Цифрлы технологиясыз алға жылжу жоқ
Соңғы бесжылдықта елімізде бұрын соңды болмаған бетбұрыс байқалады. Қоғамның барлық саласын қамтыған бұл өзгерістен сот жүйесі де шет қалған жоқ. Халықарлық талапқа жауап беретін заңдар қабылданып, сәйкесінше, сот жүйесінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалану мәселесінің түйіні шешілді. Қағазбастылық пен бюрократиялық кедергілер жойылды. Халықтың да сотқа жүгінуі кезіндегі басы артық әуре-сарсаңы азайды. Әрине, мұның бәріне ақпараттық технологиялардың көмегінсіз қол жеткізу мүмкін емес еді. Басқаша айтқанда, заманауи технологиясыз алға жылжу да, даму да, бәсекелестікке қабілеттілік те жоқ.
Мемлекет басшысы өткен жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деген Жолдауында еліміздің болашағы цифрландырумен тікелей байланысты екенін түсіндіріп, Үкіметке «Цифлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды тапсырған еді. Сот жүйесінің ақпараттық технологияларды қолдану шаралары біраз ертерек басталған. Дегенмен, бүгінгі цифрландырумен байланысты бастамалардың
нәтижелі боларына зор сенім білдіреміз. Мысалы, сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз етуде ақпараттық технологиялардың көмегі зор екенін күнделікті тәжірибеде көріп жүрміз. Елбасының судьялар съезінде жүктеген нақты тапсырмаларының арқасында сот жүйесі заманауи технологияларды енгізу бойынша алда келеді. ҚР сот жүйесінің Интернет ресурсы қалыптасып үлгерді. Сотқа жүгінушілердің талап арыздарын «Сот кабинеті» арқылы қабылдаудан бастап, тараптарды СМС хабарлама арқылы сотқа шақырту, тіпті сот процесін қашықтықтан жүргізуге дейінгі мүмкіндікке қол жеткізілді. Сондай-ақ, республикамыздың барлық жергілікті соттары мен облыстық кеңселері және оған теңестірілген соттары «Мемлекеттік органдардың біріңғай электрондық құжат айналымы жүйесіне» қосылған. Жалпы, ақпарттық технологиялардың енуі сот жүйесін заманауи әрі дамыған отыз елдің соттарымен терезесін теңеуге жол ашады деген үміттеміз.
Қайрат САРСЕКЕЕВ,
Астана қаласы мамандандырылған
ауданаралық экономикалық
сотының судьясы
[xfvalue_img]
11 пікір