Сот өндірісіндегі онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша татуласу және бітімге келу рәсімдерін қолдану тәжірибесі (ҚР ҚК-нің 68-бабы)
Ата заңымыз бойынша мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.
Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғануға хақы бар.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының 27-бабының 7-бөлігінде, дауды осы Заңға сәйкес, реттеу туралы келісім, іс жүргізуінде қылмыстық іс қаралып жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберілетіні және ол Қазақстан Республикасының ҚПК-де көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылатыны көзделген.
Қазақстан Республикасының ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Сондықтан, сотталушы жәбірленушімен Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңының тәртібімен татуласқан жағдайда, Қазақстан Республикасының ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылуға жатады.
Алайда аталған Кодекстің 68-бабының 4-бөлігінде осы баптың ережелері абайсызда адам өліміне әкеп соққан қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтыны көзделген.
Сот өңдірісінде онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы (абайсызда адам өліміне әкеп соққан істерден басқа) қылмыстық теріс қылықтар туралы қылмыстық істі қарау барысында сот талқылауында іс бойынша төрағалық етуші судья сотталушыға жәбірленушімен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу құқығын түсіндіріп, тараптарды татуластыруға шаралар қолданады.
Қылмыстық істермен Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.
Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жәбірленушімен татуласу жолымен жан жалды реттеу туралы келісімді білдіреді.
Сөзіміздің соңында айтарымыз, медиация атауы біздер үшін жаңа ұғым болғанымен, оның түп-тамыры қазақтың дархан даласында, қазақ халқының тарихында жатыр. Бітімгершілік қазақтан шыққан дана билердің, шешендердің билік айтуының ең озық өнегесі ретінде осы уақытқа дейін маңызын жойған жоқ. Қазақтың Төле би, Қазбек би, Әйтеке би сынды дана билері, шешендері халық арасында туындаған дауларды бітістіріп, мәмілеге келтіргені, халқымыздың бірлігін ауызбіршілігін, тұтастығын сақтап қалу үшін қаншама жылдар бойы шешімін қабылдау арқылы аяқталғаны баршамызға тарихтан белгілі.
Ендеше, медиация рәсімін қазіргі таңда кеңінен қолдану халқымыздың дана билерінен келе жатқан билік жүргізу тәсілінің дәстүрлі жалғасы болып табылады.
Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотының судьясы Мельдебаев Н.А.
[xfvalue_img]
26 пікір