Заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланды
Мұғалжар аудандық сотында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға аудандық сот судьялары, аудандық прокуратура, аудандық және желілік полиция бөлімдерінің, пробация қызметінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында сот төрағасы А.Т.Анарбаев Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне, «Халықтың көші-қоны туралы», «Пробация туралы» заңдарына бірқатар өзгерістер енгізілгендігін атап өтті.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген толықтыруларға тоқталып, жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруына байланысты құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жазаның қатаңдағанын назарға салды. Төраға енгізілген өзгерістерге сәйкес, соттың ведомстволық бағыныстылығынан мемлекеттік органдарға толықтай 63 құрам, баламалы негізде 37 құрам, сонымен қатар, жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығарып тастау үшін жауапкершілікке тарту ІІМ-нің құзыретіне берілгендігін түсіндірді.
Шара соңында сот төрағасы А.Т.Анарбаев қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, заңнама талаптарын тиісті деңгейде орындап, жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Мұғалжар аудандық сотының баспасөз қызметі
[xfvalue_img]