Сот процестеріндегі гендерлік теңдік: өзгерістер мен сын-қатерлер
Қазіргі құқықтық қоғамда гендерлік теңдік қағидаты – әділ сот төрелігінің ажырамас бөлігі. Әйелдер мен ерлердің құқықтары мен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету тек заңнамалық нормалармен шектелмей, сот тәжірибесінде нақты іске асырылуы тиіс маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осы бағытта Қазақстан Республикасында соңғы жылдары бірқатар оң өзгерістер жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан Конституциясында барлық азаматтардың жынысына қарамастан тең құқыққа ие екені бекітілген. Бұл қағидат сот ісін жүргізуде де басты бағдар болуы қажет. Судьялар істерді қарау барысында тараптардың жынысына, әлеуметтік мәртебесіне немесе отбасылық жағдайына емес, тек заң талаптары мен ұсынылған дәлелдерге сүйеніп шешім қабылдауы тиіс. Мұндай ұстаным сотқа деген қоғамдық сенімді нығайтып, әділеттілік қағидатын жүзеге асыруға негіз болады.
Сот тәжірибесінде гендерлік теңдік мәселесі көбіне отбасылық және еңбек дауларында, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінде айқын көрініс табады. Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейту және жәбірленушілерді қорғау тетіктерін жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасалды. Соттар қорғау нұсқамаларын беру, жауапкершілік шараларын қолдану арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылуда.
Сонымен қатар әйелдердің сот жүйесіндегі рөлі де артып келеді. Бүгінде елімізде әйел судьялар саны жылдан жылға өсіп, олар түрлі деңгейдегі соттарда жауапты қызметтер атқаруда. Бұл үрдіс сот билігінің теңгерімді әрі инклюзивті дамуына оң әсер етеді. Әйелдер мен ерлердің кәсіби мүмкіндіктерінің тең болуы сот жүйесінің сапасын арттырып, әртүрлі көзқарастардың ескерілуіне жол ашады.
Дегенмен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында әлі де шешімін күтетін мәселелер бар. Қоғамдағы стереотиптер, құқықтық сауаттылықтың төмен деңгейі кей жағдайда азаматтардың өз құқықтарын толық көлемде қорғауына кедергі келтіреді. Осы тұрғыда сот органдары мен құқық қорғау мекемелерінің, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие.
Қорытындылай келе, сот процестеріндегі гендерлік теңдік – әділдік пен заң үстемдігінің нақты көрсеткіші. Бұл қағидатты нығайту тек сот жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң алдындағы теңдік қамтамасыз етілген жағдайда ғана азаматтардың құқықтары толық қорғалып, құқықтық мемлекет қағидаттары берік орнығады.
Орал қалалық соты әкімшісінің жетекші маманы А.Т.Жумағалиева
[xfvalue_img]
