Мемлекеттік тіл елдігіміздің-айғағы
Мемлекеттік тіл - сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында мықты ұлт қана өз мүддесі үшін күресе алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Еліміздің басты нышандарының бірі - мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90 жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу - әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу - қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы тиіс" - деп атап көрсетті. Президенттің айтуынша, қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болмақ.
Әлемнің көптеген мүмкіндігі шебер сөйлей алатын адамдардың да қолында. Өмірін түзеткісі, табысын еселегісі келетін адамдардың барлығы алдымен сөйлеу өнерін меңгереді. Қазіргі қоғамда сөйлеу өнеріне машықтандыру өзекті, сұранысқа ие. Ойын дұрыс жеткізе алатын адам қай жерде жүрсе де идеясын, қызметін де жарнамалай алады. Қазіргі таңда ең өзекті мәселе - қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, қоғамда тілдік қоры бай, ана тілінде еркін сөйлей алатын тұлға қалыптастыру. Осындай қарым-қатынаста адамдардың жан дүниесі, өмір тіршілігіндегі бейнелер көрініс табады. Олай болса, ұлтымыздың тілдік әдеп нормаларын меңгерту - отбасы, балабақша, мектептен жалғасын табуы шарт. Ұлттық болмысымызға сай рухани құндылықты дәріптейтін мағыналы да мазмұнды тілдік іс-шараларды жиі өткізіп отыруды назардан тыс қалдырмаған жөн.
Қорыта айтқанда, әлем таныған ел болу үшін алдымен мемлекеттік тілді білу, мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту мәселесі – әрбір азаматтың азаматтық парызы болып қалмақ.
Қаженов Руслан Сайфетдинұлы
Казталов аудандық соты әкімшісінің басшысы
[xfvalue_img]
