін жоюға бағытталған жоба.
[xfvalue_img]