Конституция — Тәуелсіздік тірегі
Биыл Қазақстан Республикасының халқын бір тудың астына біріктірген Ата заңымыздың қабылданғанына отыз жыл толып отыр.
Конституция – әрбір мемлекеттің ең басты заңы. Тәуелсіз Қазақстанның Республикасының ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда ол ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, қоғам талабына сай келмеді. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде елімізде жаңа Конституция қабылданды. Жыл сайын республикада бұл күн мемлекеттің басты мерекелерінің бірі ретінде аталып өтіледі. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының Конституциясы бірнеше рет толықтырылып, 1998, 2007, 2011, 2017 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді.
Бірінші кезекте Конституция әр адамның құқығы мен еркіндігінің көрінісі, бүтін мемлекет идеологиясының келбеті болып қала береді. Біздің қоғамның әрбір азаматы өз құқықтарын, міндеттерін және ережелерін сақтап, заңдарды құрметтеуге міндетті.
Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды.
Атап айтқанда, негізгі заңнан тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесі алынып тасталды. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді. Елімізде Конституциялық сот құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар енді халыққа тиесілі.
Конституция – кез келген ұлттың іргелі қағидалары мен ережелерінің тұғыры, одан азаматтардың құқықтары мен міндеттері және үкіметтің міндеттері мен өкілеттіліктері бастау алады. Сонымен бірге, конституция саяси, экономикалық және құқықтық дамудың бағыттары мен қағидаттарын айқындайтын ең маңызды саяси стратегиялық құжат. Конституцияның негізгі қызметі: адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру әрі қорғау, сондай-ақ, заңның үстемдігі конституциялық қағидасын мүлтіксіз орындайтын демократиялық бағыттағы конституциялық институттарды құрып, нығайту.
Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.
Данара Уразаева
Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы
[xfvalue_img]

4 пікір