Сот саласындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі
Мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және қоғамдық тұтастықтың басты нышандарының бірі. Қазақ тілінің мемлекеттік басқару, білім беру, мәдениет және құқық салаларында кеңінен қолданылуы – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту ерекше мәнге ие.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленген. Сондықтан сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолданылуы заң талаптарымен ғана емес, қоғамдық қажеттілікпен де сабақтасады. Сотқа жүгінген әр азамат өз өтінішін қазақ тілінде беруге, сот отырысында мемлекеттік тілде сөйлеуге және сот құжаттарын қазақ тілінде алуға құқылы.
Сот төрелігінің басты қағидаларының бірі – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осыған байланысты сот процесіне қатысушы адам сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмеген жағдайда, оған аудармашының көмегі көрсетіледі. Бұл адамның өз ойын толық жеткізуіне, сотта айтылған мәліметтерді дұрыс түсінуіне және өз құқығын тиімді қорғауына мүмкіндік береді.
Бүгінде сот мекемелерінде мемлекеттік тілдегі құжат айналымын арттыру, талап-арыздар мен өтініштерді қазақ тілінде қабылдау, сот актілерін сапалы әзірлеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Мемлекеттік тілдің сот саласында кең қолданылуы қарапайым азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырады. Адам заңды өз ана тілінде түсінген кезде ғана оның мазмұнын терең қабылдап, өз құқығы мен міндетін толық ұғына алады. Сондықтан сот құжаттарының тілі түсінікті, нақты әрі сауатты болуы тиіс.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Әр азамат сотқа талап-арыз, өтініш немесе шағым берген кезде мемлекеттік тілді таңдауға мүдделі болуы керек. Ал заңгерлер мен адвокаттар азаматтарға құқықтық кеңесті қазақ тілінде сапалы жеткізуге ұмтылғаны жөн.
БҚО,Жаңақала аудандық сот әкімшісі басшысының орынбасары А.Мендалиев
[xfvalue_img]
