Алқабилердің қатысуымен істерді қарау

Алқабилердің қатысуымен істерді қарау

Алқабилер соты қазақ елі үшін жат емес. Тарихымызға үңіліп қарайтын болсақ бұрынғы кездері дауларды ауыл ақсақалдары шешсе, үлкен даулы мәселелерді билер шешіп отырған. Бұл дегеніміз халықтың билерге деген сенімінің жоғары болғанының көрінісі.

Қазіргі кезде сот жүйесіндегі демократиялық талаптарға жол ашып, сот отырысының ашықтығына қол жеткізу мақсатында алқабимен іс жүргізу енгізілген болатын.

Алқаби институты Қазақстанда жаңадан дамып келе жатырған институттардың бірі, бірақ соған қарамастан қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда алқабидің қатысуымен қаралатын істер көбейген. Бұл дегеніміз сотталушылардың қарапайым халық қатарынан құрылған сот төрешілеріне сенім артуының көрінісі екенін байқауға болады.

Алқабимен іс қарау ерекшеліктері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылады, осы жерде алқаби деген кім? Ол қалай құрылады? Қалай адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін шеше алады? Сол сұраққа тоқталсақ.

Алқаби - соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы, яғни анықтамадан көріп отырғанымыздай, алқаби бұл қарапайым халықтың ішінен іріктеліп алынған тұлға.

Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi және «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнен, «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

Алқабилерді іріктеу процесіне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесі және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады.

Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізіміне тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрғылықты жері бойынша тіркелген және «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының талаптарына сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы айқындайтын шамада енгізіледі.

Сәйкесінше Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне келесі адамдар енгізілмейді:

1) алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;

2) өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;

3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;

4) судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;

5) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне енгізіліп, бірақ дәлелді себептермен қатыса алмайтын жағдайларда алқабиге кандидаттардың тізімінен өздерінің өтініштері бойынша алып тасталынатын кездер болады, ол келесідей:

1) қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;

2) өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;

3) алпыс бес жастан асқан адамдар;

4) дiни қызметшiлер.

Заң талаптарына жауап беретін тұлғалар алқабилер қатарына өтеді және ант қабылдайды, сол сәттен бастап алқабилер алқасы құрамына кіреді.

Қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилер қатысатын сот бiр судьяның және он алқабидiң құрамында әрекет етедi, бұл дегеніміз негізгі құрам он алқабиден тұратынын, ал он бірінші және он екінші алқаби қосалқы алқаби құрамында болатындығын білдіреді.

Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленетінін айта кету керек.

Заң талабына сәйкес алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады және алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейтіні заңмен көрсетілген.

Көріп отырғанымыздай, алқаби болу үшін заң тұрғысынан бүкіл жағдай жасалған, заң нормаларымен реттелген. Сол себептен алқаби болуға халықтың ынтасын ояту мақсатында түсіндірме жұмыстар көптеп жүргізілу керек және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға деген шараларды қолға алу керек деп есептеймін.

Д.М.Гильманова

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.