eGov.kz порталында еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту тәртібі жаңартылды
eGov.kz порталында еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту қызметі жаңартылды. Енді құжаттарды рәсімдеу бұрынғыдан да жылдам әрі жеңіл: қажетті деректердің едәуір бөлігі автоматты түрде жүйеге енгізіледі.
Бұл қызмет шетел азаматтарына Қазақстан аумағында жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге арналған рұқсатты онлайн түрде рәсімдеуге немесе оның мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Өтініш беру үшін шетел азаматы алдын ала бірқатар көші-қон рәсімдерінен өтуі қажет. Атап айтқанда, шақырту алу, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеу, сондай-ақ Қазақстанның мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірінің болуы талап етіледі.
Жаңартудан кейін eGov.kz порталында пайдаланушыларға кейбір құжаттарды қолмен жүктеудің қажеті жоқ. Мәселен, медициналық анықтама (028/у нысаны) және сақтандыру туралы деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Бұл өтініш беру уақытын қысқартып, қателік жіберу ықтималдығын азайтады.
«Біз мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта ұсынуды жүйелі түрде дамытып келеміз. Еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту қызметінің жаңартылуы тексерулердің бір бөлігін автоматтандыруға және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өтініш беру кезінде қағаз құжаттар саны азайып, қызмет алу үдерісі пайдаланушылар үшін анағұрлым ыңғайлы бола түсті», – деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Даулет Бекманов.
Өтінішті толтыру және жіберу кезінде жүйе автоматты тексерулер жүргізеді. Егер сәйкессіздіктер анықталса немесе қажетті деректер жеткіліксіз болса, пайдаланушыға хабарлама көрсетіліп, кемшіліктер жойылғанға дейін өтінішті жіберу мүмкін болмайды.
Өтініш жіберілгеннен кейін қызмет көрсету мәртебесі eGov.kz порталындағы пайдаланушының Жеке кабинетінде көрсетіледі. Рұқсатты беру немесе оның мерзімін ұзарту туралы шешімді ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерімен келісілгеннен кейін аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Рұқсат белгіленген еңбек иммигранттарын тарту квотасы шегінде 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге беріледі. Қазіргі таңда қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгіну арқылы да алуға болады. Мемлекеттік қызметті алу тәртібі туралы қосымша ақпарат eGov.kz порталында және оның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланған.
Жаңарту ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Мемлекеттік кредиттік бюроның бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.
[xfvalue_img]
