«Тұғыры биік туған тіл»
Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді. Соның бірі Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза,әрі бай тілге жатады. Қазақтар - шешен әрі әдемі сөйлеудің хас жебері... Қазақтар халық әдебиетіне аса бай әрі жан-жақты», - деген. Расымен де, қазақ тілі сүбелі сөзге, мақалға, шешендік сөздерге бай. Ана тіліңмен қатар басқа халықтың тілін білу сол елдің тіліне көшті деген сөз емес, ол адамның өз-өзін шыңдауы.
Тіл тұғырының биікке көтерілгені - халық мәртебесінің жоғарылауы. Өз тіліңнің қадірін біліп, байлығым деп санасаң жеке мемлекет ішінде тіл мәселесі көтерілмес еді. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз ұлтымыздың көкке ұстар тірегі.
Егемендік алып, тәуелсіздік тәжін кигелі ширек ғасырға таяу уақыт өтіп, еліміз түпкілікті жаңару үдерісін бастан өткерді. Біз төл тарихымызды қастерлеп, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлемдегі алпауытты елдердің санатына енуді мақсат еттік. Ғасырлар қойнауынан тарихымыз, тіліміз сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі- бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі, мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі. Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті. Тіл болашағының жарқын болуы саналы да қуатты жастардың қолында. Әр халықтың тағдырына жауапты қазіргі жас буын еліміздің болашағының иесі екендігін естен шығармағаны-мыз жөн. Себебі, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Әр адамның азаматтық қасиетті- салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашыр-лық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз тұғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінінің жоғарылуы үшін әрекет ету қажеттілігі туындап отыр. Туған тіл тіліміздің мерейі үстем болсын!
Г.К.Нұрабалиева
Сырым аудандық соты
әкімшісінің бас маманы
[xfvalue_img]