«Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданысын қалай кеңейтеміз?»
Әлемде 142 тілдік отбасыларға жататын 7000-нан астам тілдер бар. Қазақ тілі түркі тілдер тобына кіретін тіл. Қазақ тілінде жер бетінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Бұдан шығатын қорытынды орыс тілі ресми тіл ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деген сөз. Конституциядағы орыс тілінің дәрежесі мемлекеттік тілдің өз дәрежесіне көтерілуіне кедергі келтіріп отыр.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі N 151 Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік органдарда, оның ішінде сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын біртіндеп артып келеді. Сот жүйесінде барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді сот жүйесінде қолдану мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қылмыстық процесте және әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейтуге мүмкіндіктер бар, ол процестік заңдарда көзделген.
Осы ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 738-бабының 1,2-бөліктеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) сот ісін жүргізу тілін өзгерту қажет болған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
Осыған ұқсас норма Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабында көзделген.
Соттарда азаматтық істерді қарау кезінде сот ісін жүргізу қағидатын қолданудың өз ерекшеліктері бар, ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабында көзделген.
АПК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Демек осы аталған бапта сәйкес талап қою қай тілде беріледі, сот ісін жүргізу сол тілмен белгілеу, тараптардың сот ісін жүргізу тілін өзгерту құқықтары қамтылған.
Алайда сот практикасында жеке сектор өкілдері, жеке практикадағы заңгерлер азаматтық процесте сот ісін жүргізу қағидатын ескермейді. Көптеген мемлекеттік емес ұйымдар сотқа талап қоюмен өздеріне ыңғайлы тілде – орыс тілінде жүгінеді, себебі орыс тілі ресми тіл, сондай-ақ олар қазақ тілін жетік білмейді. Көп жағдайларда жауапкерлер орыс тілін меңгермеген тұлғалар болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда талап қоюшы орыс тілін білмеуіне, түсінбеуіне қарамастан, соттарда олардың атынан заң көмегін көрсететін ұйымдар талап қоюды өздеріне ыңғайлы орыс тілінде береді. Сот ісін жүргізу тілі орыс тілі деп белгіленген сот отырысына орыс тілін меңгермеген талап қоюшы және оның өкілі қатысса, кейін өкіл бұдан әрі сот отырысына қатысудан бас тартса талап қоюшының құқықтары бұзылуы мүмкін.
Қорытындылай келе, мемлекет тіл – қазақ тілін қолданысын кеңейту ол мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Ақтөбе облысы, Ырғыз аудандық сотының судьясы М.М.Альмуханбетов
[xfvalue_img]
