Жоғарғы Сот соттың ақтау үкімін күшінде қалдырды
Жоғарғы Сот С.Нұрлыбекұлы мен М.Ықласовқа қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу органдары оларға ҚК-нің 192-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша қарақшылық шабуыл жасағандары үшін айып таққан.
Тергеу нұсқасы бойынша сотталушылар, осы қылмыс үшін бұрын сотталғандармен алдын ала сөз байласып, адамдар тобы болып, бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында әкелі-балалы болып табылатын жәбірленушілерге шабуыл жасаған. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағандарының дәлелденбеуіне байланысты сот оларды кінәсіз деп таныды.
Бас прокурор наразылығында ақтау үкімінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы іс материалдарын зерттеп, келесідей қорытындыға келген.
Одан бұрын, 2016 жылы сотпен қарақшылық шабуыл жасағандары үшін М.А. мен Н.Б. сотталған. Кінәсіздік презумпциясы бойынша ҚПК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс.
Сотталғандар тергеу барысында да, сот тергеуі кезінде де бірқалыпты жауап берген. Олар сотталғандар мен жәбірленушілерді танымайтындықтарын, тергеуде бірінші рет көргендерін айтқан.
Жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауаптарын растап, М.А. мен Н.Б-ның қасында болған жігіттерді бірнеше минут аралығында көргенін, тани алмайтынын, одан бері үш жыл уақыт өткенін айтқан.
Сот отырысы барысында сұралғандар аталған іс бойынша осыған дейін сотталғандар М.А. мен Н.Б. бұл қылмысты басқа жігіттермен жасағандарын көрсеткен.
Н.-мен беттестіру барысында осы іс бойынша бұрын сотталған Н.Б. оны бірінші рет көріп отырғанын, онымен бірге қылмыс жасаған балаға ұқсамайтынын көрсеткен. Іс бойынша құпияланған куә жауаптары заң талаптарын бұзу арқылы алынғандықтан, сот бұл айғақтарын дәлелдеме ретінде жол берілмейді деп дұрыс таныған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы осы қылмыс оқиғасына қатысы жоқ азаматтарды куә ретінде тартқан. Сот бұл куәлардың жауаптарын дәлелдемелік негізі жоқ деп дұрыс шешкен, себебі олар қылмыстың куәлары болып танылмайды және қылмыстың мән-жайы оларға белгісіз. Сонымен қатар, бұл іс бойынша тергеу әрекеттері тергеу мерзімін бұзу кезеңінде жүргізілген.
Осыған байланысты, Ы. мен С.-ға қатысты ақтау үкімі күшінде қалдырылып, прокурордың наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылды.
[xfvalue_img]