Дауласудың шешімі - Медиация
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», - дейді бабаларымыз. «Көп түкірсе көл», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» дегенді де айтқан сол даналарымыз. Алайда, кейде көппен шешуді қажет ететін, бірлесіп, ұйымдасып әрекет етуге болатын істерді өз қолымыздан қожыратып алатын кездеріміз аз емес. Балалар тәрбиесін мектептің жеке міндетіне жүктеп, сыбайлас жемқорлықпен күресті тек осы іске жауапты мекемеге артып қоятынымыз да сондықтан. Соңғы кездері медиацияны дамыту бойынша жүргізілетін жұмыстар тек сот аргандарына тиесілі деген ұғым қалыптасқандай әсер қалдырады.
Әрине, істердің соттың құзырына жетпей, медиациялық жолмен шешілуі судьяларға тиімді екені рас. Сот жүктемесінің азаюы судьялардың уақытын үнемдеп, назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жүктеменің төмендеуі қазылдардың ізденуіне, жаңа заңдармен танысуына, бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жазып, қоғамдық мәселелерге үн қосуына жағдай туғызады. Ендеше, медиацияның дамығанынан бізге пайда көп. Ал, бірақ, даудың өзара келісіммен бітуі тек қазыларға ғана тиімді емес қой.
Медиативтік келісімнің жасалуы қарапайым азаматтардың да уақыты мен қаржысын үнемдеуге қолайлы. Қарауындағы қызметкердің сот әуресімен жүрмей, мәмілеге аз уақытта келуі жұмыс берушілердің де табысын еселейді. Дауласуға бүкіл күш – жігерін арнаған азаматтың жұмысқа белсенді араласпайтыны анық. Өйткені, оның бар арманы сотта жеңу ғана. Мұндай жағдайда жұмыс берушілер істің медиациямен шешілуіне қолғабыс етіп, ақыл қосса, көп түйткіл оңай тарқатылар еді. Сонымен қатар, көрші мен көршінің, әке мен баланың дауласуы ұзаққа созылса, ауылдың да берекесі кетпей ме? Дәл осындай жаман үлгінің халыққа тарамауына ынта танытқан ауыл әкімдерінің де бірлікке, татулыққа бастайтын – медиацияны насихаттауға бел шеше кіріскені жөн емес пе? Біз медиацияны дамытуға осы тұрғыдан, дәл осы биіктен қарауымыз керек.
Соңғы жылдары медиацияны жүзеге асырудың оң нәтижелері де көрініс беріп жатыр. Соның бірі болып, Сырым аудандық сотында медиация арқылы қаралған істер туралы мәліметке тоқтала кетсек, медиация бойынша 2024 жылдың бес айы бойынша жалпы алғанда – 3 азаматтық, 18 әкімшілік, 7 қылмыстық істер қаралды.
Қорытындылай келе, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмаш заң қарқынды жалғасын табу керек.
А.Ишангалиева
Сырым аудандық сотының бас маманы сот мәжілісінің хатшысы:
[xfvalue_img]