ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ РЕТІНДЕГІ ОРНЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ РЕТІНДЕГІ ОРНЫ

2022 жылғы 23 желтоқсанда Жоғарғы Сот М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ-мен бірлесіп, «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және оларды шешу жолдары» атты конференция өткізді. Конференцияға қатысушылар 27 ұсыныс енгізген болатын. Барлық көрсетілген ұсыныстардың маңызы зор, соның ішінде тоқтала кететіні бұл: 1) Барлық мемлекеттік органдардың сотқа процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жолдауын міндеттеу. 2) Құқық қорғау органдарының (полиция, тергеу, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік кіріс, қаржы мониторингі т.б) басшылары әкімшілік хаттамаларды, тергеу материалдарын, айыптау актісін мемлекеттік тілде толтыруға басымдық беруін қадағалау. 3) Тергеуші, прокурор, судья, сот төрағасы болғысы келетін үміткерлердің және жоғары тұрған лауазымдар резервіне кадрларды іріктеу, оларды мансаптық ілгерілету кезінде мемлекеттік тілді кемінде В-2 деңгейінде білуін міндеттейтін норманы енгізу.

Жалпы сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің ролі туралы айтпастан бұрын мемлекеттік тілдің мәніне тоқталуды жөн көрдім.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Себебі мемлекеттік тіл бұл – ұлттық сананың ең басты кілті. Сонымен қатар мемлекеттік тіл ұлттың жан дүниесін, рухани негізін, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі ретіндеде қаралады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу - тұрып жатырған сол елдің ұлтын сыйлау, сол мемлекет алдындағы жауаптылығыңның барын және сол мемлекетке деген сыйластығыңды көрсету деп түсінген жөн.  

Осы жерде қытайдың философы Конфуцийдың тілге қатысты айтқан сөздері еске келеді. Конфуций «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді (түсіндірілмейді). Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деп көрсеткен екен.

1995ж 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болып табылады. Ал, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» 1997ж 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы тілдердің Республикада қызмет етуінің құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды зерделеу мен дамытуға жағдай туғызудағы міндеттерін белгіледі, Республикада барлық тілдердің бірдей құрметпен қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлі бұл қазақ тiлi. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының 1-тармағы, Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 4-бабы).

Бұл жерден көріп отырғанымыз, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін. Қазақ тілі біз үшін тек мемлекеттік тіл емес, сонымен қатар ана тіліміз. Осы жерде М.Әлімбаевтың келесідей өлең жолдары ойға келеді:

Ана тілі – біздің туған анамыз!

Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.

Ана тілін бағаласақ, қалай біз

Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.

Ана тілін кім аялай білмесе,

«Анасынан безген ұл!» - деп қараңыз.

Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының 2-тармағы).

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңының 4-бабына сай Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі делінген. Бұл жерде мемлекеттік тіл тек қазақтардың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың ұлтаралық ортақ тілі екені әрбір азаматтың есінде жүргені абзал.

Аталған Заңның  5-бабына сай мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген.

Осы жерде орыс тілі екінші мемлекеттік тіл болып табыла ма деген сауал туындайды? Бұл жерде Конституцияның «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-бабының 2-тармағын келесідей түсінген жөн деп есептеймін.

Бұл мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өз өкілеттіктерін іске асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнама әркімнің де тілдердің қызмет ету саласында Конституциялық құқықтары жүзеге асырылуының механизмдерін көздеуге, соның ішінде, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өтініш беру және олардан Конституцияның 7-бабының 2-тармағын сақтай отырып — іс қай тілде жургізілуіне қатыссыз қазақ немесе орыс тілдерінде тең дәрежеде ақпарат алу мүмкіншілігін қамтамасыз етуге тиіс дегенді білдіреді.

Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілетінін білдірмейтінін естен шығармаған жөн.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде Конституциялық жолмен баянды етілуінен келіп шығатыны, қазақ тілі Қазақстан мемлекеттілігін айқындайтын факторлардың бірі болып табылады.

Мемлекетіміздің тәуелсіздігі уақытында қандай жетістікке жеттік және әлі қандай жұмыстанатын жерлері бар, соған тоқталғым келіп отыр.

Біріншіден, мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Атап айтатын болсақ қазақ тілі курстарын, мемлекеттік тілге қатысты сайыстар ұйымдастыру. Оқимын, үйренемін деген әр қазақстандыққа жағдай жасалуда, тек адамның өзінің ынтасы болуы қажет.

Екіншіден, заң тұрғысынанда мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға деген нормалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 Нормативтік қаулысы бар.

Жоғарыда айтылған Нормативтік қаулыға сай сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабында Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген.

 Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдіктіге (айыпталушыға) оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.

Нормативтік қаулының 11-1-тармағына сай сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаруға және істі мемлекеттік (қазақ) тілде қарауды жалғастыруға құқылы делінген. Бұл дегеніміз сот ісін жүргізу тілін қазақ тілінен орыс тіліне ауыстыру міндетті емес екендігін, яғни орыс тілінен қазақ тіліне ауысуға болатындығын, ал қазақ тілінен орыс тіліне ауысу көзделмегенін байқауға болады. Бұның өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындау, басымдық беру деп түсінуге болады.

Мемлекеттік тілді дамытуға көптеген шаралар қолданылып жатырсада, әлі күнге дейін мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтар мемлекетімізде өте көп. Билік басындада мемлекеттік тілде сөйлейде, жаза да алмайтын шенеуніктер бар. Тіпті өз еліміздің азаматтары дәріханадан, дүкеннен өз ана тілінде (қазақ тілінде) дәрі сұрай алмайды, таңдап тұрған азық-түлігін ала-алмайды, себебі дәріханашы, дүкенші (барлық жерде емес әрине, бірақ ондай жағдайлар жиі кездеседі) қазақ тілін білмейді, түсінбейді. Мемлекеттік тілді неге түсінбейсің деп те өзіміздің азаматтар айта алмайды, айтқан жағдайда да өзге ұлт өкілдері қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қатар қолданылады, сол себептен мен білуге міндетті емеспін деп жауап беретін кездер жиі кездеседі. Халық артық бір нәрсе айтуғада қорқады, себебі ұлт араздық жанжал туғызуға ықпал еттің деп іс қозғайма деген қорқынышта бар.

Осындай кезде кімнің құқығы тапталуда, шектелуде деп айтатын болса, әрине қазақтардың деп жауап беруге болады. Себебі қазақ өз елінде өмір сүру үшін қазақ тілін және орыс тілін білуі қажет, ал басқа ұлт өкілдеріне орыс тілін білсе жеткілікті деген тұжырым жасауға болады. Мемлекеттік тілге қатысты менсінбеушілік халық арасында көптеп кездеседі, тіпті қазақтардың арасындада. Мемлекеттік тілді қорлап сөйлейтін адамдар көп. Қазақ тілі маған керек емес, қазақ тілсіз өмір сүре аламын, бірінші кезекте қазақтардың өздері қазақ тілінде сөйлеп үйренсін деген менсінбеушілік әңгімелерде көп. Мұндай сөздердің алдын алу үшін мемлекеттік тілді қорлауға қатысты жауапкершілікті қатайту керек және әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолдануына жағдай жасалу керек.

Мақаламды қорытындылай келе мынадай тұжырым айтқым келеді: қазіргі таңда адамдар жетістікке жету үшін кемінде үш тіл білуі керек. Ең бірінші кезекте адам толықтай өзінің ана сүтімен берілген ана тілін жеткілікті білуге міндетті. Екіншіден, өзінің тұрып жатырған елінің мемлекеттік тілін білуге, үшіншіден, егерде тұлға адамзат дамуынан артта қалғысы келмесе халықаралық қарым-қатынас тілін білуге міндетті деп есептеймін.

Жазбамның соңын ақын Қадыр Мырза Әлінің келесі өлең шумағымен аяқтағанды жөн көрдім:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

Өз тілін құрметтеген халықты, басқа ұлт өкілдеріде құрметтеп, сыйлайтын болады деп есептеймін.

Д.М.Гильманова  

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

 

 

 

 

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив