Алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарау ерекшеліктері мен жаңару үрдісі
Соттың алқабилердің қатысуымен өткізілу институты Қазақстан Респбуликасында 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Енгізілген жаңаша өндіріс ең алдымен Конституцияда көрсетілген заң нормасын жүзеге асыру еді. Мәселен, ҚР Конституциясының 75-бабында «Заңмен көзделген жағдайда, қылмыстық іс жүргізу алқабилердің қатысуымен жүргізілуі мүмкін» деп көрсетілген.
2007-2009 жылдары алқабилердің қатысуымен, санкциясы өлім жазасы ретінде қарастырылған қылмыстық істер облыстық және оған теңестірілген соттарда қаралған. Ал, 2010 жылдың қаңтар айынан бастап, яғни ҚР Заңдарына енгізілген өзгерістерден кейін, мамандандырылған соттардың құрылуымен, санаты аса ауыр болған қылмыстық істер айыпталушының өтініші негізінде алқабилердің қатысуымен қарастырылатын болды.
Алқабилер соты интитуты ҚР құқықтық жүйесінде оның қоғамдық мәртебесін нығайтуға, халықтың биліктің тәуелсіз тармағы ретінде соттарға сенімін нығайту үшін қажет.
Әлемде алқабилер сотының 2 үлгісі (моделі) бар: англосаксондық және континенталды. Қазақстан романо-германдық құқық жүйесіне жататындықтан, қазақстандық алқабилер соты континенталдық үлгіге жатады. Англосаксондық үлгіде шешім кәсіпқой судьялардың қатысуынсыз, алқабилер алқасымен кеңесу бөлмесінде қабылданады. Ал континенталдық үлгіде алқабилер соты шешімді дауыс беру арқылы қабылдайды.
Жалпы, алқаби түсінігі қазақ халқы үшін жаңалық емес, әділдікті қақ жарған билердің төрелігі, дәл осы алқабилердің қатысуымен дау мәселесі де, жер мәселесіде адалдық пен әділдіктің шыңдарын бағындырған. Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазбек билердің дауларды шешу барысында дау қаралып жатқан елдің белсенділерінің қатысуымен, қандай да шешім шығару барысында олардың ой-тұжырымдары ескеріле отырып шешілетін болған. Қазіргі таңдағы заңнамамен бекітілген алқабилердің қатысуымен істерді қарау өндірісі, ата-баба дәстүрінің жаңғырығы мен жаңару үрдісі деп қарастыруға болады.
Алқабилердің сот отырысына қатысуы халықтың сот жүйесіне деген сенімінің артуының бірден бір себебі. Мәселен, алқаби мүшесі әр істі өз сана-сезімінен өткізу арқылы сенімнің арттыруына, сот жүйесінің жұмыс барысымен танысып, соттардың психикалық, физиологиялық ауыртпалығын сезінуіне үлкен септігін тигізеді. Сондай- ақ, алқабилер институты қоғамның құқықтық мәдениетін жоғары деңгейде қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Алқабилердің қатысуы сот талқылауының сапасының артуына және қорғау тарабының сотқа деген сенім деңгейінің көтерілуіне де ықпалы айтарлықтай.
Сот тәжірибесінде алқабилер мүшелері тарапынан істің алқабилердің қатысумен өткізілуіне әрдайым қолдау көрсетіп, халық пен сот біріге отырып қарақылды қақ жарып, ортақтаса жұмыс жасағандары үшін жылы лебіздері мен алғыстарын білдіріп жатады. Ал, кейбір алқаби мүшелері осындай қылмыстардың ашылуына куә болып, біріге шешім шығарып жатқандарына, яғни судьямен бірге өз төреліктерін айтып, халықтың сенімін нығайтуда.
Алқабилердің қатысуымен қаралған істердің саны әр жылда әр түрлі, мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 2017 жылы 5 қылмыстық іс алқабидің қатысуымен қаралған, оның ішінде ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармақшасы , 114-бабының 3-бөлігі, 105-бабының 1-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық істер қаралған. 2018 жылы 4 қылмыстық іс алқабидің қатысуымен қаралған, оның ішінде ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармақшасы, 96-бабының 2-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармақшасы, 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармақшасы бойынша қаралған. 2019 жылы 2 қылмыстық іс алқабидің қатысуымен қаралған, оның ішінде ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша қаралған. 2020 жылы 5 қылмыстық іс алқабидің қатысуымен қаралған, оның ішінде ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармақшасы, 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармақшасы, 99-бабының 2-бөлігінің 3-тармақшасы бойынша қылмыстық істер қаралған.
2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292-VI Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңнамасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар, яғни айыпталушының өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен қаралатын аса ауыр қылмыстарда алқабилердің құрамы 1 судья және 10 алқаби мүшесі қатыстырылады деп қарастырылған. Алайда, бұл өзгеріс пен толықтыру тек, 2023 жылдың қаңтар айының 1 жұлдызында ғана заңды күшіне енеді. Сондай-ақ, осы жоғарыда аталған қылмыстық заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қатарында алқабилердің қарауымен қаралатын баптар санының әлдеқайда көбейгендігін атап өту керек. Бұл жайт, қылмыстық істердің алқабилердің қатысуымен қаралуы оң нәтижелер бергендігінің және Қазақстан Республикасында алқабилер институтының дамып келе жатқандығының көрінісі.
Жағымды жақтың осал тұсы да болатындығы белгілі, соған орай алқаби мүшелерін кандидаттар қатарына іріктеу барысында бір қатар мәселелер бар. Атап айтар болсақ, азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігі. Азаматтардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруға бағытталған әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, құқықтық мемелекеттің құқықтық мәдениетті және сауатты азаматтарын қалыптастыру қажет. Сонымен қатар, алқабилерге бұрын-соңды мүше болған азаматтардың тізімге енгізілгені туралы база қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық іс бойынша аталған қылмыстық іс және өзінің құқықтары мен міндеттері, істің қаралу барысы, кеңесу бөлмесіндегі ережелер алқаби мүшесіне түсіндіріледі. Осындай азаматтарды бір жыл мерзім ішінде алқаби мүшесіне кандидаттар тізімінен алып тастап, бір жылдан соң қайтадан тізімге қосатын, бұрын-соңды алқаби мүшесі болған азаматтардың мәліметтері қамтылған база жасақталса деген ұсыныс бар. Ұсыныста келтіріліп отырған база арқылы кандидаттарды іріктеу және істі қарау барысы да жеңілдік тудыратыны сөзсіз.
Қажымұқан Мекемтас
Нұр-Сұлтан қаласының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы
[xfvalue_img]
24 пікір