Қазақ тіліндегі сот процесі: тіл мен әділдік арасындағы байланыс
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленгенімен, оның сот ісінде толыққанды қолданылуы өзекті мәселе болып отыр. Сот процесі – әділдікті қамтамасыз ететін маңызды жүйе, ал тіл – сол әділдіктің айқын әрі дұрыс жүзеге асуына тікелей әсер ететін құрал. Егер сот ісін жүргізу барысында тараптардың бірі мемлекеттік тілді жетік түсінбесе немесе сот құжаттары тек басқа тілде ұсынылса, бұл азаматтардың құқықтарын толық пайдалануына кедергі келтіреді.
Сот процесінің әділдігі ең алдымен оның барлық қатысушылары үшін түсінікті болуымен анықталады. Егер тараптар өз ойларын ана тілінде еркін жеткізе алмаса немесе сот құжаттарын дұрыс түсінбесе, олардың құқықтарын қорғау қиындайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот ісі мемлекеттік тілде немесе тараптарға түсінікті тілде жүргізілуі тиіс. Алайда іс жүзінде сот процестерінің басым бөлігі орыс тілінде өтеді. Бұған бірнеше себеп бар: құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде қазақ тілін кәсіби деңгейде меңгерген мамандар жеткіліксіз, заң терминологиясын жетілдіру мәселелері әлі де толық шешімін таппаған, сондай-ақ сот ісін қазақ тілінде жүргізуге қажетті инфрақұрылым мен техникалық қолдау әлсіз. Бұл жағдай азаматтардың өз ана тілінде заң көмегін алу құқығына нұқсан келтіреді.
Сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру қажет. Біріншіден, құқық қорғау саласындағы құжаттарды қазақ тілінде дайындау ісін жүйелі түрде жолға қою керек. Барлық ресми құжаттар алдымен мемлекеттік тілде әзірленіп, қажет болған жағдайда ғана басқа тілдерге аударылуы тиіс. Бұл қазақ тілінің сот ісіндегі қолданысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, судьялар, прокурорлар, адвокаттар мен тергеушілердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін қамтамасыз ететін нақты талаптар енгізілуі қажет. Мемлекеттік қызметкерлерден қазақ тілін белгілі бір деңгейде білуін талап ету – бұл сот жүйесінде тілдік ортаны қалыптастырудың маңызды қадамы. Осы мақсатта құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде қазақ тілін жетік меңгерген мамандарды даярлау мен қайта даярлау жүйесін енгізу керек.
Үшіншіден, заң саласындағы жоғары оқу орындарында қазақ тілінде құқықтық білім беруді күшейту қажет. Жас заңгерлер мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде еркін меңгеруі тиіс. Бұл үшін заңнамалық актілер мен құқықтық терминологияларды қазақ тілінде оқытуды жетілдіру керек. Сонымен қатар, сот жүйесінде қазақ тілін дамыту үшін технологиялық шешімдерді де енгізу қажет. Сот процестерін қазақ тілінде жүргізуді жеңілдететін аударма бағдарламалары мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу – маңызды қадамдардың бірі.
Тіл мен әділдік – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Егер сот процесі азаматтарға түсінікті әрі қолжетімді болсын десек, қазақ тілінің мәртебесін сот жүйесінде нығайту маңызды. Бұл қадам тек мемлекеттік тілді дамыту үшін ғана емес, әділетті қоғам қалыптастыру үшін де қажет. Әділеттілік барлығына ортақ болуы керек, ал оған жетудің басты жолы – сот ісін жүргізуде қазақ тілінің толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету. Егер сот әділдігі мен заң үстемдігі қамтамасыз етілуі қажет болса, онда азаматтарға өз істерін өз ана тілінде жүргізу мүмкіндігін беру – әділдіктің басты шарты. Қазақ тілінің сот жүйесіндегі қолданысын арттыру – елдегі құқықтық мәдениеттің дамуына да ықпал етеді.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарылық әскери сотының бас маманы
Диас Нургалиевич Ерденов
[xfvalue_img]