Эксаумақтық соттылық: сот төрелігіне қолжетімділікті арттыратын мүмкіндік
Қазіргі таңда сот жүйесін жетілдіру, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету және сотқа жүгіну рәсімдерін барынша ыңғайлы ету – маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта қолданылып жүрген тетіктердің бірі – эксаумақтық соттылық.
Эксаумақтық соттылық дегеніміз – заңда белгіленген жағдайларда талап арызды немесе азаматтық істі талап қоюшының не жауапкердің тұрғылықты жеріне ғана байланыстырмай, басқа аумақта орналасқан сотқа беру мүмкіндігі. Бұл қағида сотқа жүгінушілер үшін бірқатар қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Дәстүрлі соттылық кезінде істің қай сотта қаралатыны көбіне тараптардың тұрғылықты жеріне, заңды тұлғаның орналасқан жеріне немесе даудың мән-жайына байланысты анықталады. Ал эксаумақтық соттылық сот істерін қарау кезінде жүктемені тиімді бөлуге, соттардың жұмысын оңтайландыруға және азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Мұндай тәртіптің азаматтар үшін тағы бір артықшылығы – сотқа жүгіну процесінің жеңілдеуі. Қазіргі цифрлық технологиялардың дамуы сот ісін электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік беріп отырғандықтан, тараптардың істің қаралатын сотының орналасқан жеріне физикалық түрде бару қажеттілігі де азая түсуде.
Эксаумақтық соттылық сот жүйесіндегі жүктемені теңестіруге де ықпал етеді. Кейбір соттарда істер санының шамадан тыс көп болуы сот процестерінің созылуына әсер етуі мүмкін. Істерді белгілі бір тәртіппен басқа соттарға бөлу арқылы соттардың жұмысын оңтайландыруға және сот төрелігін уақтылы жүзеге асыруға жағдай жасалады.
Бұл ретте эксаумақтық соттылық сот ісін жүргізудің негізгі қағидаттарын өзгертпейді. Сот талқылауы заң талаптарына сәйкес жүргізіледі, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қамтамасыз етіледі. Яғни, істің басқа аумақта орналасқан сотта қаралуы сот төрелігінің тәуелсіздігі мен заңдылығына нұқсан келтірмеуі тиіс.
Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі. Сондықтан сотқа жүгінетін әрбір азамат істің соттылығы, талап қою тәртібі және сотқа ұсынылатын құжаттар жөніндегі талаптарды алдын ала білгені жөн.
Қорытындылай келе, эксаумақтық соттылық – сот төрелігін ұйымдастырудың заманауи әрі тиімді тетіктерінің бірі. Оның басты мақсаты – сот жүйесінің тиімділігін арттырумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғауға қолжетімді жағдай жасау. Сот төрелігі халыққа неғұрлым жақын, түсінікті және қолжетімді болған сайын, қоғамның сот жүйесіне деген сенімі де арта түседі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Жаңақала аудандық соты әкімшісінің басшы С.Танатарова
[xfvalue_img]
