Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі рөлі
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Бұл қағида еліміздің барлық мемлекеттік органдарына, соның ішінде сот жүйесіне де тікелей қатысты. Мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану – Қазақстан халқының бірігуіне, ұлттық бірегейліктің нығаюына және қоғамдағы сенімнің артуына негіз болады.
Сот жүйесі – мемлекеттік биліктің маңызды тармағы ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету миссиясын атқарады. Бұл миссияны жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің орны ерекше. Азаматтар өз істерін мемлекеттік тілде жүргізуге, құжаттарды қазақ тілінде алуға және сот процесіне қазақ тілінде қатысуға құқылы. Бұл – заңмен бекітілген конституциялық құқық.
Қазіргі таңда елімізде сот отырыстарының басым бөлігі орыс тілінде өтетіні байқалады. Бұл жағдай қазақ тілінің сот ісін жүргізудегі рөлін арттыру қажеттілігін көрсетеді. Қазақ тілін қолдану тек тілге құрмет емес, сонымен қатар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету жолы.
Осы бағытта соңғы жылдары айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, соттарда құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру, судьялар мен сот қызметкерлерінің тілді меңгеру деңгейін арттыру, арнайы оқу курстарын ұйымдастыру, сот актілерін мемлекеттік тілде дайындау ісі жүйелі жолға қойылып келеді. Сонымен қатар, тараптарға сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу құқығы түсіндіріліп, сот процестері қазақ тілінде жиі жүргізілуде.
Мемлекеттік тілде әділ сот төрелігін жүзеге асыру – бұл тек заң талабы емес, сонымен бірге азаматтардың сотқа деген сенімін арттырудың бір жолы. Қазақ тілінде сот жүргізу арқылы біз ұлттық құқықтық мәдениетті қалыптастырып, жас ұрпаққа құқық пен тілдің үйлесімін көрсете аламыз.
Сот жүйесінің беделі мен әділдігі – сот процесінің қолжетімділігіне тікелей байланысты. Ал қолжетімділік – азамат өз тілінде сөйлеп, өз тілінде түсініктеме ала алғанда ғана толық жүзеге асады. Осы ретте, мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің кепілі.
Қорыта келе, мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі. Сот жүйесі осы рухани тіректі нығайтуда белсенді рөл атқаруы тиіс. Ол үшін соттарда қазақ тілін барынша қолдану, тілге құрметпен қарау, құқықтық құжаттарды сапалы аудару мен сот процесінің әр қатысушысына қолайлы жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Бұл – тек тіл саясаты емес, бұл – әділеттілік пен құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Ақмола гарнизоны әскери сотының судьясы Ж.С.Иммагамбетова
[xfvalue_img]

6 пікір